2023 жылдан шағын және орта бизнесті тексеру қайта басталады:  кәсіпкерлер не дейді?

Жарияланды
Кәсіпкерлердің тексеріске дайындалуына жарты жыл бар

2023 жылдан шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеру қайта басталады. Бұған дейін ел президенті жарлығымен кәсіпкерлердің жұмысын барып тексеру, профилактикалық бақылау мен қадағалауға үш жылға мораторий енгізілген. Алайда алты айдан кейін бұл тексеріс қайта басталады, ал кәсіпкерлер дайындықты қазірден бастауы қажет.

Тексеру жұмыстары қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына да қатысты болады. Осы орайда Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының төрағасы Гүлнар Қатибаеваның айтуынша, қауымдастық Алматы қаласының мемлекеттік қызметтерімен бірлесіп ауқымды кеңес өткізеді. Ол жерде кәсіпкерлердің салық, санитарлық-эпидемиялық, сәулет-құрылыс, төтенше жағдайға қатысты қауіпсіздік және өзге де бағыттар бойынша дайындығы талқыланады. Қатибаеваның сөзінше, 2023 жылы шағын және орта бизнесті тексергенде бірқатар кәсіпкер айыппұл арқалауы әбден мүмкін. Оның алдын алу үшін жарты жыл ішінде кәсіпкерлер жұмыс барысындағы кемшілікті түзетіп, өз бизнесін 2023 жылға дайындай алады.

«Жалпы тексеру не үшін қажет? Бұл ең алдымен қоғамдық тамақтану орнына келетін қонақтың қауіпсіздігі. Сондай-ақ жауапкершілікті сезінетін мейрамхана, дәмхана иесі жақсы қызмет көрсетіп, жақсы өнім ұсынады. Мысалы, келген қонақ мейрамханаға барғаннан кейін астан уланғанын біледі. Ал осындай кезде мейрамхана иесі тексеру кезінде қонақтың мейрамханадағы тамақтан уланбағанын дәлелдей алады. Мүмкін келген қонақтың қандай да бір өнімге аллергиясы бар екенін немесе асты қорыта алмағанын дәлелдейді».

Гүлнар Қатибаева, Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының төрағасы

Қатибаеваның айтуынша, әр дәмханада арнайы журнал бар. Ол журналға күн сайын жаңа дерек енгізіліп отырады. Мысалы, денсаулық журналы. Ол жерде жалпы мәлімет, ғимараттағы және сырттағы температура туралы ақпарат бар. Арнайы журналға қай уақытта, қанша минут сайын жинау, дератизациялау, дезинфекциялау жүргізілгені және басқа да мәлімет енгізіледі.

Рестораторлар клубы қауымдастығының төрағасы кей кәсіпкердің шағын және орта бизнестің жұмысын тексеруге енгізілген мораторийдің уақытын ұзартуды сұрап отырғанын айтты. Алайда қауымдастық төрағасы мұның қажет шара екенін айтады. Себебі бюджетке қаржы түсіп, ол емханадағы қызметтің немесе қала не өңірлердегі инфрақұрылымның, жолдардың жақсаруына көмектеседі.

Сондай-ақ бұған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мораторийдің пандемия кезінде кәсіпкерлерге жақсы қолдау болғанын айтып, Үкіметке шағын бизнес пен микрокәсіпкерлерге тексерулер жүргізуге мораторийді 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзарту мүмкіндігін қарау туралы ұсыныс айтты. Олар дәл қазір мораторий мерзімін ұзартуға экономикалық негіз бар деп санайды.

Айта кетейік, бұған дейін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексеру, профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз