Бір минутта автокредит рәсімдеуге болады: Автонесие туралы жаңалықтың ерекшелігі қандай?
Елімізде несиелеудің барлық түрі енгізілуде әрі бірінен соң бірі жеңілдетіліп жатыр. Аз уақыт бұрын отандық екі банк онлайн-ипотека жүйесін енгізсе, «Еуразиялық банк» автонесиелеуді толықтай онлайн форматқа көшірді.
Әзірге жаңа өнім үш қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте қолжетімді. Жыл соңына дейін бағдарламаға Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды қалалары қосылмақ.
Банк онлайн-несиелеуді өз серіктесі Allur Group-пен бірге жүзеге асырып отыр. Жаңа бастама аясында барлық процесс – шешім қабылдау, қарыз алушының деректерін жинау, рұқсат беру, көлікті рәсімдеу – толықтай онлайн іске асырылады.
«Бұрын банк бөлімшесін барып, сосын көлікті тіркеп, қарызды рәсімдеу қажет болатын. Енді осының бәрі онлайнға көшірілді. Қазір бізде онлайн-автонесие бойынша рұқсат алу 1,5-2 минутты құрайды. Толық рәсімдеу процесіне бұрын екі күн кетсе, қазір оны бір сағатта жасап шығуға болады. Тек бір физикалық процесс қалып тұр, ол – мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында кепілді тіркеу. Қазір мұны да онлайн ету бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оны жыл соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын» дейді Иван Белохвостиков.
Клиент әуелі көліктің маркасы мен моделін таңдайды, сосын займ сомасын белгілейді, әрі қарай жүйе алғашқы жарнаны өзі есептеп береді. Кейін клиент несие мерзімін таңдауы керек. Одан соң клиент идентификация және авторизациядан өтеді. Ол үшін ЖСН, логин және телефон нөмірін енгізуі керек. Бірнеше секундтан соң телефонға растаушы код келіп, клиент автоматты түрде келесі кезең – видеоидентификацияға өтеді. Бұл уақытта банк автоматты режимде мемлекеттік деректер базасы арқылы қарыз алушының барлық деректерін тексеріп шығады. Оның ішінде биометрикалық тексеріс те бар. Бұл тексеру клиент өз жеке мәліметтерін тексеруге рұқсатын берген соң ғана жүзеге асырылады.
Бәрі сәтті болса, клиент құжаттармен танысып, оған ЭЦҚ кілттің көмегімен қол қояды. Одан кейінгі банктің шешімі екі минутқа жетпей қабылданады.
«Банк қызметкері клиентпен хабарласып, әрі қарайғы қадамдармен таныстырады. Әрі қарай клиент мамандандырылған ХҚКО-ға барып, көлікті техникалық тексерістен өткізеді, криминалист көліктің заңдық тұрғыдан таза екенін растауы қажет. Сосын барып автокөлік тіркеуге алынады. Әзірге бұл процестер офлайн, бірақ біз оны жыл соңына дейін цифрландырсақ па дейміз» дейді цифрлық автонесиелеу өнімдері бойынша жетекші Юрий Соснюк.
Онлайн-автонесиені алғаш рәсімдеген клиент – Камилла Көпбаева. Ол банк арқылы Suzuki Grand Vitara автомобилін сатып алған.
«Кредитті үш жылға рәсімдедім. Ай сайынғы төлемдері ыңғайлы. Өтініш беру бес минутқа да жеткен жоқ, рәсімдеу процесі өте қарапайым. Көлік өтінішті берген күннің ертеңіне-ақ меншігімде болды» дейді ол.
Ұсынылып отырған займ сомасы – 15 млн теңгеге дейін. Займды 7 жылға дейін, 22 пайыздық ставкадан (ЖТСМ 30,5 пайыздан) бастап алуға болады. Пайыздық ставка алғашқы жарна мөлшеріне, көлік маркасына, шыққан жылына және өзге де факторларға байланысты. Кредитке шығарылғанына 20 жылдан аспаған көліктерді рәсімдеуге болады.
Банк өкілдерінің айтуынша, көлікті бағалаудың екі түрі бар. Оның бірін мамандандырылған ХҚКО (техникалық тексеріс) және банк (заңдық тексеріс) жүргізеді.
Банк алдағы уақытта бағалау процесін де толықтай цифрландыруға ниетті. Отандық банктер автокредит өнімдерін нарыққа ұсыну бойынша жақын арада белсенді бәсекеге түсетін түрі бар. Осыдан біраз бұрын «Сбербанк», ForteBank, Halyk Bank және «ВТБ Банк (Қазақстан) «автокезек» онлайн қызметін ұсынған еді.
Қазақстан даму банкінің мәліметінше, 2019 жылдың наурызында 13 мыңнан астам қазақстандық 57,4 млрд теңгеге автонесие рәсімдеген. 2020 жылдың сәуірінде автонесие алушылар саны 20 мыңға жеткен. Ал 2021 жылдың 28 қаңтарындағы жағдай бойынша 6 банк 135,8 млрд теңгеге 26 958 несие ұсыныпты.
Осыған дейін «Еуразиялық банк» Allur Auto-мен бірігіп, ТМД-да алғаш рет автокөлікті несиеге сатып алуды қашықтан реттейтін сервисті іске қосып еді. Яғни, клиент автосалонға келмей-ақ, өтініш беру мен көлікті тіркеуге дейінгі аралықты түгелдей онлайн атқарады.
Ол үшін клиент Allur Auto сайтына кіріп, сатылымда тұрған кез келген көлікті таңдай алады. Несие бойынша шешім шығару он минуттан аспайды. Тұлғаның толық верификациясы үшін клиенттің суреті мен оның жеке куәлігі жеткілікті. Банк алынған ақпаратты Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының деректерімен салыстырады. Бәрі дұрыс болса ЭЦҚ кілтін ұсынады. Бұл электронды қол қою процесі барлық құжаттарға қашықтан қол қойып, растауға мүмкіндік береді.
«Біз клиенттен тек телефон нөмірі мен ЖСН сұраймыз. Қалған ақпараттың барлығын біз өзге дерек көздерінен аламыз. Осының есебінен екі міндет шешімін табады. Біріншіден, біз клиенттің жолын біршама жеңілдетеміз. Екіншіден, бұл қауіпсіздік мәселесі. Барлық дерек тікелей мемлекеттік деректер базасынан алынып отырады» дейді банк өкілдері.