Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне вакцинаның екінші компонентін салдыру уақытын нақты анықтап, халықтың сұрауы мен қалауына назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, вакциналау барысы туралы – денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы облыс басшылары баяндама жасаған.
Қазіргі таңда Қазақстанда COVID-19 бойынша ахуал сәл-пәл жақсарып келеді екен. Вирустың репродуктивті индексі 0,98 құрайды. Аурухана төсектері – 36%, реанимациялық төсек орындар 28%-ға толы. 6 өңір: Нұр-Сұлтан, және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары «қызыл аймақта» тұр.
Бүгінде Қазақстанда вакцинаның бірінші компоненті 1,9 млн адамға, екінші компоненті шамамен 800 мың адамға салынды. Қоймалар мен медициналық мекемелердегі көлем жеткілікті. Вакциналау кесте бойынша жүргізілуде.
«Өңірлерде вакциналауды арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын. Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс» деді А. Мамин.
Премьер-министр шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өткен.
«Ashyq» қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызметтер көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі де кеңейту қажет» деп атап өтті А. Мамин.
Айта кетейік, алғашында «Спутник-V» вакцинасының екінші компоненті біріншісінен кейін 21 күннен соң салынатын. Кейіннен санитар-дәрігерлер вакцинаның екінші дозасын 90 күнге дейін салдыруға болады деп мәлімдеді.