Ресурстар

Медициналық сақтандыру туралы жұмыс берушілер не білуі керек?

Қазір елімізде медсақтандыру міндетті

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жұмыс істейді. Азаматтар сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеу арқылы, медициналық қызметтерді тегін тұтына алады. Әрине, сол жарнаның сауатты,дер уақытында аударылуы өте маңызды. Бұл ретте жұмыс берушілер де, жұмысшылар да өз құқығын білуі тиіс. Материалда жұмыс берушілер білуі тиіс негізгі міндеттерін атап өтпекпіз. Әрине, бұған қызметкерлер де ерекше назар аударғаны, сол арқылы өз жұмыс берушісінен талап ете алғаны маңызды. 

Жұмыс беруші ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне неліктен қатысуы керек?

  • Жұмыс беруші ұйымды медициналық сақтандыру жүйесіне қатыстыру арқылы, өз қызметкерлерінің медициналық көмектің барлық түрін, оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар.  
  • Егер ұжымдағы азамат сырқатқа шалдықса, қымбат ем-дом жасау қажет болғандықтан, ол ұзақ уақыт сырқатына байланысты демалыс алуға мәжбүр болады. Бағасы шарықтап тұрған медициналық қызмет құнын өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан жұмыс беруші мен еңбек ұжымынан көмек сұрайды. Бұл барлық тараптардың шығынын арттыратыны сөзсіз. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сырқатты емдеу, күту мен оңалтуға кететін шығындарды Медициналық сақтандыру қоры өз мойнына алады. 
  • Жұмыс беруші мен жұмысшының жарнасы бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіндегі бастапқы бөлікті (звеноны) кеңейтуге, ауруханаға түсу фактілерін төмендету мақсатындағы профилактикалық шараларды арттыруға жұмсалады. Нәтижесінде тиімді емханалық-амбулаториялық көмек есебінен жұмыскерлердің жұмыстан қалу уақыты азаяды.
  • Өкінішке қарай, қазір нарықтағы жұмыс берушілердің бәрі бірдей жұмысшыларына әлеуметтік пакет, соның ішінде медициналық сақтандыру қызметін ұсына алмайды. Оны тек жоғары білікті мамандарды тартудағы басымдық ретінде пайдаланатын ірі компаниялар саны шектеулі ғана. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін аталған әлеуметтік пакет еңбек нарығына қатысушылардың бәріне қолжетімді болмақ. Бұл өз кезегінде кадр мәселесін шешіп береді. 
  • Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі  артықшылығы – жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығынан туындайтын өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік беруінде. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 млн астам адам жұмысқа уақытша қабілетсіздігіне байланысты еңбекке жарамсыздық парақтарын алады екен. Әр жұмыскердің күн сайын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіретінін (немесе қызметін көрсететінін) ескерсек, жұмыс берушілердің жыл сайынғы шығыны 370 млрд теңгеге жуықтайды. 
  • МӘМС шеңберінде сапалы алғашқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етпек. 

Медициналық сақтандыру жүйесіне жұмыс берушілер аударатын төлем көлемі:

  •   2020 жылғы 1қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан)  2% болса, 
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 3%-ын құрайды.

Жұмыс берушінің жарна төлеу тәртібі зейнетақы қорына жарна аудару тәртібіне ұқсас. Жұмыс беруші әр есептік айдың 15-іне дейін өз қызметкерлеріне аударылған жарна жөнінде мәлімет беруі тиіс. 

Төлемді кез келген екінші деңгейлі банктер немесе Қазпочта бөлімшелері арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына аударуға болады Жұмыс берушілер үшін төлем белгілеу коды (ТБК) – 121.   

Одан әрі мемлекеттік корпорация медициналық сақтандыру қорына төлемдерді өзі бөледі. Сонымен қатар, жұмыс беруші 2019 жылдан бастап қарамағындағы жұмыскердің айлық жалақысынан 1 %, 2020 жылдан бастап 2 % ұстап, қорға аударып отырады. Аударым/жарна төленетін ай сайынғы табыс ең төменгі жалақының 15 еселенген сомасынан аспауы тиіс.

Табыстың мынадай түрлерінен сақтандыру төлемдері мен жарналар алынбайды: 

•    Қызмет бабындағы іс-сапарларға төленетін өтемақы және қызмет бабына қарай; 
•    Барып-келіп істейтін жұмыстар үшін төленетін жол шығыны;
•    Егістікте жұмыс істейтін жұмыскерлерге төленетін қосымша ақы;
•    Жұмыскерлерді жеткізуге, оқу мен оқу құралдарының ақысын төлеуге және бюджет есебінен алынатын өтемақыға қатысты шығындар;
•    Еңбек демалысына қосымша сауықтыру үшін төленетін жәрдемақы, медициналық қызмет ақысына арналған төлемдер, бала туғанда, (жақыны) қайтыс болғанда берілетін 8 төменгі айлық жалақы шеңберіндегі көмек ақша; 
•    Стипендия;
•    Сақтандыру сыйақысы

Жұмыс беруші әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына жататын жұмыскерлер  үшін, сондай-ақ, әскерилер, арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жарна төлеуден босатылады.