Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ skills.enbek.kz қысқа мерзімді онлайн курс оқыту порталын іске қосты. Қазірдің өзінде 70 шақты автор өз курстарын ұсынуға дайын.
Портал – маркетплейс (қызметтер нарығы) қағидаты бойынша онлайн курс ұсынатын халықаралық оқыту алаңының қазақстандық баламасы. Ресурс жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру, мансаптық дамуын ынталандыру және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында құрылды.
Бұл порталда қазақстандық авторлар мен әзірлеушілер аспаздық және кулинария, заң және бухгалтерлік қызметтер, құрылыс, қонақүй және мейрамхана ісі, іс жүргізу, IT, SMM салалары бойынша курстар ұсынады.
Кез-келген азамат https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz Электронды еңбек биржасында «Онлайн оқытуды» таңдап, қажетті курсын оқып, біліктілікті арттыру курсынан өте алады.
Курс авторлары мен әзірлеушілері – қазақстандық заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, соның ішінде оқу орталықтары, білім беру ұйымдары. Олар қазірдің өзінде курстарды орналастыру үшін тегін алаң ұсынуда, онлайн оқытуды дамытуға жәрдемдесуде, қосымша кіріс көзін алуда порталдың артықшылықтарын көріп отыр.
Жаңа бастаған авторлар мен әзірлеушілер үшін порталда онлайн курстарды құру бойынша әдістемелік ұсынымдар және оларға қойылатын талаптар әзірленді және орналастырылды.