Ресурстар

Президент жанындағы кадр резервіне кімдер қатыса алады? Талаптары қандай?

Алдыңғы іріктеу оң нәтиже берді

Елімізде 1 қыркүйектен бастап президент жанындағы жастар кадр резервіне іріктеу басталады. Мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелмек. Осыған дейінгі іріктеу жұмыстарының оң тәжірибесіне байланысты ел басшылығы резервке іріктеу жөніндегі жұмысты жүйелі негізде жалғастыру туралы шешім қабылдаған. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі кемінде бес жылды құрайтын ел азаматтары қатыса алады. 

«Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, рекрутинг процесі білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ кандидаттардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Біз бірінші кезекте қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударамыз. Осыған байланысты іріктеу кезеңдеріне ситуациялық есептерді шешу, құзіреттілік сұхбат сияқты бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, «А» корпустары және президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар іріктеуге қатысуға жіберілмейді. Президенттік резервтен әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға, әкімшілік лауазымдарға, «А» корпусына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау қарастырылған. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды» деп атап өтті спикер.

Ол лайықты адамдар болса, қызметке резервтен тағайындау қажет еместігін де айтады. Құжаттарды қабылдау және әлеуетті резервшілерді іріктеу мамандандырылған онлайн платформада жүргізіледі. 1-30 қыркүйек аралығында президенттік кадр резервіне ниет білдірген қазақстандықтардан құжаттар қабылдау жалғасады. 

«Іріктеу барысында үміткерлердің күрделі мәтіндік, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ситуациялық есептер түрінде жасалған нақты мәселелерді шешуі бағаланады. Бұдан басқа, ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән кандидаттардың құзыреттері анықталып, бағаланатын болады» деп атап өтті агенттік басшысы. 

Соңғы шешімді ұлттық комиссия қабылдайды. Президенттік кадр резервіне іріктеу қағидалары мен тәртібі президенттің жарлығымен егжей-тегжейлі регламенттелген. Президенттік резервке іріктеу бойынша толық ақпаратты агенттіктің сайтынан табуға болады.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, үміткерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бұл іріктеуге енгізіліп отырған жаңашылдықтардың бірі. Оның айтуынша, үміткерлерде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Qaztest немесе Qazaq Resmi Test сертификаттары болуы шарт.  

«Qaztest офлайн формата өтуді қажет етсе, Qazaq Resmi Test-ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн тапсыра алады. Ол үшін веб-камерасы, микрофоны және интернеті бар космпьютер болуы керек. Үміткерлер мемлекеттік басқару академиясында Qazaq Resmi Test-ті тапсыруға бағытталған арнайы дайындық курсынан өте алады» деді спикер.

Қатысушыларға қойылатын талаптар туралы ақпарат ұсынылған жалпы ережемен кез келген адам таныса алады. Онда президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңдері мен мерзімдері көрсетілген. «Жоба туралы» бөлімінде іріктеу тәртібі мен әрбір кезеңде қатысушыларды іріктеу критерийлері бар. Кеңесшілерге хабарласпас бұрын «жиі қойылатын сұрақтар» бөлімін оқып шыққан дұрыс. «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ бас директоры Кенжебек Санабаев арнайы әзірленген порталдың функционалы бойынша осындай кеңес берді. Бөлімдер қажеттілігіне қарай жаңартылып, толықтырылатын болады дейді спикер. Деректерді pkrezerv.gov.kz арнайы интернет порталынан білуге болады. 

«Барлық ниет білдірушілерге іріктеу нәтижелерімен танысуға мүмкіндік беріледі. Нәтижелер үміткердің аты-жөнін іздеу мүмкіндігімен әр кезең бойынша қолжетімді болады. Бұл функционал барлық рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарда сұрақтар көп туындайды және сапалы кеңес берудің өте маңызды екенін біз жақсы түсінеміз. Хабарламаны тек пошта арқылы ғана емес, порталда да қалдыруға болады. Хабарлама арнайы белгіленген консультанттарға жіберіледі. Жұмыс уақытында, тестілеу күндері хабарласуға болады – олар тәулік бойы қызмет етеді» деп сендірді орталықтың бас директоры. 

Айта кетейік, өтінімді, тіркеуді және басқа да функцияларды басқару үшін қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Ал тестілеудің өзі прокторинг жүйесі бойынша өтеді.