Арыстық кәсіпкерлер әкімге ерекше ұсыныс айтты
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдау кезінде жеке кәсіпкер Айнұр Бектемірқызы мен Мүслима Рақымжанова тойхананы мектепке айналдыру туралы ұсыныс айтты.Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімнің апта сайынғы дәстүрлі қабылдауына бұл жолы 20 тұрғын келген болатын. Олардың арасында тұрғын үй мәселесі мен жұмыспен қамтылу жайы, жылжымайтын мүлікті заңдастыру бойынша арыз, шағымдар да айтылды. Ерекшелігі сол арыстық қос кәсіпкер өздерінің иелігіндегі тойхананы жауып, 7 жылдық мектеп ашуға әкімнің тікелей ықпал етуін сұрай келген.
Қала әкіміне серіктесінің де бұйымтайын жеткізген Айнұр Бектемірқызы білім ордасын ашуға толық мүмкіндігі бар болғанымен, құжаттамалық рәсімдеу тұрғысынан әкімдіктің көмегі қажеттігін алға тартты.
«Бұл өзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кеше ғана жария еткен Жолдауында айтылған тапсырмамен тікелей ұштасады. Өте құптарлық ұсыныс. Сондықтан қалалық жер қатынастары бөлімі мен сәулет-құрылыс бөлімінің басшыларына шұғыл тапсырма беремін. Олар осы мәселені шешудің заңды жолын қарастырсын», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Жеке қабылдау кезінде тағы бір қала тұрғыны Сәуле Бекзатова жеке мәселесінен бұрын көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтерді. Бес баланың анасы Арыс қаласын интернетпен қамту үдерісіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Айына 20 мың теңгеге жуық ақы төлесе де, интернетті тиімді пайдалана алмай отырған ол тұтынушы ретінде құқы шектеліп жатқандығын айтты.
Бұл мәселеге қатысты қала әкімі ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Алмас Сұлтановқа шұғыл тапсырма беріп, тиісті ведомстолармен кеңесе отырып проблеманы шешуді жүктеді.