Зейнетақы қорындағы салымшылар сомасы қанша?

Жарияланды
Салымшылар қаржысы инвестициялық табыс таба бастаған

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жинақ сомасы 13,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл соманың ішінде зейнетақы жарнасы да, инвестициялық табыс та бар. Әсіресе, 2021 жылдың 1 қаңтары мен 1 қарашасы аралығында таза инвестициялық табыстың 1,2 трлн теңгеден асып түскенін де ерекше атап өткен жөн. 

Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,6 млрд теңгеге немесе 10 пайызға артық. Ал Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 9,9 пайызды құрапты. 

Еске сала кетсек, инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және тағы да басқа құралдар кіреді.
Жалпы барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап, Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,9 трлн теңгеден асты. 

Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) инвестициялық табыстылық 2021 жылдың 1 қарашасында өсу қорытындысымен 672,69 пайыз , инфляция 538,41 пайыз болды. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген кезден 2021 жылдың 1 қарашасына дейін зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 134,28 пайызды көрсетті.     

«Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты. Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтында жарияланып отырады» деп хабарлайды БЖЗҚ. 

Бұл ретте қор жекелеген компаниялардың да табыстылық көрсеткішін жариялайды. 

«Jýsan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері қызметі басталғаннан бері (2021 жылғы 15 наурыз) 2021 жылдың 1 қарашасына 6,5 пайыз деңгейінде табыстылық көрсетті. «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің осы кезеңдегі табыстылығы – 6,1 пайыз; «BCC Invest» АҚ – 5,9 пайыз. Ал «Сентрас Секьюритиз» АҚ зейнетақы активтерін 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап басқарады, осы уақыт ішіндегі инвестициялық табыстылық 8,5 пайыз болды. Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді» делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

Жалпы, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының өсуі бір жыл көлемінде 613 миллиард теңге болған. 

«Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,9 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 5%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 355,7 млрд теңге (өсім – 16%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,7 млрд теңгеге жетті. 2021 жылдың тоғыз айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда көбірек қаражат салды. 2021 жылғы 1 қарашасындағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 1,1 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 203,5 млрд теңгеге немесе 23% артық» делінеді хабарламада. 

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2,2 трлн теңге төленген. Төлемдердің басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрайды, оның көлемі – 2,0 трлн теңге. Төлемдер сомасы бойынша екінші орында жасы бойынша төлемдер – 78,7 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар, ол шамамен 50,8 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 47,7 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 33,0 млрд теңге, жерлеуге – 4,5 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 1,8 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз