Қырғызстан Қазақстаннан құс және құс шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты шектеулерді алып тастады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қырғыз Республикасына еліміздің бірқатар облыстарынан құс және құс шаруашылығы өнімдерін жеткізуге байланысты бұрын енгізілген уақытша шектеулерді алып тастау бойынша жұмыс жүргізді.
Қырғыз Республикасының Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қазақстандағы жоғары патогенді құс тұмауын оқшаулау бойынша, сондай-ақ жоғары патогенді құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралары туралы берген ақпараттарының негізінде 2021 жылғы 14 маусымдағы № 8 Қаулысымен бұрын енгізілген шектеулер жойылды.
Қаулы мәтініне сәйкес Қырғызстан аумағына еліміздің Ақмола, Алматы (Қарасай ауданы), Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан құс және құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге қайтадан рұқсат етілді.