«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі елімізде табысы төмен азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталғанын жария етті.
Бағдарламаның негізгі талаптары мен шарттары мынадай:
Сіз әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрсаңыз және келесі мәртебеге ие болсаңыз:
- Көпбалалы отбасы;
- Толық емес отбасы
- Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы.
Бағдарлама шарттары:
- Заем мөлшерлемесі жылдық 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);
- Ең төменгі бастапқы жарна – заем сомасының 10%-ы;
- Заем мерзімі 20 жылға дейін;
- Заем сомасы 15 млн теңгеге дейін;
- Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент,
- Ақтау, Атырау қалаларында – 15 млн.теңгеге дейін;
- Заем сомасы басқа аймақтарда – 10 млн.теңгеге дейін.
Не сатып алуға болады:
-
Жаңа салынған үйден жаңа пәтер;
-
Қолданыста болған пәтер;
- Жеке тұрғын үй.
Ескере кетер жағдай, тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады.
Табыс қандай болуы керек?
Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі күнкөріс минимумынан (КМ) артық болмауы керек (2021 жылы КМ – 106 336 теңге).
Кіріс ретінде не ескеріледі?
Сіз негізгі кіріс көзі болған жағдайда несие ала аласыз. Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Егер сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда сіз қосымша табысты қосып есептей аласыз.
Негізгі кіріс:
- Айлық жалақы;
- Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және т.б.);
- Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс;
- Тұрғын үй төлемдері;
- Шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда).
Қосымша кіріс:
- Зейнетақы және зейнетақы аударымдары (негізгі кіріс болған жағдайда);
- Экологиялық төлемдер;
Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.
Отбасында алты адам болса, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін ең жоғарғы табыс келесідей болады:
6 адам х 62 366 теңге = 374 196теңге.
- 2 адам үшін айына 124 732 теңгеден артық емес;
- 3 адам үшін айына 187 098 теңгеден артық емес;
- 4 адам үшін айына 249 464 теңгеден артық емес;
- 5 адам үшін айына 311 830 теңгеден артық емес;
- 6 адам үшін айына 374 196 теңгеден артық емес;
- 7 адам үшін айына 436 562 теңгеден артық емес.
Егер сіз өтінім берген кезде жұмыссыз болсаңыз немесе кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тартуыңызға болады.
Есептеу мысалы:
Егер пәтер бағасы мен заем сомасы 10 млн теңге болса, онда бастапқы жарна (заем сомасының кем дегенде 10 пайызы) – 1 млн теңге болады. Заем мерзімі – 19 жыл. 8 жыл алдын ала заем төлейсіз: ай сайынғы төлем – 52 700 теңгеден. 11 жыл тұрғын үй заемын төлейсіз: ай сайынғы төлем – 36 000 теңгеден.
Егер бастапқы жарнаны 10 пайыздан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем бұдан да төмен болады.
Бағдарлама бойынша үйді қалай алуға болады?
Әкімдікте кезекте тұру.
Ол үшін сізге әкімдікке барып, кезекке тұрып, отбасы мәртебесін (көпбалалы отбасы, толық емес отбасы немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы) растайтын құжат алу керек.
Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту.
Келісім-шартты «Отбасы банкінің» кез келген бөлімшесінде немесе сізге ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерге келетін кеңесшінің көмегімен бекітуге болады. Кеңесшіні www.hcsbk.kz сайтындағы «Сіздің кеңесшіңіз» бөлімі арқылы немесе ұялы телефоннан 300 нөміріне хабарласып шақыра аласыз (қоңырау шалу тегін). Келісім-шарт бекіту үшін жеке куәлік жеткілікті.
Төлем қабілеттілігін бағалаудан өту.
Ол үшін келесі құжаттарды тапсыру керек:
• Отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік берген құжат;
• Кәмелеттік жасқа толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері және балалардың туу туралы куәліктері;
• Неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік;
• Соңғы 6 ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосалқы заемшының атына берілген құжаттар.
Атыңызда несие бар болса, ол төлем қабілеттілігіңізге әсер етуі мүмкін.
«Басқа несиелер бойынша уақтылы өтелмеген қарыз болса, оларды жабуға кеңес береміз. Бастапқы жарнаңыз және төлем қабілеттілігін бағалауға арналған құжаттарыңыз болса, екінші, үшінші және төртінші қадамдарды біріктіре аласыз. Мұны банк бөлімшесінде ғана жасауға болады» делінген банк хабарламасында.
Тұрғын үй таңдау кезеңінде – таңдаған үйіңізді кез келген бағалау ұйымы арқылы бағалатып, сатушыдан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының көшірмелерін алу қажет. Жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін және құқық белгілеуші құжаттарды төлем қабілеттілігі расталған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт ішінде тапсыру керек.
Әрі қарай заем рәсімдеуге мақұлдау алу үшін жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін, құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелерін алып, банк бөлімшесіне келіп, заем ресімдеуге және таңдаған үйдің кепілі бойынша мақұлдау алу керек.
Мақұлдау алған соң нотариуста сатушымен сатып алу-сату келісім-шартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсатын (қажет болған жағдайда) алу қажет.
Банкке жылжымайтын мүліктің сатып алу-сату келісім-шартын және жұбайыңыздың кепілге рұқсатын өткізгенен кейін банк заемы туралы келісім-шарт бекітіп, Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста кепілді тіркеу керек. Осыдан соң заем беріледі.
Өтініш беру үшін:
- www.hscbk.kz сайтына кіру керек;
- Сайттың басты бетінде немесе Қолжетімді баспана бөлімінде – «Бақытты отбасы» тармағын таңдап – өтініш жіберу пернесін басыңыз;
- Пайда болған терезеде ЖСН және телефон нөмірін енгізу керек;
- Өтінім беруді смс-хабарламада келген кодпен растау қажет;
- Өтінімді растағаннан кейін, өтінім нөмірі бар СМС – хабарлама келеді, міндетті түрде сақтап қойыңыз.
Сайт арқылы өтінімдер 26 мамырға дейін қабылданады.
Мемлекеттік бағдарламаларға тек бір рет және тек бір бағыт бойынша қатысуға болады.