Ресурстар

Елордада 3600-ден астам оқушы онлайн білім алып жатыр

Ата-анасының өтініші бойынша

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова қала мектептерінде үшінші тоқсанда жүргізілген санитарлық шараларды мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    «Оқу жылының ең ұзақ тоқсаны үшінші тоқсанда аяқталуға жақын. Өздеріңізге белгілі 2021 жылғы 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптарының білім алушылары үшін аралас форматта оқыту ұйымдастырылғаны белгілі. Қазіргі уақытта 1-5 сынып оқушыларының 85 575 (яғни 88%) офлайн режимде оқытумен қамтылған. Ал бітіруші сыныптар (9, 11,12 – сыныптар) оқуды аралас форматта жалғастырады (пәндердің 70%-ы дәстүрлі, 30%-ы қашықтықтан)», – дейді Римма Иманғазинова.

Бұл ретте барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады, 1,5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 25 баладан аспай, ал халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушылары үшін сыныпта 15 баладан аспай отырғызылады.

Оның айтуынша сабақтардың икемді кестесі, ауысымдардың көбеюі, сабақтар арасындағы үзілістер мектептердің Қамқоршылық кеңестерімен келісілген. Ал созылмалы аурулары бар, сондай-ақ байланыста болған 3660 оқушы ата-анасының өтініші бойынша онлайн білім алып жатыр. 6,7,8,10 сыныптар қашықтықтан оқытуды жалғастыруда.

    «Барлық мектептердің кіре берісінде дезинфекциялық туннельдер, қашықтық белгілері орнатылған, сол сияқты дезинфекциялық құралдар сатып алынып, кварцтау жүргізілуде. COVID-19 сырқаттанушылықтың бір немесе екі жағдайы анықталған жағдайда сынып жабылады, үш және одан да көп жағдайда мектеп толығымен жабылады, яғни балалар қашықтықтан оқытуға көшеді. Ал мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайды. Оқушыларға мектепке еркін және ұқыпты киім киюге рұқсат етіледі», – дейді ол.