Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына академиялық дербестік беріледі. Соның аясында бірқатар өзгерістер енгізу мүмкін болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми Telegram-каналы хабарлады.
Колледждерде оқытылатын білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен жетілдіріледі, жаңартылады және нарықтағы сұраныс пен талаптарға сәйкес икемделеді.
9-сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер үшін оқу мерзімі бұрынғыдай үш жарым жыл емес, екі жылға дейін қысқарады.
11-сыныптан кейін колледжге түскендер үшін оқу мерзімі екі жарым жыл емес, 1,5 жылды құрайтын болады.
Колледждердегі білім беру грант көлемі кезең-кезеңмен ұлғаяды.
Биыл «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Жобаның қорытындысы бойынша әрбір өңірде материалдық-техникалық базасы, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары бар кемінде 7 заманауи колледж жұмыс істейтін болады.