Жаңа облыстардың экономикалық потенциалы қандай?

Жарияланды
Бұл облыстарды құруға 12 млрд теңгені құрайды

Елімізде жаңадан үш облыс құрылды – Ұлытау облысы, Жетісу облысы және Абай облысы. Сөйтіп, әкімшілік аумақтар саны 17-ге жетті. Одан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының республикалық маңызы бар қала деген мәртебесі бар. Облыстар санының артуы аталған өңірлердің экономикалық дамуына серпін беруі тиіс. Өйткені облыс мәртебесін алғаннан кейін онда тұратын халықтың үміті мен сенімі бұрынғыдан да артады. Қордаланып жатқан қанша проблема, игерілмей тұрған қаншама потенциал бар.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жаңадан үш облыстың ашылуы 5 миллионға жуық азаматтың өміріне әсер етеді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын қоса есептегенде, үш өңірде 1,5 млн адам тұрады.

«Облыс орталықтарының мәртебесін қайтарумен Семей, Жезқазған және Қонаев қалалары дамуға жаңа серпін алады. Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе инвестициялар ағынын ұлғайтып, жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді» дейді министр.

Үш облысқа да таяуда әкім тағайындалды. Ведомство басшысының айтуынша, ендігі кезекте облыстық басқармалар құрылып, тиісті кадрлық тағайындаулар жүргізіле бастайды. Үкімет тиісті қаулыны қабылдап, қосымша бірліктер бөле отырып, қайта құрылған және жаңа құрылған облыстар аумағындағы әкімдіктердің штат санының лимиттерін белгілеген.

Қазіргі уақытта жаңадан пайда болған облыстарда орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің штат санын белгілеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Жергілікті атқарушы органдар құрылғаннан кейін өңірлер арасында бюджет пен коммуналдық меншікті бөлу жөніндегі жұмыс басталады.

Жалпы, жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттар бар. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жөндеу, жалға беру үшін қажетті бюджет қаражатының алдын ала көлемін анықтады.

«Алдын ала жалпы қажеттілік шамамен 12 млрд теңгені құрайды. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі ҚР бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралатын болады» деді ведомство басшысы.

Министр жаңа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің күтілетін өсу қарқынына да тоқталды.

«Абай облысы бойынша ЖІӨ көлемі – 2 трлн теңгеге дейін, Жетісу облысында – 1,1 трлн теңгеге дейін, ал Ұлытау облысында 1,3 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2022 жылы Абай облысы бойынша – 3,1 млн теңге, Жетісу облысы – 1,6 млн теңге деңгейінде болжанып отыр, ал Ұлытау облысы бойынша бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгейде болжанып отыр және 5,5 млн теңгені құрайды деп жоспарлануда» деп нақтылады.

Министрдің болжауынша, жаңа облыстардың пайда болуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оңынан әсер етуі тиіс.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының айтуынша, жаңа өңірлерде экономиканы әртараптандыруға басымдық берілуі тиіс.

«Жетісу облысының ашылуы оңтүстікте индустриаландыру процесіне оң ықпал етеді және урбанизациялық процестерді жылдамдатады. Абай мен Ұлытау облыстарын құру елдң оңтүстік-шығыстағы экономикасын қайта қалыпқа келтіру жолында өте маңызды. Ұлытау облысында адам ресурсы мен металлургияны дамытуға, Абай облысында индустриаландыруды дамытуға айырықша көңіл бөлінгені жөн. Сонымен бірге, кез келген әкімшілік-территориялық реформа территориялық-экономикалық байланыстарды нығайтып, жаңа қарым-қатынастарға жол ашады, өңір үшін тың мүмкіндіктерді көрсетеді. Жаңа облыстарда жеке бюджет болады. Ақшаны қайда жіберу керегін өздері жоспарлайды. Енді оларда байырғы потенциалды пайдалана отырып жаңадан экономикалық жаңашылдық істеуге мүмкіндік бар. Тағы бір фактор – әкімшілік-территориялық орталықтардың өзгеруімен Қазақстан картасында жаңа «экономикалық өсім орталықтары» пайда болды. Мұндай маңызды бастама өңірдегі іскерлік белсенділікті күшейтеді және инвестиция алып келуге ынта тудырады» дейді.

Сарапшының айтуынша, қазір аталған өңірлердегі ең күрделі түйткілдер – тозған инфрақұрылым, нашар жол, транспорт жүйесінің ескіруі. Жаңа инвестиция ағыны осы түйіндерді тарқатып, проблемаларды бұрынғыдан да тиімді шешуі қажет.

«Жаңа облыстарда инфрақұрылымды дамытумен қатар экономиканы әртараптандыруға байланысты кешенді шаралар қабылдау керек. Жетісу облысының үлкен ауылшаруашылық потенциалын ескере отырып, Талдықорғанды ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша ірі индустриалды орталық ретінде қалыптастыру мүмкіндігі бар. Жезқазған облысының түсті металлургияны дамытуға байланысты зор әлеуеті бар екені белгілі. Сонымен қатар, қаладағы жаңа әкімшілік мәртебені ескере отырып, жас мамандарды жұмыспен қамтудың перспективалық бағыттары ретінде экономиканың ІТ секторын, ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде электрондық коммерцияны құру және дамыту мәселесін пысықтау қажет. Кеңес дәуірінде Семей қаласын дамыту республика мал шаруашылығының шикізат базасында жеңіл (жүн өңдеу) және тамақ (ет өңдеу) өнеркәсіптері негізінде жүзеге асырылды. Бұл ретте тарихи мамандандыруды қалпына келтіру, сондай-ақ қаланың көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану (трансшекаралық ағындарды ескере отырып) мүмкіндігін қарастыру ұсынылады» дейді Құрметұлы.

Сондай-ақ оқыңыз