Ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту мақсатында өткізілетін III Nobel Fest шарасы биыл елімізде онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Nobel Fest – жылына екі рет өткізілетін Еуразия құрлығындағы ең ауқымды және беделді іс-шаралардың бірі. Оның аясында Нобель сыйлығы лауреаттарының дәрістері өтеді.
Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ мемлекеттеріндегі түрлі салада жұмыс істейтін азаматтарға әлемдегі ең мықты Нобель сыйлығы иегерлерімен, белгілі ғалымдармен, бизнес саласындағы танымал адамдармен жұмыс істеуге мүмкіндік беру.
G-Global Халықаралық Хатшылығының басшысы Серік Нөгербековтың айтуынша, қазіргі замандағы ең басты мәселе – адами капитал. Он жыл бұрын әлемдегі ең қымбат компаниялар шикізат пен қаржы саласындағы компаниялар болса, бүгінде ең үздік 10 компанияның 8-і адами капиталды кеңінен пайдаланатын технологиялық инновациялық компания болып табылады.
«Мысалы, бұрын ғалымдар негізінен білім және ғылым саласында жұмыс істесе, қазір компаниялар жанынан үлкен ғылыми институттар қызмет етеді. Олар ғалымдардың адами капиталдарды кеңінен пайдалануының арқасында үлкен жетістіктерге, прогреске қол жеткізіп отыр. Дамыған елдерде жастар, студенттер, ұстаздар мен Нобель сыйлығының лауреаттары, үлкен ғалымдар арасында кездесулер өткізіледі. Өкінішке орай, дамушы елдерде ондай кездесулер аз. III Nobel Fest шарасын мемлекеттік емес ұйымдар ұйымдастырып отыр. Үшінші Нобель фестивалінің айырмашылығы – оны жалғыз Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда, Әзербайжанда өткізіп жатырмыз. Болашақта шараны одан әрі дамыту жоспарланған.» деді Нөгербеков.
G-Global халықаралық хатшылығының басшысы фестивальдің тегін өткізілетінін атап өтті. Қатысушылар дәріскерлерге сұрақ қоя алады, сондай-ақ, білім алады.
«Қор алдымызға үлкен міндет қойды: Орталық Азия мен Кавказ елдерін әлемдік ғылымға жақындату керек. «Нобель фестивалі – студенттер, профессорлық-оқытушылық құрамның ғылым саласындағы соңғы озық жетістіктер туралы білуәне мүмкіндік беретін ең маңызды оқиға, өйткені Нобель фестивалі – дәстүрлі түрде қазіргі заманғы әлемдік ғылыми технологиялық жетістіктердің көрінісі. Фестивальге жыл сайын Нобель сыйлығының 10 лауреаты, «Серпіліс» сыйлығының 10 лауреаты қатысады – бұл ғылым саласындағы ғылыми Оскар, сондай-ақ, бірқатар басқа танымал ғалымдар, сарапшылар, инноваторлар. Үшінші Нобель фестивалінің хедлайнерлері Нобель сыйлығының төрт лауреаты болады» дейді Инклюзивті даму қорының директоры Мақсат Курбенов.
Нобель сыйлығының лауреаты (2007) және «Жаһандық энергия» сыйлығының халықаралық комитетінің басшысы Рае Квон Чунга, әлемдегі ең танымал экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2020) Пол Милгром, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты Тавакуль Карман – әйелдердің көшбасшы ретіндегі рөлі туралы сөз сөйлейді.
Фестивальге қатысушылар тізімінде «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» халықаралық бестселлерінің авторы Юваль Ной Харари, Renault Group бас ғалымы және Siri құрушысы Люк Джулия, израильдік Силикон алқабының негізін қалаушы, ірі инвестор, «Our Crowd» бас директоры Джонатан Медведь және тағы да басқа әлемге әйгілі тұлғалар бар.
Тікелей көрсетілім бес тілде, (қазақ, ағылшын, орыс, өзбек және әзербайжан) үш негізгі студияда және университеттер базасында өтеді. Фестивальге әлемнің 70 елінен барлығы 200 ЖОО, 50 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған.