Ресурстар

Жыл басынан бері елдегі қылмыс 2,5%-ға азайды

Қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды

Жыл басынан бері елдегі қылмыс 2,5%-ға азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының нақты тапсырмасы бар. Әрбір мемлекеттік орган ашық болуы керек. Ал олардың бағасын халық береді. Үш жылдан бері ішкі істер органдарына үлкен реформа жүріп жатыр. Жыл басынан бері елдегі қылмыс 2,5%-ға азайды. Қарақшылық шабуыл жеті пайызға, тонау –22%, бұзақылық–26%-ға қысқарды», – деді министр Ерлан Тұрғымбаев. 

Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы, қоғамдық орындар мен көшелерде және мас күйінде жасалатын қылмыстар төмендеді.

  «Қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басты назар аударылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «жұртқа жақын полиция» жоспары іске асуда. Осы жұмыс шеңберінде тұрғын үй айналасында, саябақтарда және скверлерде жаяу патрульдің саны көбейтілуде, қалалардың аса криминогендік учаскелерінде заманауи полицияның модульдік бекеттері орнатылуда. Сол бекеттерде азаматтарды тәулік бойы қабылдап, қызмет атқару үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ «полицияны шақырту» дабыл жүйесі орнатылған. Арызданып келген азамат, тікелей кезекші бөлімге хабарласа алады», – деп хабарлады Е. Тұрғымбаев.

 Модульдік бекеттер орнатылған аудандарда құқықбұзушылықтар саны қысқарды. Қазір өңірлерде осындай 57 бекет бар. Жылдың соңына дейін тағы 27 салынады. Бес жыл ішінде барлығы 167 бекет орнату жоспарлануда.