Жұмысты жақсы атқарам десеңіз…

Жарияланды
Назарыңызға бізден 30 кеңес

1.Ойыңыздан шықпай, жүйкеге тиетін істерді кейінге қалдыра бермеңіз. Әлдебір шаруаны атқару керек, бірақ соны ойлағанның өзінде мойныңыз жар бермей, бойыңызды қорқыныш билейтін кез бола ма? Қарапайым ғана мысал, біреуге қоңырау шалып, маңызды мәселені талқылауыңыз керек. Бірақ сізде үрей бар. Сондықтан «қазір емес, қазір емес» деп созып жүрсіз. Болмаса, басшыңызға айлықты көтеру туралы ұсыныс айтқыңыз келіп, айта алмай жүрсіз. Осы сынды мәселе туа қалса, уақыт созбаңыз. Үрейді алатын барлық істі бірінші шешіп алыңыз. Себебі ол шаруа ерте не кеш әйтеуір орындалуы керек. Ал оны соңына қалдыратын болсаңыз, әлгі уайым не қорқыныш басқа істерді жақсылап атқаруға кедергі келтіреді. Зейінді шоғырландыру қиындайды. Сол себепті көңіліңізді күпті қылмай, тезірек реттеген жақсы. 

2.Ойды түртіп алуды әдетке айналдырыңыз. Адам баласының қиялы шексіз. Кейде ұйықтарда не далада келе жатып сап етіп бір идея ойға келуі мүмкін. Егер соны дәл сол сәтте қағазға түсіріп алмасаңыз, оны ұмытып қаласыз. Көпшілігі қағаз бен қаламды үнемі ұстап жүрген дұрыс дейді. Ал енді олар жоқ болса, не сізге смартфонның ескертпелерге арналған қолданбасы қолайлырақ болса, сонда жазып алыңыз. Бастысы, ой келген бойда оны бөлместен, ыстығы басылмай тұрып түсіріп алған жөн. 

3.Ескертпе қоюға дағдыланыңыз. Қандай да бір істі белгілі бір уақытта бастау не аяқтау керек делік. Егер сіз оны мида сақтайтын болсаңыз, дәл қазір орындалатын басқа істерге толық фокус қоюға кедергі келтіреді. Себебі қайта-қайта сағатқа алаңдап не болмаса ішкі мазасыздық туады. Сондықтан телефоныңызға қажет кезге ескертпе жасап қойыңыз. Мысалы, бәліш пісіріп жатырсыз. Ол 30 минутта дайын болады. Жарты сағат бойы сағатқа телмірмей, басқа істермен шұғылданған өз өнімділігіңіз үшін жақсы. Сондықтан 30 минуттан кейін шырылдап, еске салатын етіп қойсаңыз, бір оқпен екі қоянды атасыз: басқа шаруаға еш уайымсыз кірісесіз, басқасын да ұмытпайсыз. 

4.Жұмыс орныңызды жинап қойыңыз. Әр күннің аяғында жұмыс үстеліңізді реттеуге әдеттеніңіз. Қағаздардың керек емесін қоқысқа лақтырып, папкалар болса реттеп, әлдене төгілсе, сүртіп, жуатын ыдыс тұрса жуып дегендей. Тіпті компьютердегі жұмыс үстелін де тазалап отыру керек. Ол да ойыңызды жинақтап, қажет құжат пен папканы демде табуға көмектеседі. Қажет емес беттерді жауып тастаңыз, уақытша файлдарды өшіріңіз.  

5.Жарық мәселесіне бей-жай қарамаңыз. Ғалымдардың айтуынша, өнімділікті арттыру үшін жарық қатты әсер етеді екен. Сондықтан жұмыс істеп жатқан жердегі жарық даладағы күннің жарығына барынша ұқсас болғаны абзал. Тым салқын, не жылы түсте болмасын. Ең дұрысы — 4 500-5 000 К. Ал енді жұмыс аяқталған соң жылы түсті жарық дұрысырақ. Өйткені ол демалуға, тынығуға көмектеседі.  

6.Шаруаларды бөліп-бөліп істеңіз. Помодоро яки қызанақ әдісі деген бар. Яғни шаруаларды 25 минут істеп, арасына 5 минуттан үзіліс жасап отыратын тәсіл. Әлбетте, сіздің шаруаларыңызға бұл уақыт тым көп не тым аз болуы мүмкін. Ондайда өзіңіз үшін белгілі бір уақыт жиілігін таңдап алыңыз. Бастысы, шаруаға «баспен» кіріп кетпей, арагідік демалып тұру керек. Ми аз уақыт болса да тыныққанда жақсырақ жұмыс істейді.  

7.Жаңа тапсырма келіп түссе, басқасын тастап кірісіп кетпеңіз. Шаруаларды аяқсыз қалдыру жақсы әдет емес. Сондықтан аяқ-асты келіп түскен тапсырманы бірден орындауға асықпаңыз. Жақсылап ойланыңыз, қайсысы маңыздырақ. Егер кейінге шегеруге болмайтын, күйіп тұрған тапсырма болса, әңгіме бөлек. Әлдекім өтініш жасады екен деп өзіңізге зиян тигізіп алмаңыз.  

8.Визуализация жасау. Бұл бүгінде көпшілік айтатын тәсілден сәл өзгеше. Айтпағымыз уақы үнемдеп, ақпаратты есте сақтап, жаңа тақырыпты түсініп алуға көмектесетін әдіс. Егер шаруаларды категорияларға бөліп, түрлі кесте мен суреттерді қолданатын болсаңыз, көп нәрсе айқындалады. Сол үшін өзіңізге ұнайтын визуалдау тәсілін тауып, сол арқылы тапсырма орындап, шешім қабылдауға әдеттеніңіз. 

9. Шаруаны бір отырғанда бітіруге асықпаған жөн болатын кездер болады. Яғни орындалуы қиын әрі ұзақ уақытты алатын тапсырмаларды бірден бітірем деп шаршап қалуыңыз мүмкін. Салдарынан басқа істерге құлшыныс болмай, беттей алмай қалуыңыз ғажап емес. Мұндайда Зейгарник эффектісі көмектеседі. Ми аяқсыз қалған істің бәрін ойда ұстап тұрады. Сондықтан оны бастан шығармай, үнемі еске салып отырады. Егер тапсырма өте ауыр болса, оны бар болғаны бастап қойыңыз. Сосын қалғанын кейін істейсіз. Сонда ойыңызда істелгені қалып, жеңілдейсіз. Әрі басқа шаруаларды атқару барысында әлгі тапсырмаға қатысты тың идея келуі де мүмкін.   

10.Ұсақ шаруалардан бастаңыз. Егер бір бастай алмай отырсаңыз, оған 10 минут бөлемін деңіз. Сонда кірісу жеңілдеу болады. Егер ол іс он минутта бітпей қойса, әрмен қарай жалғастырып кетуіңіз әбден мүмкін. 

11.Уақытыңыздың қайда кетіп жатқанын сараптаңыз. Ол үшін тәжірибе жасау керек. Бір апта ішінде істеп жүргеніңіздің бәрін жазып жүріңіз. Міндетті түрде ауқымды болуы керек деген жоқ. Ұсақ-түйектің бәрін тізіңіз. Сөйтіп сол шаруаның жанына оған қанша уақыт кеткенін қоса жазу маңызды. Сонда әлгі тізімді қарай келе, уақытыңызды қалай жұмсап жүргеніңіз белгілі болады. Бәлкім, кей дүниеге тым көп уақыт шығындап жүрген шығарсыз. Болмаса, кейбіріне уақыт жетпей қала беретін болар? Соның барлығын шолып шығып, өзіңізге анализ жасаңыз. 

12.Телефонмен ұзақ сөйлесуді доғарыңыз. Барынша азырақ әрі қысқа сөйлесуді әдетке айналдырыңыз. Себебі қоңырауға көп уақыт кетеді. Тіпті шаруаңыздан қалдыруы да мүмкін. Егер маңызды бір әңгіме болса, оны жоспарға қосып, оған арнайы уақыт бөлген абзал. 

13.Хабарламаларды өшіріп қойған дұрыс. Белгілі бір шаруаны тындыру үшін кейде толық зейін қою керек болады. Ал мессенжерлер, әлеуметтік желілер мен қоңырау мен хабарламалар адамның ойын бөледі. Әрине, бар уақытыңызды алып кете қоймас. Бірақ телефонды хабарлама қарау үшін алып, артынша интернетке сүңгіп кетуіңіз мүмкін. Ол болса, сіздің бар уақытыңызды ұрлайды.  

14.Поштаңызды түстен кейін тексеріңіз. Егер сіз электрон поштаны қолданып, соған байланысты жұмыс істейтін болсаңыз, таңертең қарау әдеті күндік жоспарыңызды бұзуы мүмкін. Сол себепті пошта тексеруді күннің екінші бөлігіне қалдырыңыз. Ал енді бірден жауап беруге дағдылансаңыз, күні бойы тек хатқа жауап берумен отыруыңыз ғажап емес. Абзалы браузерде поштаның бетін ашық қалдырмаңыз, сонда алаңдамайсыз. Ал телефонда ашық тұратын болса, шаблонмен жауап беріп уақыт үнемдеңіз. 

15.Келген хаттарды ашқан соң, тазалап отырыңыз. Кейбірінің поштасында ашылмаған хаттар да, ашылған хаттар да толып жатады. Бұл адамның ойын шашыратады. Әрі керек, маңызды хатты табуға кейін көп уақыт алуы мүмкін. Қажет емес спамдарды бірден тазартыңыз. Кейін іздеуіңіз мүмкін хатты белгілеп қойыңыз. Керек болмайтын хаттарды өшіріп отырыңыз. Қызығушылықтарыңыз бойынша жазылымнан келетін хаттар үшін бөлек пошта ұстаған абзалырақ. Сонда жеке поштаңызда тек маңызды хаттар тұрады. 

16.Пернетақтаға қарамай теруге дағдыланыңыз. Компьютермен көп жұмыс істейтін адамдар осыны үйреніп алса дұрыс. Себебі ол жылдамдықты, есте сақтау қабілетін арттырады. Қайта-қайта қай әріп қай жерде деп қарап отыратын болсаңыз, өімді жұмыс істей алмай қаласыз. Айтпақшы, пернетақтаға қарамай теруге интернетте онлайн-сервистер арқылы дағдылануға болады. 

17.Жедел пернелерді қолданыңыз. Ол дегеніміз екі не үш пернені басу арқылы бір команданы орындау. Айталық, мәтіннің бәрін белгілеп, оны көшіріп, басқа жерге қою үшін қандай комбинация керегін жаттап алсаңыз, компьютердегі менюді басып, бірнеше қадам жасап отырмайсыз. Ол сіздің қыруар уақытыңызды үнемдейді. 

18.Файлдарды папкаларға салып қоюға әдеттеніңіз. Қандай да бір құжатты ашқан болсаңыз, оны міндетті түрде тиісті папкаға сақтап отырыңыз. Тіпті интернеттен жүктейтін кезде де қай жерге салған дұрыс екенін көрсетіңіз. Сонда қажет уақытта дереу табасыз. Барлығы «жүктелгендер» папкасында тұрса, адасып, таба алмай құр уақытыңызды шығындайсыз. 

19.Ақталмаңыз. Мұның өнімділікке қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл да уақыт алады. Егер қателессеңіз, шынын айтыңыз. Барды бар деп айтқан қашан да дұрыс. Мойындаған соң, соны реттеудің амалын қарастырыңыз.  

20.Ақпараттық диетаға отырыңыз. Бүгінде диетаның осындай да түрі бар. Отырмауға болмайды. Себебі ақпарат ағыны тым көп. Интернетті былай қоя бергенде күнделікті теледидар қараудың өзіне адам бірнеше сағатын жұмсайды. Одан айтылатын жаңалықтардың дені сізге мүлдем қажет емес болып шығуы мүмкін. Ал артық ақпарат миға салмақ түсіреді. Мүлдем мақұрым болып, естімей қаламын деп те қорықпаңыз. Қазіргі таңда ақпарат алудың жолы көбейген. Құрығанда мессенжердегі туысқандар чатынан-ақ естіп, біліп аласыз. Себебі маңызды ақпарат бүгінде айтылмай қалмайды. Барлық жерде жазылып, айтылатын жайт та бірдей екенін ескеріңіз.  

21.Ұзақ үзілістерге ден қойыңыз. Егер алда ауыр әрі көп уақыт алатын іс күтіп тұрса, ойыңызды кемінде жарты сағатқа босатыңыз. Ештеңемен айналыспай, тынығыңыз. Сосын барып әлгі шаруаға білек сыбана кірісесіз. Есесіне, миыңыз тап-таза, ойыңыз жинақы болады. Үзілістің ішінде, айтпақшы, физикалық жаттығу жасау да бар. 

22. Музыка тыңдаңыз. Ғалымдар жасаған көп зерттеулерде өнімділікті арттыруға әуен тыңдаудың әсері мол екені айтылады. Айталық, үй жинайтын болсаңыз, фонда музыка қосылып тұрса анағұрлым көңілді әрі тез орындап тастауыңыз мүмкін. Себебі ол көңіл-күйге әсер етеді. Сүйікті әндеріңізді тыңдап отырып, шаруа істеп көріңіз. Өнімділікті арттыруға бірден-бір септігі тиюі мүмкін.

23.Далаға жиі шығып тұрыңыз. Жұмыс уақытында арагідік далаға шығып, таза ауа жұтып тұрған жақсы. Себебі кеңседе омалып отыра берсеңіз, шаршайсыз. Содан өнімділігіңіз кеми түседі. Ғалымдар «дертті ғимарат синдромы» деген атау енгізіпті. Яғни іштегі вентиляцияның дұрыс болмауы, жарық пен жылудың жөнді реттелмеуінен адамның дертке шалдығуын айтады. 

24.Кешкі уақыт пен демалыс күндерді жоспарлаңыз. Адам үшін тынығу өте маңызды. Себебі бір күн не апта бойы жұмыс істеп келген соң адам демалысты дұрыс ұйымдастыруы қажет. Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз, отбасыңызға көңіл бөліңіз. Осылайша жағымды эмоцияларды сезініңіз. Сонда жұмыс істеу де жеңілдей түседі. Ал егер дұрыс демалыс болмаса, бір күні шаршап, жанып кетуі мүмкін. 

25. Бір аптада бір күнді белгілеп, сол кезде ештеңеге бас қатырмаңыз. Ол сенбі не жексенбі болуы мүмкін, мәселен. Өзіңізге уәде беріңіз. Еш іске кіріспеңіз. Ұнайтын нәрсемен айналысып, демалыңыз. Бітпеген іс, маңызды кездесу болса да қарамаңыз. Сіздің жұмыстан да бөлек өміріңіз бар екенін, ол жеке өміріңіздің де маңызды екенін есте ұстағайсыз.  

26.Жұмыстан демалыс алып тұрыңыз. Егер сіз жұмыстан ауырып не отбасылық мәселелерге байланысты жиі сұрана бермейтін болсаңыз, онда арасында демалыс сұрап тұруыңызға әбден болады. Жай ғана бір күн сұранып, жұмыстан басқа нәрсемен айналысыңыз. Әсіресе, маңызды жобадан бір күн бұрын не бір күн кейін. Миыңызға тынығуға мұрша беріңіз. 

27. Күн тәртібімен жүріңіз. Әрине, минут-секундына дейін жазып қойсаңыз, реті бұзылса көңіл-күйіңіз түседі. Мәселе онда емес. Бастысы, күн тәртібі дегенде тұратын, тамақ ішетін және ұйықтайтын уақытты белгілеңіз. Және соны қатаң ұстаныңыз. Мұндай режим ағза үшін өте пайдалы. Себебі үйреншікті уақытта қайталанып істейтін шаруаларды сіз белсенді, еш қиналмай атқаратын боласыз.  

28.Тынығамын деп ішімдік ішуді әдетке айналдырмаңыз. Әсіресе, ұйықтар алдында ішкен дұрыс емес. Қанша жерден жұмыс күні ауыр өтсе де. Әрине, ішімдік ұйықтауға көмектесуі мүмкін. Бірақ бірнеше сағаттан кейін кері әсер ете бастайды. Әрі ертеңіне жағдайыңыз нашар болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. 

29. Жиі тамақтаныңыз. Бір жегенде асап жеп тастау асқазанға зиян, өнімділікке жағымсыз әсер етеді. Себебі асқазан қорыта алмаса, өзіңізді жайсыз сезінесіз. Сөйтіп жұмысқа ден қоя алмайсыз. Егер түстен кейін жұмыста ұйқы басатын болса, тамақты екіге бөліп ішкен дұрысырақ. Қорытылуы қиын тамақтарды да жеңіл түріне ауыстырыңыз. Мысалы, аскөк, жеміс-жидек, балық, ащы шоколад жақсы. Кофені көп сіміре берген зиян. Оны көп ішсе, кері әсер етеді.   

30.Спортпен шұғылданыңыз. Физикалық жаттығулар денсаулықты нығайтын қана қоймай, зейінді шоғырландыруға, ми жұмысын тездетуге көмектеседі. Сонымен бірге күйзеліске ұшырамауға, өзіне берік болуға тәрбиелейді. Бұл болса, өнімділікке жол ашады. Сондықтан кем дегенде жаттығу жасап жүргейсіз.   

Сондай-ақ оқыңыз