Ресурстар

Қысқы олимпиада қорытындысы: Қазақстанның потенциалы қандай?

Келер ойындардан үміт бар ма?

Олимпиадалық цикл үшін төрт жыл аз да, көп те уақыт емес. Төрт жылда тұтас бір буынды тәрбиелеп бәйгеге қосуға, сөйтіп сенсация жасауға да болады. Не тасбақа жүрістен танбай тура төрт жыл бұрынғы көрсеткішті қайталап беруге де болады. Біздікі екіншісіне жатады. Бейжіңдегі қысқы олимпиада бітті. Қазақстан тағы да жүлдесіз. Ал спортқа жауапты шенді-шекпенділер нендей уәж айтады?

34 спортшы. 87 жолдама. 30-орын.

«Фристайл могулдан, шорт-тректен де үмітіміз бар еді, бірақ медаль ала алмадық. Дегенмен, кейбір спорт түрлерінен спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Сараптама қорытындысы бойынша шорт-тректен бұрын олимпиадада 5-6 орын алсақ, бұл жолы 4-5 орынға, бір сатыға көтерілдік. Бұл спорт түрін дамыту үшін арнайы бағдарлама жасалады. Коньки спорт түрінен де ілгерілеу бар. Соңғы жылдары қатты төмендеп кеткен шаңғы спорт түрі олимпиадада ең нашар нәтиже көрсетті».

Елсияр Қанағатов, ҰОК спорт дирекциясының директоры

Жарыс қорытындысы бойынша нәтижелерге талдау жасалады. Қысқы спорт түрлерін дамыту жолдары қарастырылады дейді Қанағатов.

«Елімізде бұқаралық спорттың даму деңгейі қазіргі кезде өте төмен. Солтүстік өңірлерде шаңғы спорты дамымайды, мектептерде шаңғы теуіп үйретпейді. Ауылдық жерлерде спорттық кешендер салу мәселесі әлі де күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыруға көп көңіл бөлуді тапсырды. Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан біз өз ұсыныстарымызды беріп жатырмыз. Бұқаралық спортты дамытпай, ауылдық жерлерге көңіл бөлмей, жарыстар санын арттырмай, әсіресе жастар, балалар арасында, үлкен жетістікке, медальға қолжеткізу мүмкін емес. Сондықтан бұрынғы спорттық қоғамдарды жандандыру керек. Бәріміз атсалысып, күш-жігерімізді жұмсасақ, болашақта елімізде қысқы спорт түрлерін жақсы деңгейге шығаруға мүмкіндік бар».

Олимпиадада ең үздік нәтиже көрсеткен шорт-трекшілер болды. Жекелей сында (500 метр) Абзал Әжғалиев 4-орын алса, командалық жарыста 5-орын алдық.

«Олимпиада ойындарына тікелей қатысуға жұмсалған шығындар – 248 млн теңге, оның 107 млн теңгесі AirAstana компаниясына чартер ұсынғаны үшін төленді. Ұлттық құрама командаларды ойындарға дайындау үшін 789 млн теңге жұмсалды. Дайындық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға 234 спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Орта есеппен шығындар бір қатысушыға 15 млн теңгені құрады. Спорт түрлері бойынша жыл ішінде нақты спорт түріне қанша қаражат жұмсалады? Бұл жағдайда биатлон – 384 млн теңге, тау шаңғысы спорты – 100 млн теңге, конькимен жүгіру спорты – 400 млн теңге, шаңғы жарысы – 363 млн теңге, керлинг – 200 млн теңге, шаңғымен трамплиннен секіру – 198 млн теңге, сноуборд – 14 млн теңге, мәнерлеп сырғанау – 143 млн теңге, фристайл-могул – 562 млн теңге, фристайл-акробатика – 319 млн теңге, хоккей шайбамен (ерлер мен әйелдер) – 259 млн теңге, шорт-трек – 392 млн теңге. Жалпы, қысқы спорт түрлеріне жұмсалып, қарастырылған бюджеттік қаржыландыру – 3,5 млрд теңге. ҰОК осы олимпиадалық циклге тартқан демеушілік қаражаты басқа да көздерден өзге шамамен 2 млрд теңгені құрады».

Андрей Крюков, ҰОК Бас хатшысы

Крюковтың айтуынша, осы жолғы додаға қатысқан көптеген қазақстандық спортшы мемлекеттік марапаттарға ұсынылады.

«Бір жылда екі олимпиада өткізіп, әрине, екеуінің де нәтижелерін салыстыра бастаймыз. Елімізде қысқы спорт түрлері жазғы спорт түрлерінен айтарлықтай артта қалып келеді. Тарихымызда қысқы спортшылар тек 8 олимпиада медалін және 1994 жылы бір ғана алтын жеңіп алды. Бір спортшының еншісінде 4 медаль. Яғни, қысқы спорттағы жағдай күрт нашарлады немесе жақсарды деп айтуға болмайды, ол әрқашан жазғы спорт түрлеріне қарағанда нашар болды. Токиода немесе Бейжіңде алған бір алтын медаль қазақстандық спортта проблемалар жоқ дегенді білдірмейді, бұл туралы аз айтылып келді. Айта кетейік, бірінші және алтыншы орындар заң бойынша жүлделі орындар болып саналатынын еске салып өтейін. Тиісінше, бұл спортшылар сол үшін марапатталады. Сондай-ақ, ерекше көзге түскен спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік марапаттарға ұсыну жөнінде өтініш жасағымыз келеді. Өйткені, олардың кейбіреулері үшін бұл 3-4 олимпиада, олар жоғары деңгейде еліміздің намысын қорғады. Осы олимпиададан кейін көбі спорттық мансабын аяқтайды».

Жанбота Алдабергенова, Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева сынды спортшылардың жасы келіп қалды. Олардың ізбасарларының нәтижесі қандай? Жалпы кадр даярлау мәселесі қалай жүріп жатыр? Сұраққа Елсияр Қанағатов былай жауап береді.

«Рейхерд 5-ші олимпиадаға, Галышева, Величко, Кузин, Айдова – 4-ші олимпиадаларына барды. Олардың артында ізбасарлар аз. Бірақ 34 спортшының 19-ы жастар. Бірнеше олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғау – бұл үлкен еңбек. Медаль алу оңай емес. Абзал Әжіғалиевтің 4-ші орын алғанын тарихи жеңіс деп айтуға болады. Жүлде алу үшін қысқы спорт түрлерінің дамуына жағдай жасау керек. Спорт мектептерінің санын көбейту керек. Балалармен айналысатын жаттықтырушылар керек, олардың жалақысын өсіру керек. ҰОК өз атынан осыған қатысты ұсыныстарын берді».