Елімізде кәсіптік біліктілік туралы заң жобасын және көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары басталды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшерін белгілеу, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысын арттыру бойынша да нақтылы жоспарлар ба. Сонымен қатар жақын арада жаңа әлеуметтік кодекс те әзірленбек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жақында осындай тың бастамаларды таныстырды.
«Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Соның аясында: оңтүстіктен солтүстікке өңіраралық көші-қонды арттыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету; шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетігін құру; қандастарды республикаға тұрақты тұру үшін көшуге жағдай жасау; шетелдік мамандарды тартудың реттелетін және икемді жүйесін қамтамасыз ету қолға алынады» деді Шәпкенов.
Ол жаңа тұжырымдама аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігі қайта қаралатынын да айтып өтті.
«Оңтүстік өңірлерден келген жұмыскерлерді өз бетінше жұмысқа жалдайтын және орналастыратын жұмыс берушілер үшін мемлекеттік қолдау алу тетігі оңайлатылып, кеңейтіледі. Бұл шара оларды қоныс аудару бағдарламаларына белсенді қатысуға ынталандырмақ» деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 60 мың теңге болуы 1 млн 670 мың жалдамалы жұмыскердің ақшалай табыстарының өсуіне әсер етпек.
«Бұл сондай-ақ разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің кірістерін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұрын жалақысы арттырылмаған азаматтық қызметшілердің 590 мың жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін үкімет қаулысының жобасы әзірленді. 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып, 2025 жылға қарай екі есе өседі. Ең төменгі айлықақы 49-дан 60 мыңға дейін немесе 22%-ға артады» деді.
Министр еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне де тоқталды.
«2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары қабылдаған шаралардың нәтижесінде 8 мыңнан астам заң бұзушылық жойылды, 4,7 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді және 20 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Қазір Қазақстанда еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Кәсіпорындарда ахуалды бақылау үшін министрлік жанында ахуалдық орталық, ал өңірлерде мониторингтік топтар жұмыс істейді» деді Серік Шәпкенов.
Қазір елімізде 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылуда. Соңғы 5 жыл ішінде өндірісте зардап шеккендердің саны 10%-ға – 1678-ден 1503 адамға дейін азайған. Қазақстанда 15,6 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 2,7 мың стандарт енгізілген.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 579 мың адам қатысты, олардың 377 мыңы жұмысқа орналастырылды, 67%-дан астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамту жол картасының 193 жобасы іске асырылуда, онда 7 мыңнан астам адам жұмысқа тұрды. Басқа мемлекеттік бағдарламалар мен жеке жобалар аясында 465 мың адам жұмыс тапты. Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан көбі тұрақты жұмыс орнында жұмыс істейді» деді министр.
Бизнес те назардан тыс емес. Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде жеңілдікпен кредит беру және бизнес субъектілеріне қарыз беру, сондай-ақ жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылық емес қолдау көрсету көзделген. 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов өз сөзінде табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін 2021 жылға 82 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.
Жергілікті бюджетті қоса қаржыландыру 15,2% немесе 12,6 млрд теңгені құраған. Атаулы әлеуметтік көмек төлемін 20% және одан жоғары мөлшерде қоса қаржыландыруды тек 5 өңір ғана қамтамасыз еткен:
• Нұр-Сұлтан – 2,4%;
• Маңғыстау – 3,1%;
• Түркістан – 5,7%
• Ақмола – 8,4%
• Атырау – 13%
• Алматы қ. – 14,4%
• Қызылорда – 14,8%
• Шығыс Қазақстан – 15,4%
• Батыс Қазақстан – 15,6%
• Павлодар – 16,3%
• Қостанай – 16,5%,
• Жамбыл облыстары – 17,8%.
«АӘК тағайындаудың негізділігін тексеру үшін министрлік оңтүстік өңірлерге (Шымкент, Алматы, Алматы облысы) мониторинг жүргізді, оның барысында заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, АӘК тағайындау қағидатын бұзуға, жұмысқа орналастыру бойынша тікелей міндеттерді орындамауға жол берілген, жәрдемақы мемлекеттің қосымша қолдауына мұқтаж емес тұрмыс жағдайы жақсы отбасыларға тағайындалған. Сондай-ақ, АӘК заңсыз тағайындау фактілері, яғни өтініш беру кезінде жұмысы бар адамдардың кірістері жоқ деп көрсетілгені анықталды. Сонымен қатар, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы табыстың өзгеруінің 18 фактісі анықталды, соның нәтижесінде көмек негізсіз тағайындалды» деді Серік Шәпкенов.
Алдын ала есептеулер бойынша артық төлем 3,4 млрд теңгені құрапты.
Ведомство басшысы азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
«Бүгінде зейнеткерлер саны 2,2 млн адамды құрайды. Жүргізілген индекстеуді есепке алғанда бюджеттен берілетін зейнетақының орташа мөлшері – 99 857 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 68 774 теңге, базалық зейнетақы – 31 083 теңге. Президент тапсырмасына сәйкес жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын 500 мыңнан астам адам алды. Жыл басынан бері азаматтар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға 1,9 трлн теңгеден астам қаражат жіберді» деді Серік Шәпкенов.
Қорытындысында Серік Шәпкенов министрлік президент пен үкімет қойған барлық міндеттерді уақтылы орындайтынын атап өтті.