Алматыда алдағы уақытта 13 мың адам жұмысқа орналасады

Жарияланды
Әкімдіктегілер жұмыссыздық мәселесін «Еңбек» бағдарламасы арқылы шешпек

Карантин кезінде көптеген қала тұрғыны жұмыс таба алмай қиналғаны анық. Енді Алматыда жұмыспен қамту мәселесі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен шешіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты.
 
Шенеуніктің айтуынша, халықтың осал топтарын қорғау –  мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі функцияларының бірі. Сондықтан қалада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.
 

Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 13 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 800 адам жастар практикасынан өтсе, 960 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 6 мыңын қоғамдық жұмыстарға жібереміз. Сондай-ақ мыңға жуық адамға грант беру қарастырылған, сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқытуға тағы мың адамды жібереміз және 115 алматылыққа шағын несие береміз әрі басқа да көптеген қолдау шараларын ұсынамыз» деді Д. Әлкебайұлы.
 

Осы ретте ұсынылатын мамандықтар ауқымы кең, ЖОО, колледждер, кәсіптік лицей түлектері де, зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтар да, білімі жоқ адамдар өздеріне ұнайтын тұрақты жұмыс таба алады.
 
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 25 мың адам өтініш берген. Жұмыспен қамту шараларымен 17,3 мың қала тұрғыны қамтылды. Оның ішінде 7,7 мың адам тұрақты жұмысқа тұрса, уақытша жұмыс орындарына 8,3 мың адам жіберілген.
 

Сондай-ақ оқыңыз