Kaspi украиндық БТА-ны миллионер Рақышевтан қаншаға сатып алды?

Жарияланды
«Қаржы» кафедрасының рецензенті
Сарапшылар пікірі

Kaspi кәсіпкер Рақышевтан украиндық БТА-ны сатып алады. Банк құны Kaspi қазан айында сатып алған Portmone төлем жүйесі бағасынан бірнеше есе  арзан болуы мүмкін.

«Курсивке» пікір білдірген сарапшыларының  айтуынша, бұл жерде әңгіме 4-10 млн доллар аралығындағы қаржы туралы болуы мүмкін (1,7-4,3 миллиард теңге). Айта кету керек,бұған дейін сарапшылар Portmone құнын 10-15 миллион долларға, ал кейбіреулері тіпті  20 миллион долларға бағалаған болатын.

Kaspi 2021 жыл III тоқсанының есебінде (25 қазанда жарияланған) финтех компания толық банктік лицензия алу үшін ғана BTA Bank Ukraine акцияларының 100%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Келісім ұялы әмиян мен шоттарды іске қосып, тұтынушыларға төлемдер мен финтех шешімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. 

Украинадағы БТА – осы ел нарығындағы 71 банктің ішінде актив мөлшері бойынша 66-орынды тұрған шағын ойыншы. Ол 2016-2018  жылдары шығынға батса, 2019 жылы ғана пайда тапқан.  Алайда  2020 жылы қаржылық көрсеткіштері қайтадан минусқа кеткен. 

Case Ukraine орталығының қауымдастырылған сарапшысы, Украина Ұлттық банкі қаржылық тұрақтылық департаменті директорының бұрынғы орынбасары Евгений Дубогрыз кейінгі кезде бұл банк классикалық банктік қызмет көрсетпеді дейді. 

 «Банктің 2021 жылдың сегіз айындағы таза шығыны 25 миллион гривенді (шамамен 400 миллион теңге) құрады және Ұлттық банк қайта қаржыландыруды қысқартқанын ескерсек, шығын тек өсіп отырады. Бұрынғы акционерлері банкті өзінде қалдырса, одан әрі шығынға батар еді» деп атап өтті спикер.

Екінші жағынан, сарапшының пікірінше, банкті 200 миллион гривеннен арзан сатудың мәні жоқ («банк лицензиясының бағасы» – яғни  Украина Ұлттық банкінің меншікті капитал мен банктердің реттеуші капиталы үшін қоятын ең төменгі талабы) – банкті нөлден тіркеу қымбатқа түседі.

«Сондықтан мәміле сомасы 200-230 млн гривен ($7,6–9 млн немесе 3,2–3,7 млрд теңге) аралығында болуы мүмкін» деп толықтырды Дубогрыз.

DAMU Capital Management басшысы Мұрат Қастаев келісім құны шамамен 10 миллион долларды құрауы мүмкін  деген пікірде. Бұл сома – төлем инфрақұрылымы лицензиясының құны, аталмыш банкті сатып алудағы мақсат та  – осы. 

«Біз тек лицензия туралы айтып отырғандықтан, транзакция сомасы 5 миллион доллардан асуы екіталай» дейді FG Finam сарапшысы Леонид Делицын. 

 Оның айтуынша, Kaspi-ге қазір ақшадан гөрі уақыт маңызды: компания өз қызметтерін неғұрлым тез ұсынса, соғұрлым өсу қарқынын сақтап отырады. 

IBI рейтинг агенттігінің қаржы директоры Александр Калашниковтың бұл мәселеге көзқарасы өзгеше. 

«Банктің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі міндеттемелерін (160 млн грн – Ұлттық банктен алынған несие және 146 млн грн – клиент қаражаты) ескере отырып, мен транзакцияны 100-120 млн грн (3,8-4,5 млн доллар немесе 1 доллар) деп бағалар едім» деп түсіндіреді спикер.

Сарапшы банк несие беруді қысқартып, проблемалық қарыздарды есептен шығарып, сатқанын айтады. 

Банк активтері негізінен жоғары өтімді компоненттерге инвестицияланған: Украинаның Ішкі мемлекеттік қарызының облигациялары, Украина Ұлттық Банкінің депозиттік сертификаттары, қолма-қол ақша және Украина ҰБ-дегі арнайы шоттардағы қаражат. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде банктің жоғары өтімді активтерге салған инвестициясы 440 миллион гривеннен (жалпы активтердің 81%) асқан.

БТА иелері – Кеңес Рақышев пен оның Fincraft Group компаниясы 2020 жылы украиналық активті беларусь кәсіпкері Николай Воробейге сатпақ болған. Алайда ЕО Николай Воробейді санция салынған тұлғалар тізіміне енгізгендіктен, Украинаның Ұлттық банкі келісімді тоқтатып тастаған. 

«Егер регулятор Kaspi-мен жасалған мәмілені мақұлдаса, банк капиталына сенімді инвестордың кіруі және ұзақ мерзімді стратегия жасалуы бізге Ұлттық банктің  шектеулерінен арылуға мүмкіндік береді және оның нарықтағы орнын нығайта түседі» дейді Калашников.

Ал БТА банктік лицензиясы мен Portmone төлем лицензиялары қазақстандық финтек компаниясының қызметтерін Украинада жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Дубогрыз да Portmone-мен арадағы келісімнің  пайдасы бар екенін айтады. 

 «Қазір Portmone арқылы өтетін  төлемдердің  басқа банктер алып отырған комиссиясын (төлем сомасының 1,5-2% дейін) Kaspi тобына қайта бағыттауға болады. Әрине, ішінара ғана (үш ірі ойыншы – Приватбанк, Осчадбанк және Райффайзен Банк үстемдік ететін өзіндік нарық бар), бұл Portmone тобы мен банктің өз айналымын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді, одан түсетін пайда ондаған есе  көбеюі мүмкін» дедіспикер.

Оның үстіне, егер Kaspi Portmone-ні төлем жүйесі ретінде дамытып, оны необанкке айналдыратын болса, топ құрамында классикалық банк болғаны жөн, әйтпесе табыстың басым бөлігі серіктес банктерге кетеді деп қосты сарапшы.

Инвесторлардың дәмесі де украиндық банкті сатып алу шешіміне әсер етуі мүмкін. 2020 жылдың қазан айында Kaspi LSE-де IPO өткізді. IPO-дан кейін жаңа инвесторлар компания қарқынды дамып, өседі деген үмітте болады. 

«Егер IPO-дан кейін компания ештеңе сатып алмаса және инвестиция салмаса, онда инвесторлар ақшаны не үшін бердік деген мәселе көтеруі мүмкін және олардікі орынды» дейді Дубогрыз. Осы себепті Украина –  сатып алушы үшін өте қолайлы нарық. Бұнда активтер  өзге елдердегі  дәл осы активтермен салыстырғанда арзан, алайда қазірдің өзінде жоғары кірістілікті қамтамасыз етіп отыр. Украинаның банк секторындағы кірістілік пен маржа – Еуропа елдеріндегі  жоғарыларының бірі. Электронды төлемнің әлі дамымағанын және сатып алушылардың онлайнға көшіп жатқанын ескерсек, бұл нарықтың әлеуеті жоғары. 

Kaspi де Украина нарығының осы ерекшеліктерін  атап өткен: қолма-қол ақша айналымыс жоғары, е-коммерция аса дамымаған, сауда-саттықтың тек 8 пайызын алып отыр, тұтынушылық несиеге деген сұраныс жоғары және смартфон пайдаланушылардың үлесі басым. 

Делицынның айтуынша, Kaspi инвесторлары компанияның банк сатып алу мен жаңа нарыққа шығуын оң қабылдайды.

«Тікелей қаржылық көрсеткіштерге бұл екі-үш жылдан кейін, ал акция құнына  биыл әсер етеді» деп атап өтті ол.

Ал «Финам» ИК III тоқсанда Kaspi акциялары 121 доллар тұрса, осы жаңалық  жариялаған кезде 8%-ға қымбаттап, 129 долларға дейін жеткенін,  қазіргі кезде 131 доллардан асып кеткенін хабарлады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз