Ресурстар

Пандемияға байланысты халық санағы неліктен кейінге қалдырылмайды?

Биыл халық санағы әлемнің 61 елінде өтпек

Биыл елімізде халық санағы өтеді. Үкімет қаулысына сәйкес, санақ 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығында өтеді. Санақ барысында халықтың саны туралы ғана дерек жиналмайды, бүтін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық картинасы да анықталады. 

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, жиналған ақпараттың негізінде демографиялық, экономикалық болжаулар жасап, елдің одан әрі дамуына қажетті ахуалды кең көлемді ақпарат базасы құрылады. Ел және оның ахуалы туралы ақпарат мемлекеттік органдардың түрлі платформаларында, электрондық үкіметтің бірыңғай дерекқорында да бар. Алайда ол жеткіліксіз көрінеді. 

«Біз тұрақты мемлекеттік органдардың деректерін пайдаланамыз, бірақ, өкінішке орай, санақ нәтижелері үшін қажетті ақпарат жеткіліксіз. Санақтың мәні – халық санын шығару емес, әр адамның өмірінің барлық аспектілері бойынша сапалы мәліметтер алу. Олар білім деңгейіне, тіл білуіне, отбасы жағдайына, отбасы құрылымына, тіршілік әрекетінің шектелуіне, еңбек мәселелеріне, табыс көздеріне қатысты. Өкінішке орай, бұл ақпараттың барлығы қазір мәліметтер базасында толық емес. Бүкіл әлем нақты қысқа уақытта халықтың жағдайын нақты бір күнге белгілеу және болашақта демографиялық, экономикалық талдау үшін пайдаланылатын сапалы деректер алу үшін санақ жүргізеді. Олар, өз кезегінде, мемлекеттік органдарға бұл деректерді қандай да бір әлеуметтік бағдарламалар жасауда, аумақтарды дамытуда қолдануға көмектеседі, сайып келгенде, бұл барлық міндет әрбір азаматтың тыныс-тіршілігін жеңілдету үшін атқарылады» деді спикер.

Оның сөзінше, пандемия санақ өткізуге кедергі емес.. Әлемде биыл 61 ел халық санағын өткізеді деген дерек келтіреді. 

«Бюджеттің бір бөлігі жұмсалды, ұйымдастырушылық мәселелер жоғары деңгейде шешілді, кейінге қалдыруға болмайды. Биылғы пандемияға келетін болсақ, эпидемиологиялық жағдай бойынша азаматтарымызды аралап өту үшін вакциналанған адамдарды тартатын боламыз, оларды қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етеміз және оқыту кезінде қашықтық сақтау, өз-өзін қорғау және азаматтарды қауіпсіздікке үйрететін боламыз» дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, планшеттегі арнайы бағдарлама кезең-кезеңімен ақпарат жинайды. Егер адам бір бөлігін толтырмаса, салыстырмалы түрде айтқанда, ол келесі кезеңге өте алмайды. Яғни, қателік жасау немесе оны арнайы жасау мүмкін емес. Егер олар толық ақпарат бермесе, бағдарлама сауалнаманы жаппайды және кейіннен сұхбат беруші бұл ақпаратты серверге жібере алмайды. 

Айта кетейік, егер санақ кезінде елден тыс жерде болсаңыз, сауалнамадан қашықтан өтіп, өзіңіз туралы деректерді сайтта қалдыруға болады. Немесе сіздің келісіміңізбен туыстарыңыз деректерді толтыра алады.

«Тұрақты тұрғылықты жері» және «Уақытша» деген ұғымдар бар. Біздің сауалнамаларымызда бұл екеуі де бар. Яғни, сіздің тіркелген жеріңіз және қазіргі тұрғылықты жеріңіз белгіленетін болады. 12 айға дейін шетелде жүрген адамдар есепке алынады. Санақ стандарттары бойынша 12 айдан артық уақыт бұрын көшкендер тұрғылықты жері бойынша тіркелуі керек. Сондай-ақ, Қазақстанда жүрген шетелдік азаматтарды да тіркейтін боламыз» деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Жалпы, халық санағы 3 кезеңнен тұрады: Дайындық кезеңі, негізгі кезең және қорытынды кезең. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары аяқталды, жұмысқа тартылатын азаматтарды оқыту процесі қыркүйек айында жүргізілмек. Қалған іс-шаралардың бәрі аяқталған. 

Санақ әуелі 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн форматта және 1 қазан 30 қазан аралығында жалпы сауалнама түрінде өтеді деп жоспарланған. 

Халық санағына арналған 91 сұрақтан тұратын 4 парақша әзірленіпті: 

  • Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі (8 сұрақ); 
  • Тұрғын үй жағдайлары (8 сұрақ);
  • Жеке сұрақтар (42 сұрақ); 
  • Шетелдіктерге қойылатын сұрақтар (11 сұрақ). 

Бұрынғы сауалнама парақтарындағы сұрақтар кеңейтіліп, тіршілік әрекетінің шектелуіне, пандемияға байланысты сұрақтар, ҚР аумағында уақытша тұратын азаматтар туралы сұрақтар және көші-қон, жұмыспен қамтылу, неке жағдайларына, тілдерді меңгеру, табыс көздеріне қатысты сұрақтар қосылған. 

Сауалдардың барлығы дерлік халықаралық ұжымдардың сарапшыларымен, еліміздің мемлекеттік органдарымен келісілген. 

Санақ аясында мемлекет цифрландыру жетістіктерін де сынап көрмек. Деректерді жинау процесінің жаңа технологиялық тәсілдермен және құралдармен жүзеге асуы соған дәлел. 

«Онлайн-сауалнаманы арнайы sanaq.gov.kz сайтынан өтуге болады, бұл виртуалды көмекші арқылы респонденттерге өздеріне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өз бетінше толтыруға мүмкіндік береді. Ал 1-30 қазан аралығында планшетті пайдалану арқылы арнайы жұмысқа тартылған азаматтар онлайн форматта санаққа қатыспаған азаматтар арасында сауалнама өткізу арқылы ақпарат жинайды. 30 қазанда санақ біткеннен кейін нақтылау үшін іріктеме түрде 10 пайыз респонденттерді, яғни азаматтарды аралап шығамыз» деді спикер.

Халық санағына байланысты Ұлттық статистика бюросының сайттары жұмыс істеуде: stat.gov.kz және sanaq.gov.kz. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшалар да бар. Байланысы орталығының нөмірі – 14 46.

Осынау ауқымды жұмысқа 32 300 адам тартылмақ. Олардың орташа еңбекақысы – 109 мың теңге. Бір интервьюер 833 адамды санақтан өткізуі тиіс. Жалпы, 2021 жылғы халық санағының бюджеті – 9,1 млрд теңге. 

Халық санағын өткізу үшін сатып алынған 27 мың планшеттың бір бөлігі санақ аяқталғаннан кейін статистикалық зерттеулер үшін бюрода қалдырылса, бір бөлігі мектептер мен ауруханаларға берілмек.