Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы қашан бітеді?

Жарияланды
Асқар Мамин құрылысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы 2022 жылдың соңына дейін бітуге тиіс. Алты жолақты айналма жолдың құрылысы 2018 жылы басталған. 66 шақырымдық  жол Алматы маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандары аумағынан өтеді. Негізі биыл құрылыс аяқталуы керек еді.  Кеше Алматыға жұмыс сапарымен келген Асқар Мамин  автомобиль жолы салыну барысын тексеріп, құрылысты келер жылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

 ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік негізінде қолға алынған ірі инфрақұрылымдық жоба. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құрайды. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады. Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қойылды.

Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.

Алматы қаласының төңірегіндегі ұзындығы 66 км және алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жол айрықтары мен эстакадалар салу көзделген.
 

Сондай-ақ оқыңыз