Елімізде жыл сайын қыс мезгілі мен көктемгі су тасқынынан кейін жол жамылғысын жақсарту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар басталады.Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
«Казахавтодордың» қызметкерлері еліміздің жолдарында 10500-ге жуық жол белгілері мен 2500-ден астам шақырымдық маркерлерді, 410 ақпараттық панельді және 32 мыңға жуық сигналдық штангаларды орнатады.
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 600 мың шаршы метр жолды жөндеу жоспарланған.
Бұл кезде 4 мың шаршы метрден астам шу белдеуі, 500-ге жуық жол буфері, 51 мыңнан астам шағылыстырғыш және 33 жарықдиодты жол белгілері орнатылады.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда 40 мыңға жуық сызықтық метр қоршаулар мен 180 автокөлік павильондарын жөндеу жоспарланған. Жалпы биыл жолшылар 14 бағытта жұмыс жасайтын болады.
Барлық жұмыстар жол жамылғысының ақауларын жою, сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді мақсатты бағдарлама аясында жүзеге асырылатын болады.