Банк пен қаржы

Естелік банкноттар да заңды төлем құралы

Естелік банкнотты қабылдамаған кәсіпкерлер айыппұл арқалауы мүмкін

Естелік купюралар да заңды төлем құралы. Оларды басқа банкноттар секілді банк операциялары мен  аударымдар кезінде және төлемнің кез келген түрі бойынша қабылдауға міндетті. Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 206-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды Ұлттық банк. 

Қазақстан Ұлттық Банкіне  номиналы 1000 теңгелік «Күлтегін» естелік  банкноттарын дүкендерге өткізе алмаған азаматтар хабарласады. 

«Егер сізден бұл банкноттарды қабылдамаса, Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш білдіруіңіз қажет. Банкнотты қабылдаудан бас тарту фактісін  бейнежазбаға түсіруді немесе жазбаша негіздеме талап етуді ұсынамыз» делінген хабарламада. 

«Күлтегін» банкнотымен қатар, атаулы күндер мен оқиғаларға арналған естелік  банкноттардың басқа да түрлері айналымда  бар. Олардың барлығы да заңды төлем құралы. 

Оларды ЕДБ мен «Қазпошта» АҚ-тың барлық бөлімшесінде, сондай-ақ ҚҰБ филиалдарында ауыстыруға және айырбастауға болады. Ол банкноттар  табиғи тозығы жеткенде ғана айналымнан  алынады. 

Естелік  банкноттардың толық тізімі, сондай-ақ Ұлттық Банк филиалдарының мекен-жайы мен байланыс деректері  туралы ақпарат ҚҰБ сайтында орналасқан.