Онлайн-полис: үйден шықпай-ақ нені сақтандыруға болады
Цифрландырудың дамуымен халықтың қашықтан қаржылық сервистерге сұранысы артуда. Қазақстандықтар үйден немесе кеңседен депозиттерін рәсімдейді, несиелерін төлейді, ақшалай аударымдар жасайды, сақтандыру полистерін сатып алады. Бұл туралы Fingramota.kz сайты хабарлады.
Сақтандыру шартын, міндетті сақтандыру түрлері болсын, кейбір ерікті сақтандыру түрлері болсын, электрондық түрде жасауға болады. Ол үшін өзіңізге ұнаған қызметті сақтандыру ұйымының сайтынан таңдап алып, санаулы минут ішінде электрондық түрде шартқа қол қою жеткілікті.
Сақтандырудың қай түрлерін қашықтан алуға болады?
Сақтандырушылардың сайты арқылы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандырудың келесі түрлері бойынша электрондық түрде сақтандыру полистерін ресімдеуге болады:
– көлік құралдары иелерінің жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі сақтанушыны автомобиль зақымданған кезде қаржылық шығындардан қорғау ғана емес, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) нәтижесінде үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу болып табылады;
– қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты нысан иелерінің жауапкершілігі. Мұнда үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірген нысандағы апат фактісі сақтандыру жағдайы деп танылады;
– туроператор мен турагенттің жауапкершілігі. Туристік өнімді сату бойынша қызметтерді жүзеге асыру кезінде туриске мүліктік және (немесе) басқалай мүддесіне келтірілген залалды өтеу түрінде сипатталатын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бекітілген міндеттерімен байланысты туроператор мен турагенттің мүліктік мүддесі объектісі болып табылады.
– қызметкерлердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі адам өмірі мен денсаулығына қауіпті қызметпен байланысты еңбек салаларында қажет. Бұл жерде сақтандыру оқиғасы қызметкердің қайтыс болуына немесе ішінара еңбекке қабілеттілігінен айырылуына әкеп соққан өндірістегі оқиға болып табылады;
– тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігі. Бұл теміржол, теңіз, су, әуе, автомобиль көлігі және тағы басқалары болуы мүмкін. Жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан оқиға сақтандыру жағдайы деп танылады;
– жеке нотариустардың жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі жеке нотариустың нотариалдық іс-әрекеттер жасауы нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады;
– аудиторлық ұйымдардың жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі аудиторлық ұйым аудит жүргізген кезде мүліктік зиян келтірілген аудиттелетін субъектілердің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады;
– міндетті экологиялық сақтандыру. Сақтандырудың бұл түрі шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыру кезіндегі апат нәтижесінде табиғи ортаның компоненттеріне келтірілген экологиялық залалды жоюды қамтамасыз ету болып табылады.
Сақтандыру полисін электронды түрде рәсімдеу үшін не қажет?
Сақтандыру полисін электрондық түрде ресімдеу үшін сақтандыру ұйымының сайтында өзіңіз туралы деректерді дұрыс толтыру қажет: тегіңіз, атыңыз, әкеңіздің аты (бар болса); ЖСН; телефон нөмір. Ең бастысы – дербес деректеріңізді сақтандыру ұйымының ресми сайтында енгізгеніңізге көз жеткізу, өйткені электрондық пошта немесе SMS арқылы келетін сілтемесі бар сақтандырушы сайтының фишингтік көшірмесіне енгізу қаупі бар. Сондықтан, ешқашан күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және доменді тексеріңіз – ол https:/ деп басталуы керек, ал қорғалмаған сайт http:/ – ден басталады.
Электрондық түрде сақтандыру шартына қол қоймас бұрын неге назар аудару керек?
Ең алдымен, келісімшартқа қол қоймас бұрын оның шарттарын мұқият оқып шығу керек. Сіз оны онлайн-режимде жасайтындықтан, көңіліңіз қалмауы үшін ұйымды және сақтандыру өнімін таңдауда бұл процеске көп уақыт бөліңіз.
Сақтандыру шарты – сақтандыру ұйымы тұлғасындағы сақтандырушы мен сақтанушы – жеке тұлға (азамат) немесе заңды тұлға (компания) арасында жасалатын құжат. Шарттың талаптарына сәйкес сақтандырушы сақтанушыға шартта көзделген сақтандыру жағдайы басталған кезде төлемді жүзеге асыруға міндеттеледі.
Шартта (сақтандыру полисінде) міндетті түрде, өзгелерден бөлек, мыналар көрсетіледі:
* сақтандыру объектісі;
* сақтандыру жағдайлары;
* валюта түрі;
* сақтандыру сыйлықақысын да, сақтандыру төлемін де жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері және олардың мөлшері;
* сақтандырылған тұлғалар (пайда алушылар);
* сақтандыру агентіне тиесілі комиссиялық сыйақының болуы немесе болмауы;
* сақтандыру полисінің жасалған күні және қолданылу мерзімі;
* дерекқор қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым берген сақтандыру полисінің бірегей нөмірі (электрондық түрде);
* сақтанушыға немесе сақтандырылушыға сақтандыру төлемін жасауға қажетті жеткіліксіз құжаттар туралы хабарлау мерзімі;
* сақтандыру полисінің қолданылу аумағы.