Мүгедектігі бар адамдардың құқығы 1,9 мың рет бұзылған

Жарияланды
7,4 млн теңге айыппұл салынған

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар тексеру жүргізіп, мүгедектігі бар азаматтардың құқығы алты ай ішінде, 379 әлеуметтік инфрақұрылым нысанында 1918 рет бұзылғанын анықтаған. 

Ведомство баспасөз қызметі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдары бұзылғанын хабарлайды. 

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет және көліктік қызмет көрсету салаларындағы нысандарда заңбұзушылықтарды анықтау бойынша, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан 469 бақылау іс-шарасы өткізілген. Осы орайда 312 тексеріс жоспарлы алдын алу-бақылау аясында және 157-сі азаматтардың өтініштері негізінде жоспардан тыс жүргізіліпті. 
Тексеру қорытындысы бойынша ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңының 1603  рет және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңның 315 рет бұзылғаны  анықталған. 

Бұл ретте 1,5 мыңнан астам заңбұзушылық мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына, мәдени-ойын-сауық ұйымдары мен спорт ғимараттарына кіріп-шығуын қамтамасыз етпеумен байланысты болып отыр.

Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жоюға 379 нұсқама берілді, олардың 71-і бойынша жалпы сомасы 7,4 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз