Ресурстар

Боттардың көмегімен бизнесті қалай жандандыруға болады?

WhatsApp мессенжеріне арналған боттардың артықшылықтары

Қазір курс пен марафонның түр-түрі шықты. Әсіресе, онлайн түрлері соңғы кездері белең алып келеді. Барынша өтімді ету үшін қолданатын қандай құралдар бар? Көпшіліктің күнделікті қолданатын мессенжері — WhatsApp арқылы сауданы шарықтату тәсіліне тоқталуды жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда, бот-чаттарды қолдану. Мұның көмегімен процестер автоматтандырылады. Яғни сіз үшін сөйлесіп, саудаңызды жүргізіп беретін көмекшілер. Бір айта кетерлігі, бот-чаттарды ірі компаниялар ғана емес, шағын кәсіп иелері де қолдана алады.

Бот-чаттың жұмысы 

Негізі ісін дөңгелеткісі келетіндер WhatsApp мессенжерін дұрыстап қолданып үйренгені жөн. Себебі ол — өте қуатты құрал. Әрі жоғарыда айтқанымыздай, қандай кәсіп түрі болса да, ауқымы қандай болса да кетігін таба алады. Оған қоса, білікті мамандар ғана реттей алады деп ойламаңыз. Бот жасап шығару үшін бағдарламашы болу міндетті емес. Себебі саудаңызды жүргізетін, қарапайым түрін жасауға еш кедергі жоқ. Ал енді боттар не істейді десеңіз, айталық:

  • Лидтерді сегменттеп, іріктейді. Демалыссыз, 24/7 клиент қабылдай береді. Себебі мұнда автомат жүйе жасалған. 
  • Сіздің орныңызға клиентпен тілдесе алады. Бар болғаны әр жағдайға арналған жауаптарды дайындап қоясыз.  
  • Өте жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді.
  • Мәселені шешіп, клиенттің меңзегенін тауып береді.
  • Өніміңіз жайлы айтып, таныстырады. 
  • Лидтерді қыздырып, сол арқылы клиент әкелуге сеп болады. 
  • Менеджерлердің жүктемесін азайтып, жұмысты автоматтандырады.
  • Адам ресурсын үнемдейді.

Қоссам ба, қоспасам ба деп жүрсеңіз…

Егер осы күнге дейін бот-чат енгізбей жүрсеңіз, кер жалқаудың өзі болғаныңыз. Себебі онымен жұмыс істемей жүргендер еріншек деп айтсақ, артық емес. Кейбірі клиенттер түсінбей қалады, әлі ондай деңгейде дамымаған деп ойлайды. Бірақ ол ой қате. Әрі боттар уақыт пен ақшаны үнемдейтіні тағы бар. Мысалы clevermessenger.com жүргізген сауалнама нәтижесінде, қолданушылардың 64 пайызы тәулік бойы жауап беретін боттардың жұмысына риза екенін білдірген.

Бот-чат менеджердің иығындағы жүкті азайтады. Бірақ түбегейлі орнын баса алмайды. Себебі бот шеше алмайтын шаруа шықса, оған адам араласпаса болмайды. Жалпы алғанда, ботты іске қоссаңыз, одан адам болады деп күтпеңіз. Ол сіздің жібер дегеніңізді ғана жібереді. Менеджерлер секілді тірілей сұхбат құра алмайды. Сондықтан бот жасаған кезде, «менеджермен байланысу» деген батырма міндетті түрде керек. 

Ал енді қай кезде бот-чат жұмысы аса тиімді болмайтынына тоқталайық. Мысалы, шағын ғана аудиториямен жұмыс істейтін болсаңыз, боттың орнына бәріне бір уақытта жолданатын автоматты хабарламаларды қосуға болады. Ал керек пе, жоқ па деп ойлансаңыз, онда мына жағдайларға көз салыңыз. Егер күн сайын клиенттерге ұқсас жауаптар көп жолданатын болса. Яғни көбінің сұрайтыны бірдей нәрселер болса, онда сол шаруаны ботқа іліңіз. Осылайша артық уақыт шығыны кетпейді. Сондай-ақ, кей адамдар «Сәлеметсіз бе?» деп жазып алады да, сізден «Қайырлы күн, қандай көмегім қажет?» деген мәтін күтіп отырады. Ондайда ұзақ уақыт жауапсыз қалдырсаңыз, клиенттің көңілін қалдыруыңыз мүмкін. Сол себепті сізге келген әр хабарламаға сәлемдесіп, шағын ақпараттар беріп, менеджердің диалогқа араласқанынша күтетін бот қосқан жөн болады. Боттардың тағы бір артықшылығы — аудиториямен тығыз байланысты ұстайтыны. Мысалы ол клиенттерге лид-магнит жолдап, сіз туралы жақсы жаңалықтар жіберіп, түрлі викторина ұйымдастыруы мүмкін. Ал бұл болса, клиент тартатын тәсілдердің бірі.     

Бизнесте қолдануға бір мысал

Айталық, сіз белгілі бір салада экспертсіз. Білгеніңізді бөлісіп, сол арқылы ақша табуды көздедіңіз. Сөйтіп онлайн іс-шара өткізуге бел будыңыз. Мысалы, курс өткізетін болдыңыз делік. Өткізетін платформа — WhatsApp. Неге бұл десеңіз, сілтемемен мессенжерге түскенде клиент сізге жазады. Демек, ендігіде сізде автомат хат жолдауға база пайда болды деген сөз. Оның нөмірін алып, келесіде қандай да бір жаңалық не ұсыныс болғанда хат жолдай аласыз. Осылайша қолданушыны «құрыққа» түсіріп, қызық контенттер жіберіп, тарта аласыз. 

Осы ретте қолданысына қатысты мысал келтірейік. Бот-чаттарға курс сабағын салып қойыңыз. Яғни ботқа белгілі бір уақытта жіберу керек хаттарды белгілеп қоясыз. Сөйтіп ол уақыттан жаңылмай, сол кезде клиенттерге жіберіп отырады. Ұмытып кету деген болмайтындықтан, сізге бұл үлкен көмек болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, түпкі ойыңыз курсты өткізу болғанымен, келген адамдарды қызықтыру маңызды. Сол үшін пайдалы материалдар жіберіп отыратын бот керек. Яғни сілтемелер, PDF-файлдар, чек-листілер, сіздің өге желіге салған видеоларыңыз және т.б. Сонымен бірге, бот оқып жатқан студенттерге үй тапсырмасын жіберіп отырады. Біртіндеп нөміріне жазып, әлдекімді қалдырып кету атауымен жоқ. Барлығына бірдей материал, бір уақытта жолданады. Осынысымен ыңғайлы. Оқушылардың яки студенттердің жиі қоятын сауалдарына сіздің орныңызға жауап береді. Бар болғаны түсінікті, толыққанды жауап нұсқаларын әзірлеп берсеңіз болғаны.   

Онлайн білім беру саласы нарығының ауқымы кеңейген сайын, түрлі құрал да көбейді. Сол арқылы толқынға ілесе алғандар пайдаға кенеліп жатыр. Бәсеке қызу жерде үйренбеске тағы болмайды. Аудитория үшін күресте барлық тәсілді қолданып көріңіз. Соның ішінде, бот-чаттар маңызды. Алда болатын іс-шаралар туралы еске салып отыру керек. Маңызды жаңалық болса, оны да бөлісіңіз. Жай ғана пайдалы ақпарат болса да, бере беріңіз. Өзіңіз жайлы ұмытып кетпесін десеңіз, еске салып отырмаса болмайды. Әрине, қайта-қайта жазып, мазалай берген де жөн емес. Дегенмен онлайн болсын, офлайн болсын кездесуге клиент тарту үшін боттарды қолдана білу қажет. Қазір ақпарат өте көп. Сол себепті есінен шығып кету жиілігі не сағатқа қарамай, өткізіп алу ықтималы жоғары. Мұндайда ботттар болатын іс-шараға тіркелу туралы айтып отырады. Нақты келе ме, жоқ па — оны да сұрайды. Дегенмен спамдату арқылы өзіңіз жайлы жағымсыз пікір қалыптастырып алмаңыз.