Қазақстан мұнай сатудың балама бағытын таба ала ма?

Жарияланды
Каспий құбыр желісі консорциумы істен шықты

Қазақ мұнайы экспортының 80 пайызын қамтамасыз етіп отырған Каспий құбыр желісі консорциумының жөндеу жұмыстарына байланысты қызметін тоқтатуы салдарынан Қазақстан тәулігіне 320 мың баррель мұнай өндіруден айырылады екен. Алдын ала есептеу бойынша жөндеудің сәуір айының соңына дейін созыларын ескерсек, бір айлық перспективада елімізде 1,3 млн баррель мұнай өндірілмей қалады.

«КҚК-ны қалпына келтіру жұмыстарына байланысты Қазақстанның жоғалтқан өндіріс көлемі шамамен тәулігіне 320 мың баррельді құрауы мүмкін. Бұл қысқарту ОПЕК+ серіктестерімен байланыс аясындағы өтемақы жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Маусым-шілде айларында НСОС объектілеріндегі күрделі жөндеуді ескере отырып, Қазақстан маусым айының соңына қарай ОПЕК+келісімі шеңберінде өндіруді шектеу бойынша өз міндеттемелерін толық өтейді» делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) – Ресей, Қазақстан елдерінің жетекші мұнай өндіруші компаниялары қатысатын халықаралық мұнай транспорттық жобасы. Қазақстанда өндірілген мұнай мен ресейлік компаниялардың шикізаты осы құбыр желісі арқылы Новороссийск порталына келіп, сол жерден танкер арқылы әлем елдеріне тасымалданады. 22 наурыз күні КҚК қатты дауыл салдарынан айлақтағы екі құрылғы істен шыққанын, сәл кейінірек құбыр желісінің толықтай жұмысты тоқтатқанын мәлімдеді.

Ендігі кезекте мұнайды Ресей арқылы экспорттаудың қауіпті боларын іш сезеді. Сарапшылар Қазақстан жедел түрде экспорт тасымалының балама маршрутын табуы керек деп есептейді. Бұл ретте AERC сарапшылары бірнеше нұсқа ұсынады.

«А нұсқасы – «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры Өзен-Атырау-Самара мұнай құбыры – жылытылатын магистральдық мұнай құбыры. Ол Өзен кен орнынан Атырау мұнай өңдеу зауытына дейін тартылып, одан кейін Самара бағытында «Транснефть» мұнай құбыры жүйесіне қосылды. Одан әрі Ресей аумағы арқылы Балтық теңізіндегі ресейлік теңіз порттарымен байланысады. «Атырау-Самара» мұнай құбырының басты проблемасы – бұл бағыттың өткізу қабілеті жылына небәрі 17,5 миллион тоннаны құрайды. Сонымен қатар өте жоғары сападағы қазақстандық КҚК мұнайы (CPC Blend crude) ресейлік Urals-пен араласып, Brent маркасындағы дисконтпен бірге сатылады.

Б нұсқасы – «Қазақстан-Қытай құбыр желісі» Атасу-Алашанькоу (ұзындығы – 965 шақырым) экспорттық мұнай құбырының иесі саналады. Аталған мұнай құбырының өткізу қабілеті – жылына 20 млн тоннаға жуық. Алайда аталған маршрут КҚК мұнайын тасымалдау мәселесінің шамалысын ғана шеше алады.

В нұсқасы – «Баку-Тбилиси-Жейхан» (ұзындығы – 1768 шақырым) үш ел – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясы арқылы өтеді. Өткізу қабілеті – жылына 50 млн тонна. Бұл мұнай құбыр желісі каспийлік мұнайды Түркияның Жерорта теңізінің жағалауындағы Жейхан портына жеткізеді. Бұл Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбританияның тікелей қатысуымен салынған ТМД елдеріндегі бірінші бағыт» дейді Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығының сарапшылары.

Алайда басқа бағыттармен салыстырғанда КҚК мұнайы үшін айтарлықтай қуаттылыққа ие болғанымен, мынадай негізгі түйткілдері бар:

• Қазақстан мен Әзірбайжан арасында транзитке қатысты келісім жоқ. Мұндай келісімге келу ұзақ уақытты алады және шетелдік серіктестердің ол келісімге тікелей қатысуын қажет етеді;

• Қай бір жылдары жылына 12 млн тоннаға дейін өткізу қабілетіне ие болып дүрілдеген Ақтау портының қазіргі қабілеті сұрақ тудырады. Тіпті оны жылына 20 млн тоннаға жеткізген күннің өзінде порт инфрақұрылымын жетілдіру үшін қыруар қаржы қажет болмақ.

Сондай-ақ Г нұсқасы да бар.

«Иран арқылы балама – танкерлерді пайдаланып, КҚК мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдау, содан кейін оны әлемдік нарықтарға тасымалдау. Сондай-ақ Ақтау портынан бөлек бір мәселе – жақын арада алынып тасталуы мүмкін делінетін, Иран мұнайына салынған эмбаргоға келіп тіреліп тұр» делінген орталық зерттеуінде.

«Ашық деректерге қарағанда («Қазақстан-Қытай құбыр желісі» ЖШС есебі) 2021 жылы «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырының сыйымдылығы 12,1 млн тоннаны (жылына жалпы қуаттылығы – 17,5 млн тонна) құраған. «Атасу-Алашанькоу» маршруты бойынша 2021 жылы 11 млн тонна мұнай тасымалданған. «Баку-Тбилиси-Жейхан» арқылы 26,4 млн тонна мұнай өткен. Енді негізгі сауал: 2021 жылы 53-54 млн тонна көлемде тиелген КҚК мұнайын қалай бөлістірсе болады? Жоғарыда аталған мұнай құбырларының сыйымдылығын ескере отырып, бір жылда КҚК-ның 23 млн тоннасын – «Баку-Тбилиси-Жейхан», 5 млн тоннасын – «Өзен-Атырау-Самара» және 9 млн тоннасын «Атасу-Алашанькоу» арқылы өткізуге болар еді. Соның өзінде тағы 17 млн тонна мұнай қалады. Оны Иран арқылы экспорттауға болады» деп жазады AERC сарапшылары.

Телеграмдағы Energy Analytics каналының жазуынша, КҚК толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұрған кезде оған үш ірі мұнай кен орнынан «қара алтын» жеткізіліп отырды:

• «Теңізден» – тәулігіне 500-600 мың баррель;
• «Қашағаннан» – тәулігіне 300-400 мың баррель;
• «Қарашығанақтан» – тәулігіне 200-250 мың баррель.

«Мұнай нарығына мұнай экспорттаушы елдер қатты әсер етеді. Сауд Арабиясы мен Ресей өндірілген мұнайдың 70 пайызына дейін экспорттайды. АҚШ бұл екі елден де көп өндіріс жасайтынына қарамастан өндірген мұнай ел ішіндегі тұтынудан артылмайды. Мексика өз мұнайының тек 30 пайызын сатады, қалған 70 пайызын ел ішінде тұтынады. Қазақстан өндіріс бойынша әлемде 13-орында тұр ( тәулігіне 1,8 млн баррель). Сонымен қатар еліміз өз мұнайының 80 пайызын экспорттайды, бұл тұрғыдан әлемдегі ірі экспорттаушылардың ондығына (9-орын) кіреді. Мұнайдың әлемдік экспорты тәулігіне 42 млн баррель болса, Қазақстанның экспорты соның 3 пайызын құрайды» деп жазады Energy Analytics.

Тәулігіне экспортталатын 1,4 млн баррель мұнай төрт бағыт бойынша сатылымға шығарылады:

• 79 пайызы – тәулігіне 1,1 млн баррель КҚК арқылы;
• 17 пайызы – «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы;
• 3 пайызы – Ақтау порты арқылы;
• 1 пайызы – Қытайға.

«Қазір КҚК-ның толық қуаттылықпен жұмыс істемей тұрғанын ескерсек, мұнай экспортының 1-1,5 пайызы жетіспей тұр, бұл – бюджет табысының 20-30 пайызы» деп жазады Energy Analytics сарапшысы.

Сондай-ақ оқыңыз