Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,75% болады.
Ұлттық банк бұл шешім жалпы инфляция баяулауы, сондай-ақ коронавирустың жаңа штаммы – омикронға қатысты белгісіздіктің артуын және оның инфляциялық процестерге, сыртқы және ішкі сұранысқа әсерін ескере отырып қабылданғанын мәлімдеді.
«Сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып өсуі нәтижесінде бағаның өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, көптеген елдерде инфляцияны жеделдету үрдісі сақталып отыр. Қытайдан басқа, негізгі сауда әріптестеріне жататын елдерде инфляция тарихи ең жоғары мөлшерде қалыптасады. Қазақстанда бағаның өсуі де жоғары деңгейде болып тұр. Азық-түлік инфляциясы мен ақылы қызметтер инфляциясының біршама баяулауы азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуімен өтелді. Халықтың жоғары инфляциялық күтулері қолда бар инфляциялық аяны күшейтеді. Шикізат нарықтарындағы салыстырмалы түрде жоғары бағалар мен карантин шектеулерін жеңілдету аясында ішкі экономика белсенді түрде қалпына келуде» делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ұлттық банк әлемдік экономикадағы проинфляциялық процестер өсіп келеді деп тұжырымдайды. Бұл карантин шараларының әлсіреуі, жинақталған жинақтардың көптігі, сондай-ақ кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуымен ынталандырылатын жаһандық тұтынушылық сұраныстың тез қалпына келуіне байланысты болып отыр.
«Сыртқы факторлардың ішінде теңіз порттарындағы жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлі де ковидке дейінгі деңгейден алшақ болып отырған энергия бағасының өсуін және жаһандық жеткізу қатарының бұзылуын атап өткен жөн. 2021 жылғы қарашада Baltic Dry Index қазандағы ең жоғары деңгейден төмендеді. Алайда, бұл 2020 жылғы мамырдағы деңгейден 6 есе жоғары. Жаһандық инфляцияның жылдамдауына қымбаттап отырған азық-түлік бағасы да қосымша үлес қосады, бұл ұсыныстың төмендеуіне, экспорттаушы елдердегі ауа райының нашарлауына, сондай-ақ фрахт бағасының өсуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі қарашада бір айлық мәнде 1,2%-ға өсіп, 2011 жылғы маусымнан бастап ең жоғары деңгейге жетті».
Осы факторлардың барлығы әлемдегі, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптестеріндегі инфляцияның одан әрі жылдамдауына алып келеді. ЕО мен Ресейдегі инфляция 2021 жылғы қазанда тиісінше 4,4% және 8,1% құрап, тарихи ең жоғары деңгейде болып отыр.
«Сыртқы сектор тарапынан инфляцияға қарсы қысым ішкі бағалардың өсуінде көрініс табады. 2021 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция аздап баяулап, биылғы жылғы қазандағы 8,9%-бен салыстырғанда 8,7% болды. Бұл серпін азық-түлік тауарлары бағасының 11,3%-дан 10,9%-ға дейін және ақылы қызметтер бағасының 6,9%-дан 6,4%-ға дейін өсуінің баяулауына байланысты болды. Азық-түлік құрамдас бөлігі өсуінің қазіргі баяулауына бір айдағы серпіннің тұрақтануы және өткен жылдың жоғары базасы жағдайында майлар мен тоң майлар, қант және жұмыртқа дезинфляциясы айтарлықтай үлес қосты. Бұл ретте 2021 жылғы қарашада нан-тоқаш өнімдері мен жарма, ет өнімдері бағасының өсуі жалғасты, бұл өндірушілер шығындарының ұлғаюына, дәнді дақылдарды жалпы жинаудың төмендеуіне байланысты. 2021 жылғы қарашада жанар-жағар май, қатты отын бағасы өсуінің жалғасуы нәтижесінде жылдық азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,8%-дан 8,3%-ға дейін жеделдеді. Жанар-жағар майдың тұтыну бағасының жылдық өсуі 22,3% (айлық өсу – 4,3%) болды: бензин құны 18,4%-ға (2,4%), дизель отыны – 46,6%-ға (14,6%) өсті. Отынның қымбаттауы өндірушілер бағасының өсуі жағдайында орын алып отыр» делінген хабарламада.