Ақылы жолдан күніне қанша қаражат түседі?

Жарияланды
Көліктен түскен қаражат қандай жұмыстарға жұмсалады

Алматы облысында ақылы екі жол учаскесі бар. Олар «Алматы-Шелек-Қорғас» және «Алматы-Қапшағай-Талдықорған» жолы. Бұл жолдар жүк көліктерінің жүктемесіне төтеп беру үшін бетоннан жасалған. Бұл туралы  ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ЖШС-нің «Алматы-Қорғас» ақылы жол бөлігінің басшысы Марат Сырымбай бұл бағытта жүретін көліктен күніне 1 млн 400 мың теңгеге жуық қаражат түсетінін айтады.

 «Алматы-Қорғас» ақылы тас жолы 2018 жылы пайдалануға берілген. 295 шақырымды тас жол бірінші дәрежелі 1Б жолына жатады. Күніне 400 мыңнан астам көлік жүреді. Ақылы жолдың тарифі 1-25 теңге аралығында. Жеңіл көліктер 1 шақырымға 1 теңге төлесе, жүк көліктеріне баға басқаша. Ақылы жолдың осы аумағынан күніне 1 млн 400 мың теңге қаражат түседі, – дейді ол.

Сондай-ақ Сырымбай жолдың бүлінген бөлігін лезде жөндеп, қыста қардан тазартып, тайғақ жерге құм себілетінін айтады.

 «Көліктен түскен қаражат жолды жөндеуге, оны қалыпты жағдайда ұстап тұруға жұмсалады. Биыл 1200 шаршы метр аумаққа орташа жөндеу жұмысы жасалды. 317 шаршы метр аумақта жолдың жарылуы бітелді. Сондай-ақ 616 шаршы метр аумақты құрайтын асфальт бетонына жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жақында күннің қатты ысуынан төрт жерде бетон көтеріліп кетті. Оны сол күні қайта жөндедік. Бұл жол Қытайға апаратындықтан, әсіресе жүк көліктері пайдаланады. Алайда пандемия басталғалы көлік ағыны азайды. Бетоннан жасалған жол ауыр жүкке шыдамды», – дейді жолдың басшысы.
 

Сондай-ақ оқыңыз