Алматы мектептеріндегі камералар полицияға қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов ПД консультативтік-кеңесші органында өткен жиында мәлім етті.
«Ресей Федерациясының Қазан және Пермь қалаларында болған қайғылы оқиғаларды барлығы біледі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде алдын алу шаралары күшейтілді. Бүгінгі таңда қаладағы барлық 207 мектепте 4 414 бейнебақылау камерасы орнатылды, оның 2 620-сы Жедел басқару орталығына қосылған. Қалғандары жақын арада қосылады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында жүргізілген тексеріс, қаланың барлық мектептерінде күзет агенттігіне хабар беретін дабыл түймелері орнатылғанын және жұмыс істеп тұрғанын көрсетті», – деді Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ, білім беру мекемелері дабыл құрылғыларымен жабдықталған, оларда дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі де бар, білім беру ұйымдарының әкімшілік ғимараттарына кіруді бақылау және басқару үшін қондырғылар орнатылған. Сонымен қатар, 150 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.