Қымбат мұнайдан қайыр бар ма?

Жарияланды
Қаржы нарығындағы ахуал құбылмалы

Мұнай бағасы соңғы уақытта қайта өсе бастады. Қара алтын қазір барреліне 74-75 доллардан сатылып жатыр. Негізгі экспорттық әлеуетін мұнай құрайтын біз сияқты елдер үшін бұл жағымды құбылыс. Десе де мұнай бағасының көтерілуі теңгені неге күшейтпейді деген сауал да туындайды. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан теңге бағамы бір доллар үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. 

«Мұнай нарығында қазір жағымды жаңалықтар басым болғандықтан, ол баррель бағасына әсер етеді. Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет 75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель үшін 75 доллар белгісінен асып түсті. Қоймалардағы қордың төмендеуі және қозғалысқа қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жаз мезгілінде сұраныстың ұлғаюын күткен инвесторлардың үміті мұнайдың белгіленген бағасының өсуін қолдап отыр. Дегенмен бірқатар ішкі факторлар теңгеге тежеуші әсерін беріп отыр.  Біріншіден, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде «тыныш аймақта» болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады. Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылуда» дейді Молдабекова. 

Сонымен қатар ҰБ өкілі Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің  артуы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы екенін айтады. 2021 жылғы қаңтар-мамырда орташа көлемі сауда-саттық бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 млн АҚШ долларына дейін өскен. 

Былтырмен салыстырғанда биыл қаңтар-сәуірде импорт көлемі де артқан. Өндіріс құралдары мен азық-түліктік емес тауарлар импортының өзі 11,4 млрд долларға жетіпті. Шеттен әкелінетін тауарлардың 40 пайызы Ресейдің еншісінде екен. 

Оның сөзінше, маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталған. Бұл да валюта бағамына әсер ететін елеулі фактор: Яғни, бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін акционерлердің дивидендтерін валютаға конвертациялайды. Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұраныс артады.

«Валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен де қолдау табуда. Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес» дейді Әлия Молдабекова. 

Дәл қазір қаржы нарығындағы ахуалды құбылмалы деп бағалай аламыз. Вакциналау қарқынының артып, бизнес-процестердің пандемия зардаптарына бейімделуі жағдайдың оң бағыт ала бастағанын аңғартады. Бір жағынан вирустың мутацияға ұшырап, түрлі штаммдардың пайда болуы, адамзаттың әлі де болса COVID-19-бен белсенді күрес жүргізіп жатқаны тәуекелдерді арттыра түседі. 

Әлия Молдабекова теңге бағамына әсер ететін негізгі үш факторды атайды. 

«Біріншіден, бұл мұнай бағасы – негізгі экспорттық тауар және ішкі валюта нарығындағы ұсынысты анықтайтын фактор. Мұнай нарығы құбылмалы болып қала береді, өйткені ОПЕК+ мүшелері өндірісті ұлғайту және 2022 жылғы сәуірден кейін мәмілені ұзарту туралы келісе алмады. Екіншіден, бұл дамушы елдердің валюталарына деген жалпы нарықтық сентимент. Біздің ойымызша, дамушы елдерге инвесторлардың қызығушылығы коронавирусқа қатысты жағдайдың дамуына және АҚШ ФРЖ-нің монетарлық ынталандыруларын азайту жөніндегі одан әрі іс-қимылдарға байланысты қалыптасады. Дельта штаммының таралуына байланысты дамушы елдерде – Бразилиядан Ресейге дейін, Индонезиядан Жапонияға дейін тағы бір агрессивті COVID-19 өршуі байқалады. ЕО мен АҚШ-тан вакциналардың экспорты алдағы айларда осы елдерде вакциналаудың қажетті деңгейіне қол жеткізуге байланысты айтарлықтай өседі, бұл дамушы нарықтар үшін маңызды фактор болуы мүмкін» дейді Молдабекова. 

Сарапшы халықаралық ұйымдардың болжамы оптимистік бағытта екенін айтады. Мысалы, Дүниежүзілік Банк әлемдік экономиканың өсуін 4,1 пайыздан 5,6 пайызға дейін, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі өзі қатысатын өңірлерде – 3,6 пайыздан 4,2 пайызға дейін өседі деп болжайды. Өз кезегінде Ұлттық банк те жаһандық ІЖӨ-нің тез өсуі мен экономикалық белсенділіктің жандануы есебінен әлемдік экономиканың өсу перспективаларына оптимистік көзқараспен қарайды.
 

Сондай-ақ оқыңыз