Ресурстар

Токио нәтижесі: ендігі қадам қандай болмақ?

Қазақстан тұңғыш рет үздік 40 елдің қатарынан тыс қалды

Токио олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының нашар көрсеткіші әлі де талқыланып жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері олимпиада ойындарында ел спортшыларының нәтижесі дәл бұлай құлдырамаған еді. Сала мамандары қателік қай жерден кетті деген сауалға бас ауыртып, түрі нұсқаларды айтып та жатыр. 

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, олимпиада ойындарының жүлдегері Гюзель Манюрованың айтуынша, спортшылардың шаршаңқы болуы да нәтижеге әсер етті. 

«Бұл мен спортшы және маман ретінде қатысқан төртінші олимпиадам. Жағдай бойынша бәрі жақсы болды, көлікпен, тамақпен ешқандай проблемалар туындамады. Әлемдік пандемияны ескерсек, үлкен шектеулер болды. Бұл мұндай форматта өткізілген алғашқы Олимпиада ойындары. Меніңше, медаль жеңіп алу үшін дайындық жеткілікті еді. Бір жерде жолымыз болмады, бір жерде спортшылар шаршады, өйткені күрестен жарыс кестесі өзгертілді. Әдетте боз кілемге басында жеңіл салмақ, ал ауыр салмақтар соңында шығатын. Бұл да әсерін тигізді. Жалғыз айтарым: алдымен өте жеңіл салмақтағы спортшыларды жібергенде, бәрі басқаша болатын еді» деді федерация вице-президенті. 

Ұлттық олимпиада комитеті бас хатшысы Андрей Крюков қыркүйек айының соңына қарай олимпиада ойындарындағы жарыс қорытындысын шығарамыз дейді. Ол сондай-ақ нәтижеге қарамастан әрбір спортшымызды мақтан тұтамыз деген алғыс лебізін де айтып өтті. 

«Алдағы аптада ҰОК республикалық федерациялармен, сондай-ақ мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, олимпиада ойындарында Қазақстанның ұлттық құрама командаларының көрсеткен өнері мен даярлығының нәтижелеріне талдау жасау бойынша жұмыс жүргізеді. 10 қыркүйекке дейін спорт федерациялары олимпиада ойындарына қатысу туралы егжей-тегжейлі есеп беріп, жарысты сәтті немесе сәтсіз өткізудің себептерін талдайды. Қыркүйек айының соңында біз ойындардағы жарыстардың соңғы нәтижелерін шығарамыз, содан кейін қателіктер бойынша басқа жұмыстар және келесі олимпиада цикліне дайындық басталады. Токиода жақсы команда болғанын бірден атап өткім келеді, нәтижелерге қарамастан, пандемия жағдайында ең қиын дайындық кезеңінен өткен әр спортшымызды мақтан тұтамыз. Оларға дейін мұндай жағдайға ешкім тап болған жоқ» деп түйіндеді ҰОК бас хатшысы. 

Олимпиада чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев ендігі кезекте бокстан ұлттық құрама тізімі толықтай жаңарады дегенді айтады. 

«Бокстың ахуалы жайлы бәрі айтуда. Бұл өте нашар көрсеткіш. Ешкім ешкімді ақтамайды. Жігіттер қолынан келгенін істеді. Шын мәнінде, жүйелі жұмыс істелді. Барлық жарыстарға барды, оқу-жаттығу жиындары өтті, дегенмен, болатын нәтиже болды. Өкінішке орай, екі қола алдық, Риодағыдай нәтиже болмады, онда бір алтын, екі күміс, екі қола болды. Алдағы уақытта сараптама жасалады. Қазан айында Сербияда Әлем чемпионаты өтеді, соған байланысты ұлттық құраманың тізімін толықтай өзгертіп, жақсы командамен барып, жақсы нәтиже береміз деген ойдамыз» деді Артаев өз жауабында.  

Артаевтың пікірінше, нақты, нық қадамдар жасап, дайындық барысы мен спортшылардың рационы да өзгертілмек. Бапкерлер мәселесі де қаралатын болады.

Ал мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов спорт түрлері бойынша бюджет қаражатын бөлу кезінде кейбір өңірлерде саралау нәтижелері тиісті деңгейде сақталмайды дейді. 

Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының ашықтығын және теңгерімделген бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы спорт саласындағы заңнамаға «спорт түрлерін саралау» ұғымы енгізілген. Қағидаларға сәйкес жүргізілетін саралау рәсімінің қорытындылары бойынша келесі екі жылға арналған басым спорт түрлерінің тізбесі бекітіледі. Аталған тізбе спорт түрлеріне бюджет қаражатын бөлу кезінде негіз болып табылады. 

«Саралау көрсеткіштерін анықтаудың негізгі критерийлеріне мыналар жатады: жарыстарда осы спорт түрі бойынша спортшылардың спорттық жетістіктері, кадрлық әлеуеттің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, спорт түрі ерекшеліктерінің өңірдің климаттық жағдайларына арақатынасы және тағы басқа. Нәтижесінде спорт үш негізгі топқа бөлінеді. Біріншісі – дамыған спорт түрлері, екіншісі – әлеуеті бар, үшіншісі – даму әлеуеті төмендер. Осылайша, қазіргі уақытта спортты қаржыландыру моделі әзірленді, ол қаржы қаражатын республикалық деңгейде объективті бөлуге кепілдік береді» деді спикер. 

Еске салсақ, Токио олимпиадасы 2021 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтті. Оған әлемнің 206 елінен 11 324 спортшы қатысты. Спорттың 45 түрінен 339 жүлде сараптамаға салынды. Барлығы 93 ел медаль жеңіп алды, оның ішінде Қазақстан да бар. Ұлттық құрамаға 98 лицензия жеңіп алған 97 спортшы енді. Біздің спортшылар 85 медаль үшін таласты, бұл ретте Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет каратэ, скейтбординг, серфинг, софтбол, спорттық құзға шығу енгізілді. Пандемияға байланысты кейінге қалдырылған олимпиада ойындары алғаш рет тақ жылы және стадиондарда көрермендерсіз өтті. 

Қазақстандық спортшылар спорттың 5 түрі бойынша 8 қола медальға қолжеткізді. Ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зұлфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, каратэшілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрес шебері Нұрислам Санаев қола жүлде жеңіп алды. 

Жалпы, ел құрамасы өзі қатыса бастаған Атланта олимпиадасынан бері (1996) 72 медаль, оның ішінде 15 алтын, 21 күміс, 36 қола медаль жеңіп алған.