Ресурстар

БЖЗҚ-дан Отбасы банкіндегі депозитке аударылған ақша 3 жылда пайдаланылмаса, зейнетақы қорына қайтарылады

Осы уақытта тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем рәсімдеу қажет

БЖЗҚ-да артық ақшасы бар азаматтар оны Отбасы банкіндегі депозиттік шотқа аудара алады. Қазіргі кезде www.enpf-otbasy.kz порталы «Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру» батырмасымен толықтырылып жатыр. Тағы бір өзгеріс – БЗТ пайдалану мақсаттарын растау мерзіміне қатысты. Ол 45 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне қысқарған. 

Жаңа қызметті пайдалану бірнеше қадамнан тұрады. Алдымен ЭЦҚ арқылы www.enpf-otbasy.kz платформасына өтіп, жеке кабинетте, депозит пен арнайы ағымдағы шоттың бар-жоғын тексеру керек. Жарамды депозит бар, бірақ арнайы ағымдағы шот жоқ болса, платформадағы өтінімге қол қою қажет, сонда автоматты түрде арнайы ағымдағы шот ашылады. Ал депозит жоқ болса, оны Отбасы банкінен алдын-ала ашқан жөн. 

Содан кейін, www.enpf-otbasy.kz порталында өтініш қалыптасып, БЖЗҚ-ға жіберіледі. БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарастырып, БЗТ Отбасы банкіндегі арнайы ағымдағы шотқа аударады. Сол жерден қаражат депозитке түседі.

«Енді қазақстандықтар Отбасы банкіндегі шотына зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асатын бөлігін аудара алады. Бұл оларға алғашқы жарнаны тиімді түрде жинап, жақын арада қоныс тойын тойлауға көмектеседі. Ең бастысы, бұл мүмкіндікті жастарымыз қолдана алады. Қазір зейнетақы жинақтарын алып жатырған 18-25 жас аралығындағы азаматтардың үлес салмағы – небәрі 5 пайыз. Жасы мен жұмыс өтілінің жоқтығына байланысты олардың жинақтары жеткіліксіз, алайда дәл осы жастарымыз үшін баспана мәселесі өте өткір тұр. Жаңа мүмкіндік осы мәселені шешуге арналған» деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Осы орайда банк зейнетақы қорынан арнайы депозитке аударылатын қаржыны пайдалану ережесін түсіндіріп өтті. 

•    БЗТ түскен депозиттер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің стандартты шарттарына бағынатын болады. Яғни, жинақ шоттарына 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын бір жылдық жинақ сомасына) есептелетін болады.

•     3 жылдың ішінде Отбасы банк депозитінің көмегімен, оған аударылған БЗТ-ны қолдана отырып баспана алу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем рәсімдеу қажет. Егер банк клиенті бұл аралықта зейнетақының артық қаражатын пайдаланып үлгермесе, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады. 

•    Депозитті жауып, зейнетақы төлемдерін алу мүмкін болмайды. Шот жабылған жағдайда, қаражат БЖЗҚ-ға қайта аударылады.

•    Мұндай депозит туыстарға табысталған жағдайда да, банк шотындағы БЗТ қаражаты зейнетақы қорына қайтарылады.

•    Депозитті бөлген жағдайда, азаматтарымыз жеке жинақтаған қаражаттарын ғана алуға құқылы.

•    БЗТ белгісі бар депозиттер бір салымшыға тиесілі болған жағдайда біріктіруге рұқсат етіледі.

•    Интернет-банкингте БЗТ белгісі бар депозиттерді сатуға тыйым салынады. Оларды сондай-ақ үшінші тараптың кепілгер депозиті ретінде де пайдалануға болмайды.

•    Отбасы банкіндегі БЗТ белгісі бар депозиттердегі қаражатты салымшының басқа қарыздық міндеттемелері бойынша өндіріп алу мүмкін емес.

Зейнетақы қаражатын қамтитын Отбасы банк депозиттерін келесі мақсаттарға пайдалануға болады:

– тұрғын үй сатып алу үшін Отбасы банкінен заем алу (оның ішінде бір банктік несие шарты бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу);
– Отбасы банкінде заемды қайта қаржыландыру;
– жеке тұрғын үй құрылысы (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда);

Отбасы банкіндегі депозиттерді толықтыру мүмкіндігінен бөлек, Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері БЗТ көмегімен бөлек жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін де қарастырады.

Егер қазіргі уақытта www.enpf-otbasy.kz платформасын пайдаланушылар басқа мақсат таңдаған болса, онда оны жаңа мақсатқа оңай өзгертуге болады.