Қаңтар дағдарысында қай банк өсімді сақтап қалды?

Жарияланды
Сектордағы ахуал туралы аз сөз

Қаңтарда болған бүлік еліміздің банк секторына да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Жылдың алғашқы айында екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) жиынтық салым көлемі 1,8 пайызға қысқарып, 1 ақпандағы жағдай бойынша 25,54 трлн теңгені құраған. Елдегі 22 ЕДБ-ның 13-і минус көрсеткішке ие болса, үздік ондықтағы қаржы институттарының тең жартысындағы салым азайып кеткен.

Қазақстандағы депозит көлемі бойынша ең ірі банк Bank RBK саналады. Қаржы институтындағы салым көлемі 1 пайызға өсіп, 764,4 млрд теңгені құрапты. Бұл ретте банктегі салым мөлшерінің өсуі қаржы ұйымы жұмысының тұрақтылығынан хабар беретін бірден бір белгі екенін де айта кеткен жөн.

«Соңғы бір жылда Bank RBK салым портфелін 29,2 пайызға көбейтіп, банк секторындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Банктегі салымдар үлесі жағынан бөлшек (+49,1 пайыз, 342,8 млрд теңге) және корпоративті (+16,6 пайыз, 421,6 млрд теңге) секторда да байқалады. Банк портфелі тепе-теңдікке ие: халықтың салымдары 45 пайызды құраса, бизнес салымдары – 55 пайыз. Сондай-ақ айлық динамикада Halyk Bank (0,9 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (0,8 пайыз) және тек қана корпоративті секторда жұмыс істейтін «америкалық» Ситибанк Қазақстан (0,5 пайыз) да оң көрсеткішке жете алған. Үздік ондықтағы тағы бес банк қаңтар айының қорытындысы бойынша салым көлемін төмендетіп алған. Бір ғана ЕДБ – «Еуразиялық банкте» бір айдағы салым көлемі мүлде өзгермеген» деп жазады Ranking.

Соңғы бір жыл көлемінде екінші деңгейлі банктердің салым көлемі 17,8 пайызға өсім көрсеткен. Соның ішінде халықтың салымы 20,2 пайызға, 13,09 трлн теңгеге, бизнестің салымы 15,3 пайызға, 12,45 трлн теңгеге өскен. Бір жылда екінші деңгейлі банктердің депозит портфеліндегі халықтың салымы 50,2 пайыздан 51,3 пайызға көбейген.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін банк секторы Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты геосаяси тәуекелдер туындатқан проблемалармен бетпе-бет келді. Осындай күрделі кезеңде Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып қаржы нарығын қорғау және тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында теңгелей салымдарды қорғау бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Оған бір және бірнеше екінші деңгейлі банктерде ашылған жеке тұлғалардың салымдары қатыса алады. Тізімге 20 қаржы институты кіреді» делінген Ranking зерттеуінде.

Бағдарлама ағымдағы және карточкалық шоттарға, сондай-ақ талап етуге дейінгі депозиттерге және шартты депозиттерге қолданылмайды. Өтемақы алатын депозиттер:

  • Теңгедегі мерзімді депозиттер;
  • Теңгедегі жинақ депозиттер;
  • «Отбасы банк» АҚ-дағы тұрғын үй құрылыс жинақ депозиттері;
  • Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіндегі салымдар.

10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі.

Өтемақыға (сыйлықақыға) жеке табыс салығы салынбайды.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» мәліметінше, 2021 жылдың соңына қарай екінші деңгейдегі банктердегі теңгелік жинақ салымдардың жиынтық көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Қолданысқа енгізілген сәттен бастап (2018 жылдың күзі) күні бүгінге дейін жинақ салымдардың көлемі 37 еседен артық өсіпті. Осы уақыт ішінде басқа ешбір депозит түрі мұндай нәтиже көрсеткен жоқ. Теңдесі жоқ мұндай өсім, азаматтардың депозит таңдауға жауапкершілікпен қарай бастағандығын және ұзақ мерзімге ақша салуға келгенде жинақ салымдарға басымдық беретіндігін көрсетеді.

2022 жылдың 11 қаңтарына дейін максималды өтем сомасы 15 млн теңгені құраған болатын. Алайда жинақ салымдардың көлемінің тұрақты өсіп жатқандығы ескеріліп, сондай-ақ қазақстандықтардың жинақ ақшаларының сақталуын барынша қамтамасыз ету және оларды ақшаларын ұзақ мерзімді, тұрақты депозиттерге сақтауға ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап, кепілдік сомасы 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа бір банкте теңгедегі жинақ салымдармен қатар, басқа депозит түрлеріне де ақша салған салымшылар үшін қордың кепілдік берілген максималды жиынтық өтем сомасы да 20 млн теңгеге дейін артты.

Сонымен қатар банк секторында мерзімі өткен берешектер де 445 млрд теңгеге азайған. Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылдың 1 ақпанында барлық банк займдары бойынша мерзімі өткен берешек көлемі 608,1 млрд теңгені құраған. Тура бір жыл бұрын берешек көлемі 1,05 трлн теңгеден асып түскен еді. Демек, бұл тұрғыда прогресс бар деп топшылауға болатындай.

Жалпы соманың (608,1 млрд теңге) 309 миллиарды жеке тұлғаларға (жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда) тиесілі болса, заңды тұлғалар 299,1 млрд теңгені кешіктіріп отыр. Ұлттық валютадағы нашар займдар үлесі 514,7 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы нашар займдар – 93,4 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз