Үкімет ШОБ-ты және экономиканы қалай қолдайды?
Пандемия біздің шағын және орта бизнеске (ШОБ) баса көңіл бөліп, шағын өндірісті дамыту керектігімізді айқындап берді. Сонда ғана ішкі ақша айналымы артып, елдің экономикалық қуаты өсе бастамақ. Әйтпесе, ахуал қиын. Былтырдан бастап бұл секторға белсенді қолдау жасала бастады. Мемлекет ШОБ-ты салық жүктемелерінен және жалға алу ақысынан босатты, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие бере бастады.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ведомство ШОБ-ты қосымша қолдау шараларын қарастыруда. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, ШОБ-ты қолдау үшін зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтар мен төлемдерді төлеу кейінге қалдырылды.
Бұл норма 500 мың кәсіпкерге қатысты. Салық пен төлемдерді кейінге қалдырудың болжамды сомасы – 67 млрд теңге.
Сондай-ақ, салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылады. Бұл 374 млрд теңге берешек сомасы бар 90 мың бизнес субъектісін қамтуға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігі басшысы аталған кейінге қалдыру шаралары 2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында әрекет ететінін атап өтті.
«Сондай-ақ, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен электрондық шот-фактураларды ресімдеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру 2021 жылғы 1 шілдеден 1 қазанға ауыстырылады. «Атамекен» ҰКП мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында ШОБ кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау кезеңін ұзарту мәселесі пысықталды» деді министр.
Жалпы құны 425,5 млрд теңгеге 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісіне қолдау көрсетілмек.
«Субсидиялау мерзімін 2021 жылғы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін анықтау ұсынылады. Субсидияларды бағалау құны 8,8 млрд теңге. Барлық жоғарыда айтылған қолдау шаралары бойынша қажетті заңнамалық түзетулер әзірленді» дейді Ерғалиев.
Мемлекеттің осыншама қаражат бөліп, қолдау көрсетуі әсте тегін емес. Себебі, пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан отандық экономикадағы маңызды бөлікке айналған – ШОБ-ты серпілту, сол арқылы экономиканың өзге салаларына жан бітіру басты стратегиялық жоспарға айналып отыр. Былтыр ел экономикасының 2,6 пайызға құлдырап кеткені белгілі. Экономиканы тұрақты әрі белсенді дамыту мақсатында ұлттық даму жоспары да бекітілген еді.
Министр ұсынған дерекке сүйенсек, Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасының жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған. Бұл дегеніңіз жалпы ішкі өнімнің 9 пайызы. Ал Ресейде жалпы ішкі өнімнің 4 пайызы көлемінде қаржылық қолдау көрсетілген.
«Пандемия мемлекеттің қоғам мен экономика өміріндегі рөлін арттырды. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекеттік институттардың тиімді жұмысы маңызды рөл атқаратынын түсіндік. Мәселен, көптеген азаматтар жұмысынан айырылды немесе ақысыз еңбек демалысына жіберілді, ал олардың шығындарын мемлекеттік жәрдемақы ғана жауып берді. Ондай жағдай Қазақстанға ғана тән емес, АҚШ, Еуропа, Жапонияда да тура осылай болды. Нәтижесінде цифрландыру, инновациялық өсім, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік, жасыл экономикаға ұмтылыс ерекше қарқынмен алға жылжыды» дейді Ерғалиев.
Министрдің айтуынша, Қазақстан 2025 жылға таман шикізаттық емес тауарлар экспортын 41 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында белсенді қолдау көрсетілетін болады. Қолға алған барлық шаралар сәтті жүзеге асар болса 2025 жылға таман шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін азаматтар саны 3,5 млн-нан 4 млн-ға дейін жетіп, жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесі 30-дан 35 пайызға артпақ. Бұл ретте экономикадағы мемлекет үлесі 14 пайызға дейін қысқарады деген де болжам бар.
Дегенмен түйткіл де жоқ емес. Мәселен, «Ақжол» партиясы пандемия аяқталғанша бизнеске несие каникулын беру керек деп санайды.
«Қазіргі несие келісімшарты аясындағы жай ғана несие төлемін кейінге шегеру проблеманы шешпейді, керісінше одан ары тереңдете түседі. Кейінге қалдыру мерзімі біткен соң жинақталған төлем сомасын банктер негізгі қарызға қосады, ал қалған мерзімнің төлемі тек көбейе береді. Бір жылдың ішінде-ақ кәсіпорындардың айналымы 5-6 есе қысқарып кеткендіктен бұл олар үшін үлкен қауіпке айналып отыр. Сондықтан біздің партия төлемді кейінге шегеріп қана қоймай, ШОБ-қа ағымдағы төлемдердің мөлшерін сақтау үшін несиелік келісім шарттың мерзімін автоматты түрде ұқсас мерзімге ұзарту құқығын ұсынады. Екінші ұсыныс – сол мақсатта банктерге кейінге қалдырылған төлемдерді қарыздың негізгі сомасына айналдыруға тыйым салу, бұл үшін бастаманы жай ғана кейінге қалдыру емес, зардап шеккен ШОБ секторлары үшін несиелік демалыс деп жариялау қажет» деді Азат Перуашев премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Бұл ретте олар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін сынға алады. Олардың айтуынша, аталған агенттік бизнес қашан құлдырауға ұшырайды деп күтіп отырмай, былтыр жазда немесе күзде жағдайды бағалап, президент тапсырмасын орындауға кірісуі қажет еді.
Наурыз айында кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама негізінде 4 бағыт, 24 шарадан тұратын кәсіпкерлерді қолдау пакеті бекітілген еді. Соның аясында 1 сәуір – 1 шілде аралығында жалақы қорынан барлық салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыруды енгізуді қамтитын кәсіпкерлік қызметті ынталандыру жөніндегі қосымша шаралар кешені қабылданады. Сонымен қатар банк займдары, зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілерінің несиелері бойынша да төлемді кейінге қалдыру ұсынылады.
Салық және кеден қарызы бойынша да төлем талап ету тоқтатылады. 12 сәуірге дейін бизнесті салықтық ынталандыру бойынша заңнамалық түзетулер пакеті үкіметке ұсынылуы тиіс.