Импорт алмастыруға бағытталған 700 жоба іріктелді

Жарияланды (жаңартылды )
Инновациялық жобалардың кураторлары бекітіліп, оларға жеке жауапкершілік жүктелмек

Қазақстанда ипорт алмастыруға бағытталған 700 жоба іріктеліп алынбақ. Министрлік инвестициялық жобалардың кураторларын белгілеп, жобаның жүзеге асырылуына жеке  жауапкершілік жүктеуді көздеп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министр өңдеу өнеркәсібінің қазіргі жай-күйі мен даму  болашағына терең талдау жүргізілгенін хабарлады.

«Министрлік еліміздің барлық импортына талдау жүргізілді. Жалпы импорт сомасы жылына $38,4 млрд құрайтыны анықталды. Елімізге машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара және түсті металлургия ($3,1 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), сондай-ақ құрылыс материалдары ($1,4 млрд) өнімдері өте көп жеткізіледі» деді ведомство басшысы.

ҚР ИИДМ зерттеу нәтижелерін жинақтап, зерделеген соң импортты алмастырудағы басым бағыттар анықталған. Соған сәйкес астана мен өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібінің 6 бағытында инвестициялық жобалар пулы жасалды. Оған жалпы сомасы 20 трлн теңге болатын 700-ден астам іске асырылып жатқан және перспективалық өндірістер кірді. Бұл кәсіпорындарда 131 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Жобалар 4 санатқа бөлінген: биыл енгізілетін, іске асырылатын, пысықталатын және перспективалық жобалар. Олар сондай-ақ өңірлер бойынша бөлініп, аса маңызды бағыттар жеке тізбеге енгізілген. Әр өңір мен тізімді толық құзыреті бар кураторлар жүргізеді. Олар жобаларды ілгерілетуге көмектесіп, жауапты болады. Мысалы, егер қандай да бір кәсіпорында жолдың жоқтығына байланысты проблема туындаса, куратор құжаттарды дайындап, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың басшылығын хабардар етуі тиіс» деп атап өтті Қ.Өскенбаев.

Кураторлар арнайы дайындалып, байланыс арналары жасалды. Жолға қойылған жүйе әр жобаны дербес сүйемелдеуге, проблемаларын жедел шешуге және іске қосуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 2025 жылға дейін $4 млрд-қа импортты алмастыратын және шикізаттық емес экспорт көлемін $9 млрд-қа арттыратын 131 негізгі жоба іске асырылуы тиіс.

Негізгі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде керамикалық плита, автоклавты газоблок, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс, кальцийленген және каустикалық сода, калий тыңайтқыштары, карбамид, арнайы кокс, сэндвич панельдер, ЛДСП, натрий цианиді сияқты өнімдер бойынша импортты 100% алмастыруға болады.

Бұдан бөлек, атқарылып жатқан жұмыстар ферросилицийдің әлемдік экспортында екінші орынға шығып, болат импортын 75%-ға азайтуға, сондай-ақ отандық мақтаны толықтай өз елімізде қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз