Кредит картаны қалай таңдау керек?

Жарияланды
Көрсеқызарлыққа салынып, қарызға кіріп кетпеудің қандай амалдары бар?

Credit card яғни кредит картаны дебет картамен шатастыруға болмайды. Себебі екеуі екі бөлек. Кредит картада сіздің емес, банктің ақшасы тұрады. Сәйкесінше, ол ақшаны жаратқан соң қайта орнына қоюыңыз керек. Бүгінде қызметтің бұл түрі барлық дерлік банкте бар. Ендеше, өзекті тақырып бойынша оқырмандарға пайдалы кеңестер мен сіздің білуіңіз тиіс мәліметтерді жинақтап қойдық. Сонымен кредит карта қай кезде керек, ашқанда нені ескеру керек?

Ең алдымен өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: бұл карта сізге расында қатты қажет пе? Бәлкім, өз қаражатыңыз өзіңізге шын мәнінде жеткілікті болар?Олай дейтініміз, көпшілік кредит картадағы қаражатты қарыз деп емес, тегін ақшадай көрсеқызарлықпен рәсімдеп, ай сайын жаратқанда да солай ойлауы мүмкін. Дегенмен есіңізде болсын: бұл — қарыз. Уақытылы төлемеген жағдайда пайызы өсіп, басыңызды қатыруы да мүмкін. Сондықтан қаржы құралының бұл түріне келгендей абайлаған абзал. Әрине, сауатты қолдана білген адамға кредит карта өте қолайлы. Бұл жерде бастысы өзіңіздің ішкі тәртібіңіздің мықты болуы қажет. Есеп жүргізу, санау қабілеті жақсы адамдар да мұны өз пайдасына жаратып әкетеді. Кредит карта ашқан адамның міндетті түрде тұрақты табысы болғаны жөн. Олай болмаған жағдайда күні ертең өсімпұл қосылып, банктер тоқтаусыз хабарласып, қосымша мәселе туындайды. Әлбетте, алғыңыз келген затқа бірнеше ай ақша жинап, қолма-қол алған жақсырақ.

Кредит картаны дұрыс пайдалану жолдары

     Сонымен, басында айтқанымыздай, жақсылап ойлана келе ақыры кредит карта рәсімдейтін болып шешсеңіз, енді оны басыңызға артық мәселе туындамайтындай қолдану жолдарын бөлісейік. Кредит карта керек деген бойда есіңізге түскен не жақын маңдағы бір банкке барып аша салған жөн болмайды. Себебі нарықты ұсыныстың сан түрі бар. Дұрысы, бәрін саралап барып біреуін таңдаған дұрыс. Ол үшін мына нәрселерге мән беру қажет:

  • Кредит лимиті;
  • Грейс-кезең;
  • Картаны қолданғаны үшін алынатын ақы;
  • Бонус жинауға бола ма, адалдық бағдарламасы қандай;

Кредит лимиті

      Мән беру қажет төрт нәрсені тізіп шықтық. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек. Кредит карта шығаратын кез келген банктің сізге беретін сомасының шегі болады. Оның көлемі әр клиентке әр түрлі. Яғни сіздің төлем қабілетіңізге байланысты қаражат көлемі көп не аз болады. Айталық, сіз «Бәленбай банктің» бұрыннан бергі клиенті болып, айлығыңыз алатын есепшотыңыз сол банктен ашылған болса, сізге көбірек қаражатты беруі мүмкін. Дегенмен лимитті ұлғайтып берді екен деп көзсіз ақша шаша беруден аулақ болу шарт. Мысалы, бір айда 150 мың теңге берілген болса, бәрін түгел құртып тастасаңыз, келесі айдан бастап үш айға бөліп төлеу керек болған жағдайда 50 мың теңге қарыз мойныңызда екенін ұмытпаңыз. Айтқандай, кредит картадағы қаражатты сұрауы жоқ ақшадай құрта бермеңіз. Мейлі, лимитіңіз жетіп тұрса да максимум жарата бермеңіз. Кез келген тауарды аларда «бұл маған шынымен аса қажет пе?» деп сұрап, өзіңізге шынайы жауап беруге тырысыңыз. Жалпы алғанда қазіргі дағдарыс жағдайында барынша үнемдеп, зат аларда эмоцияны жиып қоя тұрған абзалырақ. 

Грейс-кезең

      Кредит карталардың қай уақыт ішінде төлегенде пайыз қосылмайтыны бекітілетін грейс-кезеңі болады. Яғни сіз картадағы қаражатты жаратып, бекітілген уақыт ішінде кешіктірмей төлесеңіз, онда артық төлемей, сол күйі алғаныңызды ғана қайтарасыз. Көбіне грейс-кезең 1 немесе 2 ай көлемінде болады. Оның ішінде сіздің сауда жасайтын уақытыңыз бен сол ақшаны орнына қоюыңыз керек уақытыңыз бар. Әр банк саясаты әр түрлі. Мысалы бір банктерде алған ақшаны келесі айға дейін орнына қою керек болса, кейбірі бір айдағы сауданы үш айға бөліп беруді ұсынады. Сонымен бірге кей кредит карталармен тек банктің серіктес дүкендерінде төлеуге мүмкіндік беріледі. Ал енді бірінде ақшаны қолма-қол шығарып алатын немесе кез келген төлем терминалы арқылы есептесуге болатын функция қосылады. 

Картаны қолданғаны үшін алынатын ақы

      Банктің сізге қарызға берген сомасынан бөлек, картаны қолданғаныңыз үшін алынатын ақы болуы мүмкін. Бұл да әр банкте әр түрлі. Атап айтқанда мынадай қосымша шығын түрлері бар:

  • Қолданғанына алынатын пайыз;
  • Жылдық қызмет көрсету ақысы;
  • Банк банкоматтарынан ақша алғаны үшін немесе аударымдар үшін алынатын комиссия.

Кредит картаны қай банктен рәсімдеуді жақсылап ойланып шешу керек дейтініміздің бір себебі — осы. Өйткені кей банктерде комиссия жоғары немесе жылдық қызмет көрсету ақысы қымбат болуы мүмкін. Сонымен қатар, қандай да бір қосымша қызметтерді тықпалап жібермеуіне де абай болыңыз. Айталық, сақтандыру немесе қашықтан қызмет көрсету сынды сізге қажеті шамалы қызметтер үшін ақы алып алуы мүмкін. Егер қосымша қызметтерді ұсынса, олардың қаншалықты міндетті екенін, бағасы қанша екенін қысылмай сұрап алыңыз. Өйткені төлейтін — өзіңіз. 

Ендігі мәселе — жылдық қызмет көрсету ақысы. Басым бөлігінде бірінші жыл тегін болады. Келесі жылдан бастап белгілі бір сома деп айтады. Бұл жерде де ескеру керек жайт бар. Жылдық қызмет көрсету ақысын бір жылда бір рет ала ма, жоқ әлде 12-ге бөліп ай сайын ұстай ма? Мұндай да болуы мүмкін. Сонымен бірге комиссия мәселесінде де анықтап алыңыз. Қолма-қол ақша шығарғаны үшін қанша комиссия ұстайды? Шешіп алатын соманың белгілі бір пайызы ма, жоқ әлде бекітілген сома бар ма? Мысалы қолма-қол шығарған ақша үшін 4 пайыз ұстайды, бірақ кем дегенде 2000 теңге шығаруыңыз керек деуі мүмкін. Бұл жерде мына ескеріңіз: 2000 теңге деген — 50 мың теңгенің 4 пайызы. Яғни банкоматтан 2000 теңге шығаратын болсаңыз, оның 4 пайызы — 80 теңге ұстайды деген сөз емес. 2000 теңге алсаңыз, комиссия жоғарыда айтқандай 2000 теңге болады. Ал енді 50 мың теңге шығарып алсаңыз, онда 2000 теңге ұстайды. Одан артық сома шығаратын болсаңыз, сол соманың 4 пайызы алынады. Әрине, бұл — мысал ғана. Дегенмен осылай есептеп, анықтап алған жөн болады.

Айтпақшы, комиссия тек қолма-қол ақшада ғана ұсталмауы мүмкін. Сондай-ақ, картадан картаға аударғанға да комиссия бекітетіндер бар. Сондықтан кредит картаны тиімді пайдаланғысы келгендер онлайн не кәдімгі дүкендердегі тауар мен қызметтерге төлеу үшін ұстағаны жөн. Сонда сізден қосымша комиссия ұсталмайды. Сонымен қатар, картаны ашарда төлем кестесіне назар салыңыз. Төлей алмаған жағдайда қанша айыппұл мен өсімпұл қосылады, келісімшартта не жазылған — оқып шығыңыз.  

Бонустар

Банктер кредит карта қолданушылары үшін адалдық бағдарламасын әзірлейді. Бұл дегеніміз — жаратылған ақшаның белгілі бір бөлігін қайтарып алу әдісі. Былайша айтқанда, бонустар. Сондықтан қай банктен карта рәсімдейтініңізді ойланғанда бонустық бағдарламаларына көз тастаған артық болмайды. Өйткені сол бонустар арқылы бірі коммуналдық төлемді, бірі мобайл төлемдерін төлеп, әжептәуір үнемдеп жатады. Кейбірі түрлі жерде бонус ұсынғанымен, шын мәнінде одан сізге келіп кетері болмауы мүмкін. Айталық, машинаңыз болмаса, жанар-жағармай бекеттеріне жеңілдік бергені не керек? Қай банктің клиенті болсаңыз, сол банктің мобайл қолданбасын жүктеп алғаныңыз жөн. Себебі сол жерде жаңалықтарды дер кезінде естіп тұрасыз. Айталық, сіз онсыз да балаңызға аяқ-киім алғыңыз кеп жүрсін. Ал сізде кредит картасы бар банк сол категория бойынша жасалған саудаға 20 пайыз бонус беріп жатуы мүмкін. Мұндайда сізге ол жап-жақсы олжа болады.

Ашайын демесем де, банк сыйлыққа берсе ше?

Кей банктер клиенттеріне кредит алғанда не дебет карта ашқанда сыйлыққа кредит карта ұсынып жатады. Менеджерлердің айтқанын екі етпей орындап, бірден қосуға асықпаңыз. Ол картаны қосу үшін мобайл қолданбадағы жеке кабинет арқылы немесе банкке телефон шалу қажет болуы мүмкін. Дұрысы, «тегін дүние екен, сыйлық екен» деп бірден ашып тастамаңыз. Өйткені активация жасалған соң сіз қолданып бастады деген желеумен қызмет көрсету ақысын ұстауы мүмкін. Сонда екң ортада кредит карта бойынша қарызға «батып» кетуіңіз мүмкін. Абзалы, сізге ол қаншалықты керек екенін ойлаңыз. Бұған дейін кредит картасыз өміріңіз жайлы болса, оның қажеті қанша? Ал енді ашуға бел буып тұрсаңыз, жоғарыда айтқан төрт мәселеге баса мән беріп, бәрін тыңғылықты қарап шығыңыз. Комиссия, пайыз, өсімпұл, мерзім — бәрі маңызды.     

  • Келісімшартты мұқият оқып шығыңыз. Оған келтірілген қосымшаларды да оқыңыз. Әр банктің ұсынысын саралап, біреуіне тоқталыңыз;
  • Қарызды уақытылы жауып тұрыңыз. Грейс-кезеңнен асырып алмағаныңыз өзіңізге жақсы;
  • Ақшаны қолма-қол шығарып алған тиімсіздеу. Сондықтан сол картамен есеп айырысып жүрген дұрыс;
  • Адалдық бағдарламаларын қарап шығып, өзіңізге ұнайтынын таңдап алыңыз. Сөйтіп бонус жинауды әдетке айналдырыңыз;
  • Кредит яки қарызды банк лицензиясынан айырылып қалса да төлеуіңіз керек болатынын ұмытпаңыз.
Сондай-ақ оқыңыз