Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биыл құрылысы ұзаққа созылған бірнеше үй қолданысқа берілетінін, соның нәтижесінде 7 мың үлескен баспаналы болатынын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құрылысы ұзаққа созылған әр нысан бірнеше көппәтерлі тұрғын үй кешендерінен тұрады, бұл жұмыс көлемін едәуір арттырады. Ал әр объектіде жүздеген үлескер бар.
Бүгін «Бағыстан» және «Алтын шар 2» нысандарына бардым. Онда 1112 үлескер баспана күтіп отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл үйлердің құрылысы қайта басталды. Дегенмен құрылыс қарқыны тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан үйлерді пайдалануға беру кестесін жаңартуды, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырдым. Барлық кедергілер алынды, бірқатар мәселе шешілді, енді құрылыс компаниясы жұмыс қарқынын үдету қажет. Бұл екі тұрғын үй кешенінің құрылысын биыл аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Мысалы, «Бағыстан» тұрғын үй кешені бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Инвесторларды тартып, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді іске қосып, «GLB» үй құрылысы комбинатының жұмысын қайта жандандырдық. Сондай-ақ жол салынды, бағдаршамдар орнатылды және т. б. жұмыстар қолға алынды.
«№1, 3» позицияларда витраждар, терезелер орнатылды, инженерлік желілер тартылды (су, электр, жарық, кәріз). «№1» позиция бойынша жұмысшылар ішкі әрлеуге кірісті. Осы айда аталмыш позиция бойынша кілттерді беруді тапсырдым. Ал қалған позицияларды осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырдым.
Ауа райы жақсарып келеді, сондықтан аумақты абаттандыруға кірісуді тапсырдым.
«GLB» үй құрылысы комбинатының мәселесін шешу «Алтын шар» тұрғын үй кешенінің құрылысын қайта жандандыруға көмектесті. Алдымен «Алтын шар 2», содан кейін «Алтын шар 3» кешенін тапсырамыз.
ҮҚК несие берушілер мен кәсіпорын қызметкерлері алдында шамамен 600 млн теңге қарызы болған. Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында қарыздар өтеліп, зауыттың жұмысы қайта жанданды. Бұл шаралардың барлығы үлескерлерге көптен күткен пәтерлерін тапсыру үшін қабылданды. Сонымен қатар ҮҚК әлеуметтік тұрғын үй құрылысына да қатысып жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзақ құрылыстар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бір жарым жыл ішінде ұзақ құрылыс саны екі еседен астам азайды. Осы жылы көптен күткен пәтерлердің кілтін тағы 7 мың үлескерге беруді жоспарлап отырмыз», — деп жазды елорда әкімі.