Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев әкімдік қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттарын беруге 2 млрд теңге бөлгенін хабарлады.
Бұл ақша екі мыңдай алматылықтың «Отбасы Банкінен» жеңілдетілген ипотека алғанда бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға жетеді.
Сондай-ақ, Данияр Қырықбаевтың айтуынша, тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағыттары бойынша, тегін әрі қайтарымсыз 1 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек ретінде беріледі.
«Сертификатты кезекте тұрған 1 мен 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасылар алады» деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Бұл сертификатты алу үшін кезекте тұрған азаматтар алдымен төлем қабілетін растауы тиіс. «Отбасы банктің» тексерісінен өтіп, банк тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған соң, қажетті құжаттары мен өтінішін Тұрғын үй саясаты басқармасына тапсырады. Басқарма үш жұмыс күні ішінде құжат пен сертификат беру шартына сәйкестігін тексереді.
Сертифика алуға қажетті құжаттар тізімі:
– нысан бойынша өтініш;
– өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
– соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;
– жұмыс орнынан анықтама;
– Банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.
Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй заемына мақұлдау алған әрі табысы бойынша талапқа сәйкес келетін азаматтарға беріледі: соңғы жарты жылдағы табысы отбасының әрбір мүшесіне айына 106 336 теңгеден аспауы тиіс.
Тұрғын үй сертификатының мақұлданған сомасы «Отбасы банкте» кезекте тұрғандардың жинақ шотына аударылады. Банк сома түскеннен кейін сертификат иесімен қарыз шартын немесе ипотекалық шарт жасайды.
Д.Қырықбаевтың айтуынша, Алматыда тұрғын үй сертификаттарын алуға үміткерлер көп. Тұрғын үй саясаты басқармасының айтуынша, бүгінде қалада 9 313 азамат баспанаға мұқтаж. Олардың ішінде 1 мен 2 топтағы 2 758 мүгедек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы санатына жататын 1 462 адам, 1 890 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 3 203 көпбалалы отбасы бар.