Баспана емес, бәрі қымбаттап жатыр ғой. Бірақ үй-күйсіз жүрудің азабын әр қазақ білер. Пәтерақыңыздың құны ұшып тұр. Одан да сол ақшаны түптің түбі өз меншігіңе қалай шаңыраққа құйған пайдалы. Осыны ойлаған әр адам алғашқы жарна жиып, мемлекет шығарған бағдарламаларға қатысып әлек.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мамыр айында баспана 2 пайызға (сәуірмен салыстырғанда) қымбаттаған. Бірақ наурыздағы динамикадан төмен. Дегенмен осы қымбаттаудың өзі инфляция деңгейінен жоғары тұр. Еске салсақ, мамырда жылдық инфляция 14 пайыз болған еді.
Соңғы бір айда жаңа пәтерлердің шаршы метрі 1,7 пайызға, 419,3 мың теңгеге дейін көтерілген. 2021 жылдың мамырынан бері есептегенде жылдық өсім 19,3 пайыз болыпты. Ал аренда құны сәуірден бері қарай 1,3 пайыз, шаршы метріне шаққанда 3,6 мың теңгеге өскен. Былтырғы мамырда аренда құны биылғыдан 22,8 пайызға арзан болыпты.
Бірінші несие бюросының жазуынша, соңғы бір жылда баспана бағасы 19,3 пайызға өскен. Жыл басынан бері 10,8 пайызға қымбаттаған. Пайыздар сорақы. Ай өткен сайын іріленіп, көлемденіп барады.
Осы орайда мемлекет баспана алу процесін барынша жеңілдету мақсатында бірқатар шараларды қолға алмақ. Соның бірі – «2022-2026 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы» аясында әлеуметтік әлсіз топтарға несие ұсыну жоспарланып отыр. Яғни, көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы бар, I және II топтағы мүгедегі бар отбасыларға, жетім балаларға 2 пайыздық ставкамен жеңілдетілген займ беру қарастырылған. Сондай-ақ міндетті табыс шегінсіз және 10 пайыздан аспайтын міндетті алғашқы төлемсіз өзге де кезекте тұрған азаматтарға 5 пайызбен несие берілмек.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, елімізде «2-10-20», «5-10-20» және «5-20-25» шарттарымен баспана алуға арналған жергілікті әкімдіктер кезегіндетұрған азаматтар үшін 2 және 5 пайыз мөлшерлемесімен тұрғын үйді несиелеудің жеңілдетілген бағдарламалары бар. Сонымен қатар биыл 18 сәуірде әлеуметтік топтар үшін тұрғын үй арендасын субсидиялау бағдарламасы да іске қосылды. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінген. Шамамен 70 мың азамат осы бағдарламаның шапағатын көреді деп жоспарланып отыр.
«Республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту үшін жергілікті бюджеттен 20 пайыз мөлшерінде қосымша қаржыландыру қажет. Яғни, жыл сайын республикалық бюджеттің шығыны 40 млрд теңгені құрайды және жергілікті бюджет шығыны – 10 млрд теңге» деп түсініктеме берген еді министрлік.
2022 жылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша берілген жалдау ақысын субсидиялау бойынша 19 285 өтінім келіп түсіп, соның 4750-і мақұлданған.
«10 117 өтініш қабылданбады. Бас тарту себептері әртүрлі. Олардың көпшілігі тіркеу кезінде СМС арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Өтінім қабылданбауының жиі кездесетін себептері: жеке куәлігінің жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі, өтінім берушінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің болуы, үй кезегіне тіркелмегені, Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызының болуы, оларға төлем талабы-өкімдерінің берілгені» делінген министрлік хабарламасында.
Бізде азаматтардың тұрғын үйді негізінен ипотека арқылы сатып алатыны белгілі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылдың наурызында ипотекалық займдар көлемі 2,2 пайызға артып, 3 528,6 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бергі өсім 6,2 пайызды құраған.
Қазір елімізде 22 банк жұмыс істесе, соның 9-ы ипотекалық займ береді. Олар –«Отбасы банк», «Қазақстан Халық Банкі», «Банк ЦентрКредит», Bank RBK, Altyn Bank, Банк Фридом Финанс Казахстан, «Нұрбанк» және Ислам банкі. «Еуразиялық банк» тек қана «7-20-25» бағдарламасы үшін ғана қарыз берсе, «Сбербанк Қазақстан» ипотека беруді тоқтатты. Жалпы, ресейлік еншілес банктің сектордағы жұмысының қазір қай тұрғыдан да тоқырап тұрғаны көпшілікке мәлім.
Арзан үйді ап қалатын тағы бір мүмкіндік – «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу. Биыл бұл бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 20 маусымнан басталып, тура бір айға созылады.
Бағдарлама қатысушылары 20 жылға 2 пайыздық ставкамен займ алады. Алғашқы төлем – 10 пайыз. Әкімдік кезегінде тұрған:
- Көпбалалы отбасылар;
- Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Толық емес отбасылар (неке бұзылғаннан бастап кемі 3 жыл өтуі тиіс)
өтінім бере алады.
Нұр-Сұлтан, Алматы және қала шетінде тұратын азаматтар үшін, сондай-ақ Шымкент, Ақтау, Атырау тұрғындары үшін займның максималды сомасы – 15 млн теңге болса, өзге өңір азаматтары үшін шекті сома – 10 млн теңге.