Ресурстар

Еңбек мемлекеттік бағдарламасына 233 мыңға жуық адам қатысты

174,8 мың адам жұмысқа орналастырылды

Ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 232,7 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы) қатысушылары болды. 174,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 80,2 мыңы – тұрақты жұмысқа. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 5 мың адам жіберілді.

Өз ісін ашу үшін 473 адам жеңілдікті микрокредиттер, ал 7,2 мыңы қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 99,9 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 13,2 мың адам; жастар практикасына – 8,4 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 78,3 мың адам.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 607 отбасы немесе 1935 адам қоныс аударды, оның ішінде 888 адам еңбекке қабілетті жаста. Оның ішінде 593 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды және 35 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.

Қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ал ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды.

Бұдан басқа, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден құрамында 5,8 мың адамы бар 1,8 мың отбасы қоныс аударды.