Қазақстандық домбырашылар халықаралық байқауда үздік атанды

Жарияланды
Дуэт «Golden Time Talent» жүлдесін иеленді

Құрамына жиырмадан астам елдің үздік музыканаттары енген қазылар алқасы қазақстандық домбырашылар өнерін жоғары бағалады. Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз карантин жағдайына байланысты онлайн өткен байқаудың ақтық мәресінде Вивальдидің «Жыл мезгілдері» композициясын авторлық өңдеп,  домбырада ойнаған еді.

Домбырашылардың теңіз жағасындағы әсерлі видеосын ұлыбританиялық мамандар таспалады. 

«Сүйінші, Қазақ елі! «Golden Time Talent» байқауында бірінші орын біздікі» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Темірлан Олжабай. 

Оның айтуынша, шетелдік байқау ұйымдастырушылары қазақстандық өнерпаздарға келісімшарт ұсынып үлгеріпті. Короновирус инфекциясына қатысты жағдай тұрақталып, шекара ашылған соң, отандық дуэт әлемдік гастрольге аттанады. 

Айта кетейік, бұл шығармашыл жастардың алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін АҚШ-та өткен халықаралық байқауда да қазақстандық таланттар алтын медаль иеленген еді. Дәл осы байқауда олар «Golden Time Talent» ұйымдастырушыларының көзіне түсті. 

2017 жылы құрылған топ  бұған Димаш Құдайбергенмен бірге қытайлық «I’m a Singer» байқауында өнер көрсеткен Аз уақыт аралығында Түркия, Израиль мен Еуропаның бірқатар қаласындағы концертке қатысып, шетелдік тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөлене білді. 

«Біздің асыл қазынамыз – қазақтың күйлері. Сондықтан халықаралық байқаудың ақтық мәресіне жолдама алу үшін Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиевтің туындыларынан попурри орындадық. Одан бөлек, заманауи бағыттағы музыкаларды домбырамен орындап, өзіміз де ән жазамыз» дейді Темірлан Олжабай. 

Жастар бар білгенімен бөлісу үшін домбыра мектебін де ашты. Мұнда ұлттық аспапты меңгеруге ниеттілерге арнайы сабақтар өткізеді. 

 

Сондай-ақ оқыңыз