Жаңалықтар

Табыстан қағылған әуе компанияларының ендігі жағдайы не болмақ?

Сала мемлекет қолдауына мұқтаж

Негізгі табысы жолаушылар ағынына тікелей тәуелді авиация саласы 2020 жылы пандемиядан қатты зардап шекті. Бүкіл рейс атаулы тоқтаған кезде, бір компаниялар жүк тиеп жан бақса, енді бірі репатриациялық рейстер есебінен ұпайын түгелдеуге тырысып бақты. Бірақ соның өзі дәтке қуат бола қоймаған сияқты.

2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында отандық әуе компанияларының табысы 2019 жылмен салыстырғанда екі есе құлдыраған. 2019 жылы әуе нарығы ұжымдары 403 млрд теңге табыс тапса, 2020 жылы 187,7 млрд теңгемен шектелген. Жалпы, бұл бізде ғана емес, бүкіл әлемге тән болып отырған қиын ахуал. Әуе транспорты халықаралық қауымдастығының (IATA) деректеріне сүйенер болсақ, 2020 жылғы жолаушылар ағыны 2019 жылғы көрсеткіштен 75,6 пайызға төмен болған. Ішкі сұраныс айналдырған бір жылда 48,8 пайызға бір-ақ төмендеген. IATA құлдырау биыл да жалғасады деп болжап отыр.

2021 жылы авиация саласының таза шығыны 47,7 млрд долларды құрауы ықтимал. Компаниялардың жекелеген көрсеткішіне мән берген кезде де олардың әжептәуір ұтылыста қалғанын бағамдар едік. Air Astana әуе компаниясы 2020 жылы небәрі 33,1 млн доллар табыс тапқан. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 81 пайызға төмен көрсеткіш.

Qazaq Air әуе компаниясы болса жыл басталар мезетте межелеген жоспарлы табыстың 40 пайызынан қағылып, табыс деңгейі 5 пайызға төмендеген. SCAT әуе компаниясының да жолаушылар тасымалы екі есе қысқарған. Орындалмаған рейс билеттерін 100 пайыз қайтарып беру де компанияның қаржылық ахуалын төмендеткен. Бұл шамамен 1,8 млрд теңге көлеміндегі ақша екен. Компания баспасөз қызметінің дерегі бойынша, былтырғы тікелей шығын мөлшері – 12 млрд теңге.

Компаниялар 2021 жылдың алғашқы үш айында әуе тасымалы оң динамика көрсете бастағанын айтады. Былтыр қаңтар-наурыз аралығында әуе компаниялары 69,7 млрд теңге тапса, биылғы үш айдағы көрсеткіш – 61,7 млрд теңге. Табыстың көп бөлігі жолаушылар тасымалына тиесілі екен: 57,5 млрд теңге. Жүк тасымалдаудан түскен табыс 4,1 млрд теңгені құраған. Energyprom мәліметінше, жыл басталғалы үш айда әуе компаниялары 1,9 млн жолаушы тасыған. Бұл былтырмен салыстырғанда 11,5 пайызға жоғары көрсеткіш болып саналады. Бұл ретте жолаушылар айналымының 11,1 пайызға қысқарғанын да айта кету керек.

«Наурыз айында компаниялар 727,7 мың адам тасымалдады. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 29,6 пайызға көп, ал 2020 жылдың наурызымен салыстырғанда екі есе жоғары. Жолаушылар айналымы наурыз айында 1,1 млрд жолаушы шақырымды құраған. Ақпанмен салыстырғанда 34,6 пайызға көп. Жыл басынан бері 6,7 мың тонна жүк пен багаж тасымалданған. Бұл ақпанмен есептегенде 63,5 пайызға, былтырғы жылдың наурызымен салыстырғанда 73,3 пайызға жоғары көрсеткіш» делінеді Energyprom дерегінде.

Жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтық авиация бойынша қосалқы комитетінің онлайн отырысында Air Astana компаниясының бірінші вице-президенті Айдар Қошқарбаев ішкі бағыттар бойынша қосымша құн салығына нөлдік ставка енгізу туралы және лизингке алынған ұшақтар үшін қолданылатын бөлшектерге салық жеңілдіктерін ұзарту туралы ұсыныс айтқан болатын.

Бұл ұсынысты SCAT әуе компаниясы да қолдайды. Азаматтық авиация бойынша қосалқы комитет төрағасы Дәулет Хамзин дәл қазіргі таңда отандық авиация саласы мемлекеттік қолдауға аса мұқтаж дейді.

«Үкімет қабылдаған мемлекеттік қолдау шаралары авиация саласына ішінара қолдау көрсетті. Алайда саладағы тым нашарлап кеткен экономикалық жағдайды оңалтуға әсер ете алған жоқ. Негізінен шағын және орта бизнес қолдау тапты. Ал әуе компаниялары мен әуежайлар мемлекет көмегін тұтынатын тізімнен тыс қалды. Соның нәтижесінде авиация саласында қызмет көрсететін кәсіпорындарға тек мүлік және жер салығы бойынша ғана жеңілдік жасалды. Тіпті кейбір өңірлердегі әуежайларда жұмысшылар жұмыстан қысқарып, жалақы уақытылы берілмей, қажетті техникалар дер уақытында сатып алынбай қалды. Өз кезегінде бұл әуе сапарларының ұшу қауіпсіздігіне орасан зор зиян келтірді. Сондай-ақ әуежай аумағында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің жалға алу ақысын төлеуден босатылуы да бізге ауыр тиді» дейді Дәулет Хамзин.

Оның айтуынша, 2020 жылғы ауыр дағдарыстан авиация саласы есеңгіреп қалды десе де болғандай. Әлемдік жолаушы ағыны – 60, Қазақстандағы жолаушы ағыны 40 пайызға төмендеп кеткен. Елімізде транзитті жолаушылар ағыны 85 пайызға азайған. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы рейстер саны 50 пайызға теріс нәтиже көрсетті.

«Дегенмен 2021 жылы аз да болса оң динамика байқалады. Ірі әуежайларда ішкі жолаушылар ағыны 20 пайызға ұлғайды. Бірінші тоқсанда халықаралық жолаушылар ағыны 60 пайызға қысқарды. Әуе транспорты халықаралық қауымдастығының дерегі бойынша 2020 жылы әуе компанияларының табысы 118 млрд долларға қысқарды, ал әуежайлардың табысы 111 млрд долларға қысқарды. Бұл ретте Қазақстандағы әуе компаниялары 55 пайызға табысын жоғалтса, әуежайлардың шығыны 4,4 млрд теңгені құрап отыр. Елде вакциналау науқанының басталуына байланысты жолаушылар ағыны ұлғаяды деген үміт бар» деді Хамзин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пандемияның былтыр авиация саласына орны толмас шығын алып келгенін, дегенмен қазіргі таңда компаниялар мен әуежайлар қалыпты жұмыс режиміне қайта оралғанын айтқан еді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды модернизациялау жүргізіліп жатыр. биыл Шымкент терминалының құрылысы, Орал, Өскемен, Үшарал, Үржар қалаларындағы әуежайларды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. 2021 жылы Түркістан қаласындағы жаңа әуежай пайдалануға берілді. Ол жерден Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Стамбұл қалаларына рейстер орындалады» деді вице-министр.