Банк пен қаржы

Теңге нығайып, мұнай қымбаттауы мүмкін

Сарапшылар осындай болжам жасап отыр

Желтоқсан айының басында теңге аздап нығайып, 1 доллар 425 теңгеден сатылуы мүмкін. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылар осындай болжам жасап отыр. 

Қаржыгерлер қауымдастығы сауалнамасына қаржы нарығының қатысушылары: банк, сақтандыру, брокерлік ұйым өкілдері қатысып, олар  Brent маркалы мұнай бағасы, АҚШ долларының ресей рубліне қатысты құны, АҚШ долларының қазақстандық теңгеге шаққандағы құны, инфляция, ЖІӨ, ҰБ базалық мөлшерлемесіне қатысты пікір білдірген. 

Қаржы нарығы сарапшыларының пікірінше, ұлттық валютаның ағымдағы бағамы артық сатылым аймағында тұр, ал оған әсер ететін іргелі факторлардың (мұнай, рубль және ақша-несие саясаты) айтарлықтай  өзгере қоймайтыны байқалады. 

Сауалнамаға қатысушылар биыл желтоқсан айының басында ұлттық валюта бағамының 425,9 теңгеге (қазіргі 429,5) дейін нығаяды деген болжам жасап отыр. 

Мұндай  болжамға  ұзақ энергия суперциклы негіз болуы мүмкін. Сарапшылардың болжамы бойынша, желтоқсан айының басына қарай Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 89 долларға дейін қымбаттауы ықтимал (қазіргі уақытта 83).

Бұған дейін базалық мөлшерлемені қатарынан үш рет көтерген ҚРҰБ желтоқсандағы отырысында (06.12) үзіліс жасауы мүмкін.

Сарапшылардың көпшілігі (62%) мөлшерлеме 9,75% деңгейінде сақталады деген ойда. Ал 38 пайызы базалық мөлгерлеме 10%-ға дейін көтерілуі мүмкін деген пікір білдірген. 

Алдағы 12 айда инфляция айтарлықтай төмендейді. Бірақ ол мақсатты дәлізге әлі орала қоймайды. 

Сарапшылар бір жылдан соң  орташа инфляция  7,5% (қазіргі уақытта 8,9%) болады деген болжам жасаған. Айта кетейік, ҚРҰБ болжамы бойынша 2022 жылдың соңына қарай инфляция 4-6% – мақсатты дәлізге оралады.

Инфляциялық қысымның әлсіреуі аясында сарапшылар базалық мөлшерлеме бір жылда 9,5%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр.

Экономиканың қалпына келу үрдісі жалғасады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 12 айдан соң елдің жалпы ішкі өнімі  3,7%-ға (қазіргі 3,5%) жетуі мүмкін.