Алматының ТЖД балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Самат Асаинов өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында жаз маусымында өрттің алдын алу себептері мен әдістері туралы айтып берді.Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.
ТЖ департаментінің өкілі келтірген статистика бойынша тұрғын үй секторында жиі өрт болған.
«Көбіне отты абайсыз пайдалану және балалардың тентектігі өрттің шығу себептеріне айналады. Ата-анасының қарауынсыз қалған балалар өрттің болуына себепкер болуда, оған мысалдар жеткілікті», — деді Самат Асаинов.
Брифингтің жалғасында Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Самат Асаинов балалардың терезеден құлап кету жағдайлары туралы айтып берді.
«Бірнеше секундқа ғана үлкендердің қарауынсыз қалған сәби терезеден құлауы, жарақат алуы, тіпті қайтыс болуы әбден мүмкін. Мұның себебі – үлкендердің жауапсыздығы!», — деді ТЖ департаментінің өкілі.
Самат Асаинов балаларды көзден таса етпеуге, терезелерге блокираторлар, торлар орнатуға, москит торларына сенбеуге, жиһазды баланың терезе жақтауына шыға алмайтындай етіп алыс орналастыруға кеңес берді.
Қазіргі кезде ТЖД қызметкерлері көпқабатты үйлердің аулаларын аралап, тұрғындарға таратылатын жадынамаларды әзірледі. Құтқарушыларға Jas Otan жастар қанатының және ҚР Қызыл Жартыай қоғамының еріктілері көмектесуде.