Швейцарияның іскерлік топ өкілдерімен өткен кездесу барысында мемлекет басшысы «Швейцария Конфедерациясы – Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі, екі мемлекет арасындағы тауар айналымы былтыр дағдарыс кезінде 1,7 миллиард доллар болды» деді. Сонымен қатар мемлекет басшысы Швейцария құрама командасының футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында жақсы ойын өрнегін көрсеткенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда сайты.
«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделген. Бүгінгі кездесуді Швейцария Президенті Ги Пармеланмен бейне байланыс арқылы өткен жуырдағы келіссөздің конструктивті жалғасы ретінде қарастырамын. Біз сауда байланыстарымызды, инвестициялық ынтымақтастығымызды нығайту үшін жұмыс істеуге, аталған салалар бойынша жетістікке қол жеткізуге уағдаластық. Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақыттан бері Швейцария экономикамызға 30 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы, тіпті, былтырғы дағдарыс кезінде 1,7 миллиард доллар болды» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанда Швейцария капиталының қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына тоқталды.
«Қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызда белгілі бір жетістіктер бар деп санаймын. Сонымен қатар мұны одан әрі дамыту үшін әлеуетіміз де жеткілікті. Қазақстан тікелей инвестиция тарту үшін еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы болуына барлық мүмкіндікті жасайды. Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі мемлекет. Біздің мақсатымыз – аймақтағы жетекшілік орнымызды сақтап қалу. Сонымен қатар экономикамызды әртараптандыруға байланысты мәселелерді шешуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда экономиканы көміртегінен ада етуге, жасыл технологияларға, қоршаған орта мен қаржы саласын қорғауға байланысты жобаларға басымдық беріледі.