Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғайтын омбудсмен институты енгізіледі
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде тұтынушылардың өтінішін «бір терезе» – e-tutynushy қағидаты бойынша қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілген. Жыл сайын тұтынушы құқығын қорғау мәселесі бойынша шағымданатындар қатары артып келеді. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігі 2019 жылы 6 мыңға жуық, 2020 жылы – 20 мыңнан астам, биыл 21 мыңнан астам өтініш қараған. Тұтынушыларды негізінен ТКШ, бөлшек сауда, медициналық, туристік қызмет, байланыс және көлік салалары алаңдатады.
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралды.
Тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы заңнамаға түзетулер енгізілген.
Оған қоса Үкімет жанынан ведомствоаралық кеңес құрылды және тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген. «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңның жаңа редакциясының жобасы Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізуді көздейді.
«Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру адал және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытудың индикаторы болып табылатын тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты. Өз құқықтарына сенімді тұтынушылар сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге белсенді сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл экономиканың дамуына ықпал етеді» деді А. Мамин.
Интернет-сауда саласында тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін электрондық сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында «е-tutynushy» жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіру керек.