«Ұлттық рухани жаңғыру» аясында мәдениет саласында біршама іргелі істер атқарылмақ. «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамытуға байланысты 7 іс-шара қолға алынбақ. Жалпы мәдениет және спорт министрлігі 20 іс-шара өткізуді көздеп отыр.
Министрлік қолға алған бағыт қатарында «Оқушының мәдени нормативі» де бар. Оның аясында концерттік және көрме іс-шараларына қатысу, опералық, балет, драмалық спектакльдердің, қазақстандық және шетелдік кинофильмдердің, мультфильмдердің, шығармашылық үйірмелерге қатысу шаралары бар.
«Жоба аясында жүзеге асырылатын екінші бағыт – «Ұлағатты ұрпақ» мәдени білім беру платформасы. Көрермендерге ұзақтығы 15 минуттан аспайтын музыкалық өнер, театр өнері, кинематография, бейнелеу өнері, «Қасиетті Қазақстан» 5 бағыты бойынша бейнесабақтар ұсынылады. Бұл балаларға кең ақпарат береді. Әр жыл сайын осы өнердің әр бағыты бойынша қажетті материалдар дайындалады» деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Сонымен қатар, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатында министрлік 5 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ұйымдастырылмақ. Оның аясында тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елімізде кейінгі жылдары шыққан 30 кітап халыққа оқуға ұсынылады.
Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы ақпараттық жүйесін жетілдіру, модификациялау және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделген.
Бұдан бөлек, туған өлкенің әдебиетін зерттеуге бағытталған «Әдеби өлкетану» іс-шаралары ұйымдастырылады. Бұл өңірлермен бірлесе жүзеге асырылады. Мақсат – жоба аясында әрбір өңірге тиесілі әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармашылығын өзге өңірлердегі оқырмандарға таныстыру және насихаттау. Министрлік отандық қаламгерлерді ынталандыру мақсатында «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауын өткізеді. Сондай-ақ, алдағы жылдан бастап отандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жас ақын-жазушыларға президенттің арнайы «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалатын болады.
Мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаға айналды. Олардың айырмашылығы неде және неге бірін екіншісіне ауыстыру керек болды?
«Басты айырмашылықты оларды жүзеге асыру түрінен іздеу керек. Елбасының бағдарламалық мақаласына төрт жыл болғанын атап өткім келеді. Осы уақыт ішінде ол мемлекеттік бағдарлама ретінде бекітілмеді. Бірақ бұл құжаттың тактикалық мәні болды. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2019 және 2020 жылдары жол картасы қабылданды. Бұл тактикалық құжат өз алдына атаулы мақсаттар қояды, ал біздің ұлттық жобамыз – бұл нақты міндеттерден, нақты көрсеткіштерден тұратын стратегиялық құжат. Біз бұл көрсеткіштерге қандай да бір іс-шараларды іске асыру арқылы қалай қол жеткізуге болатынын білеміз. Осы тізбені қазірдің өзінде егжей-тегжей жаздық, қандай мультипликативтік әсер болатынын және осы жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізетінімізді білеміз. Жол картасы мен ұлттық жоба қайталанбайды, бірақ бірін-бірі толықтырады. Бұл жерде айырмашылық бар» дейді ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Ал Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 1241-і мәдени нысан жөндеуден өткізілмек.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының екінші бағыты «Ел рухы» аясында министрлік 5 мақсатты көздейді. «Ел рухы» бағытында мәдениет объектілерімен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілуінің өсуі, оның ішінде шалғай аудандарда, мәдениет саласындағы отандық цифрлық ресурстарға кіру санын арттыру, жаңадан шығарылған отандық анимациялық фильмдердің саны, Қазақстандық кинопрокаттың жалпы көлеміндегі отандық фильмдердің үлесі, қолдау көрсетілген шығармашылық жобалар санын арттыру қарастырылған» дейді.
Сонымен қатар, қазақстандықтар мен шетелдік туристер арасында танымал ету мақсатында республикалық музей-қорықтардың аумағында 8 визит-орталық салынатын болады. Сондай-ақ, «Зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қорын, соның ішінде мемлекеттік тілдегі ұлғайту» іс-шарасы қолға алынған.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, «Қазақстанның киелі географиясы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның киелі объектілерін зерттеу мен зерделеуді қамтитын 40 әралуан іс-шараларды ұйымдастыру көзделген. 2021 жылдан бастап елімізде 90-ға жуық объектілерде археологиялық жұмыстар жүргізу қарастырылған.
«Халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында 2017 жылдан бастап республикалық театрлар мен концерттік ұйымдардың шетелдерде гастрольдері өтті, республикалық музейлер әлемнің 27 елінде «Алтын адамның шеруі» көрмесін ұсынды. Сонымен қатар, Түркістан тарихи орталығына Сауран, Сарайшық, Отырар, Ақыртас, Сығанақ, Жанкент, Бозық қалашықтарына ұлттық музей қорығына реставрациялық жұмыстар жүргізу арқылы мәдени нысандарды сақтап қалу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы жылдары Түркістан және Қызылорда облыстарында орналасқан Сауран, Алтын Асар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Яссы қалашықтарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланған» деді спикер.
Ұлттық жоба аясында мәдениет саласындағы отандық цифрлық ресурстарға кіру санын арттыру, оның көрсеткішін ұлғайту да жоспарланған. Барлық жүргізіліп жатқан мәдени іс-шаралар, театр маусымдары, кітапхана қорлары, музейлер мен көрмелер туралы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «e–culture.kz» бірыңғай электронды платформасы іске қосылмақ.