Жаңалықтар

Ернар ҚУАНЫШ, Admission consultant: Америкада оқу – қол жетпес арман емес

Шетелде білім алу туралы сұхбат

Шетелге оқуға түскісі келгенімен неден және қалай бастарын білмей жүргендер аз емес. Бұл процесті әркім өздігімен толықтай атқара алады. Десе де, дұрыс жолға бағыттаушы, мамандық не университет таңдауға көмектесетін компаниялардың көмегіне жүгінуге де болады. Guideline — сондай компаниялардың бірі. Негізін қалаушы Ернар Қуанышпен Америкадағы білім жүйесі, Қазақстандағы жоғары білім жүйесіндегі трендтер мен осы саладағы тенденциялар туралы тілдестік.

Фото: жеке мұрағаттан

Қазақстан нарығына кейінгі жылдары қосылған бағыт жайлы аз-кем айта кетсеңіз. Guideline қалай өмірге келді?

– Расында, елімізде бұл бағыт енді-енді күш алып келе жатыр. Мамандық, университетті қалай таңдау керегін, оған тапсыру жолы көрсетеміз. Компаниямызды Cambridge Dictionary-дегі Guideline деген сөзбен атадық. Түсіндірмесі «адамдардың белгілі бір нәрсені қалай істелуіне бағыт беретін ақпарат» дегенге саяды. Жобамыздың басты мақсаты — талапкерлерді әлемнің үздік университеттеріне білім алуға жетелеу. Неліктен бұл бағытты алдым? Өйткені бізде оқуға түсу туралы түсінік өзгеше. Мәселен, Қазақстанда көпшілігі жүрегі қалаған мамандықтан гөрі грантқа басымдық береді. Сөйтіп оқуға түседі де, ақыры не ұнамай оқудан шығып кетеді не әупірімдеп бітіріп шығып, ол мамандықпен жұмыс істемейді. Сондай болмас үшін әркім өзіне ұнайтын, қалаған мамандығы мен оқу орнына түскені жақсы. Бұл жолда біз бағыт беріп, көмектесеміз.

Шетелге оқуға арналған бағдарламалардың үздік үштігі қандай?

– Осы ретте мынаны атап өткім келеді. Америкада грантты қаржылай көмек деп атайды. Оның форматы да әр түрлі. Бізде грант деп оқуы толық төленетін, шәкіртақы беретін болса айтады. Ал АҚШ-та оқу түгелдей ақылы. Бірақ әр университеттің не мамандықтың ішкі бағдарламалары арқылы оқудың белгілі бір пайызын төлеп береді. Болмаса, толық төленіп, шәкіртақы беретін бағдарлама да көп. Өз басым шетелге түсуге арналған бағдарламалардың ТОП үштігіне «Болашақ», Fulbright және Chevening-ді жатқызар ем. Алғашқысына түсуге мүмкіндік мол. Өйткені бәсеке аз, қазақстандықтардың көбінде IELTS сынды емтихандардан жоғары балл жоқ. Ал енді «Фулбрайтта» бәсеке мықты. Айталық, 2000 адам тапсырса, соның ішінде 4-5 талапкердің ғана бағы жанады. Бұл бағдарламалардың мақсаты — білім алуға мүмкіндік беру. Бірақ оқу аяқталған соң міндетті түрде елге оралуыңыз керек. Осы бағытты алып жүргелі түсінгенім — грант табумен мәселе жоқ. Бастысы, кандидаттың мықты болуы мен сәйкес келуі ғана. Бұлай дейтінім, шетелде беделді арттыру үшін түрлі қор ашып, стипендиялар тағайындайтындар көп.

 – Оқуға тапсыруға ниетті талапкерлерден қандай тренд байқайсыз?

– Ең алдымен, ағылшын тілі деңгейі. Мұны мәселе қылуды шыны керек, түсінбеймін. Өйткені қазір тегін үйренуге мүмкіндік мол. Бір жылдары мынадай қызық тәжірибе жасап көргем. 2-3 адамға Elementary-ден Advanced деңгейге дейін өздігімен оқуға арналған силлабус тараттым. Сол бойынша бір жыл дайындалған қыз халықаралық емтиханнан 7 алып шықты. Байқаған екінші тренд — белгілі бір мамандықты оқысам деген ниеттен гөрі әйтеуір шетелге кету. Меніңше, магистратураға бірнеше жыл жұмыс істеген соң ғана тапсырған жөн. Өйткені бакалавриаттан кейін бірден кетсеңіз, өзіңізге нақты керегін білмеуіңіз мүмкін. Бұл өз басымнан өтті. Америкадағы білім жүйесі біздегі жоғары білімнен басқаша. Оқу тек таңертең тұрып, сабаққа барып қайту емес. Ол жақта академиялық мәдениет бөлек. Тапсырмаларды уақытылы тапсырып отыру керек, плагиатқа тексеріс, оқытушымен байланыс басқаша. Сондықтан магистратураға тапсырарда көз алдыңызда нақты бір көрініс болуы қажет. Үшінші тренд — мықты кандидат болса да, тапсыруға қорқақтайды. Мысалы ТШО секілді халықаралық компанияларда он жылдай істеген, бірақ жүрегі дауаламайды. Ал негізі нағыз сол мамандардың оқитын орны. Шетелде оқуды айдағы қол жетпейтін нәрсе көреді. Тағы бір байқағаным — қарапайым орта мектепті бітіргендер шетелге оқуға түсуді дүкеннен нан алып келгендей оңай деп ойлайды. Біле білсеңіз, Үндістан секілді елдерде талапкерлер Американың өзінен кредит алып, соны бірге-бір төлеп оқитындар бар. Міне, білім алуға деген құлшыныс пен көзқарас қандай?! Бізде «грант болмаса, бармаймын» деп шығады. Дегенмен біртіндеп бұл түсінік өзгеріп келе жатыр. Жұрт қазір шетелдік білімнің құндылығын түсініп келеді. 

«Америкадағы университетке түскім келеді» дейтін талапкер неден бастайды?

– Айтқандай, оқуға тапсыру процесі біздегіден басқаша. Шетелге түскісі келетін адам ең кем дегенде 6-8 ай бұрын дайындық бастауы керек. Шілденің соңында тапсырып, тамыздың басында нәтижесі шығады деген жоқ. Мысалы рейтиңде жоғары тұрған оқу орындарына тапсыру үшін тіпті бір жылдан бұрын қимылдауыңыз қажет. Айталық, 2023 жылдың күзгі семестріне түсу үшін 2022-нің қыркүйек-қазан айларында құжат өткізіп тастауға тиіссіз. Ол жақтағы қабылдау комиссиясыз ағылшын тілі деңгейін көрсететін тестті ғана емес, сіздің профайлыңызлы мұқият қарап шығады. Қандай адам, жетістіктері — осыларды ескереді. Яғни IELTS нәтижесі қосымша көрсеткіш қана демесе, негізгі рөл ойнамайды. Кеңесім — мамандықты дұрыс таңдау. Кез келген бір оқу орнын, кез келген мамандықты таңдай салмаған жөн. Алдымен профориентацияны анықтайтын тесттер тапсырса тіпті жақсы. Сонда өзіне нақты керегін түсінеді. Одан бөлек, магистратура — мамандық бағытын өзгертуге арналған мықты құрал. Мәселен, журналист болып жүрдіңіз делік. Кейін стартаптар, венчурлық капитал тақырыбы қызықтыра бастауы мүмкін. Міне, сондай кезде магистратура бағытын өзгерткен дұрыс. Бүгінде мамандықтың мың сан түрі бар. Өзіңізге нақты керегін таңдап алыңыз. Сосын атақты университеттің артынан қууды құптамаймын. Өйткені сізге керегі мамандық бойынша мықты білім алу. Мысалы, мұнай өндіруге қатысты мамандық бойынша оқытатын университет әлемдік рейтиңде басында тұрмауы мүмкін. Есесіне, дәл сол мамандықты үздік оқу орындарында оқытпайтын болып шығуы ғажап емес. Сондықтан ТОП-та ғана оқу керек деп шектелмеген жөн. Жалпы университеттердің ғана емес, мамандықтардың да рейтиңін шолып шығу қажет. Нақтылаған соң құжаттарды дайындауды бастайсыз. Көбі алдымен ағылшын тілі тестін тапсырып, тиісті балл алып алайын деп өзге процестерді кейінге қалдырып жүреді. Ал негізі параллель дайындай берген жөн. Университет талабына сай балл алдыңыз ба, уақыт өткізбей мотивациялық хат, ұсыныс хаттарды жолдайсыз. Біздің компания осы жолды жеңілдетеді. Яғни талапкермен тілдесіп, оған керегін табуға көмектесе отырып, жұмыстың 80 пайыз жүгін мойнымызға аламыз. Миындағы басы артық мәселеден арылып, алаңсыз тестке дайындалады. Қалай тиісті нәтижеге қол жеткізеді, бірден құжат тапсыруға кірісеміз.     

Интернет арақашықтықты жоқ қылып тастайтын күшке ие болып келе жатыр. Университеттегі оқудан гөрі бірнеше айлық онлайн курсты құп көретіндерге көзқарасыңыз қалай?

– Ақпараттық тұрғыдан алғанда, әрине бәріне онлайн қол жеткізуге болады. Десе де, тәжірибе жүзінде бәрі басқаша. Кейінгі кездері SMM, маркетинг салалары курс түрінде дамып жатыр. Бірақ әлем тек солардан тұрмайды. Одан бөлек дәрігер, инженер, биолог секілді мыңдаған мамандық бар. Міне, сол кезде дәстүрлі оқу жүйесі трендтен қалмайтынын түсінуге болады. Жалпы шетелдегі ТОП университеттер білімнен гөрі орта «сатады». Ол орта сіздің болашағыңызға белгілі бір дәрежеге әсер етеді.

Қазақстанда шетелге түсуге көмектесетін компаниялар арасында бәсеке қандай?

– Нарықта бұл салада ойыншы көп. Бірақ көбі орыс тілінде қызмет көрсетеді. Ұсынатын қызметі де, бағасы да түрліше. Бастан-аяқ жетелеуіне 250 мың теңгеден 2,5 миллион теңгеге дейін алады. Бағасы компанияның кейстеріне байланысты болады. Біз ортасын ұстанып, жас компания болғандықтан 450-500 мың теңге деп бекіттік. Нарыққа үлкен атаумен шығу үшін мықты бэкграунд керек. Бұл салада байқағаным конвейер секілді істейтіндер көп. Яғни бір мезетте көп адамды жетелеймін деп әр үміткерге индивиуал қарауға шамасы келмей жатады. Әлбетте, бір менеджер 30-40 адамның құжатын толтырса, сан көбейген соң сапа да ақсайды. Соның салдарынан she орнына he деп жазылып кету деген сияқты қарапайым қате кетуі мүмкін. Еш компания оқуға түсіп кетуге кепілдік бере алмайды. Өйткені бұл жерде маңыздысы — клиенттің профайлы. Кепілдік беру деген адам тартудың амалы ғана. Сондықтан біз әркімді жеке қарастырғанды жөн көреміз. Кейде тіпті өз қатты қалап тұрса да, шама-шарқына не жетістігіне қарап, басқа оқу орнын не мамандықты ұсынамыз. Мұның бәрі жақсы нәтиже үшін.